Бұқтырма су қоймасына көпір салынады

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасына көпір салынады. Бүгінге дейін алып нысанның техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобасы жасалып, сараптамаға жіберілген.

Жалпы құны 34 миллиард теңгеден асатын еліміздегі ең үлкен көпірді салуға осы салада әлемдік тәжірибесі бар бірнеше мемлекет ықылас білдіріп отыр. Көпір пайдалануға берілген жағдайда Қатонқарағай мен Күршім ауданы және Марқакөлдегі тұрғындар үшін қатынас мәселесі толық шешіліп, өңірдегі тасымал саласының әлеуеті әлденеді.

Бұқтырма су қоймасының сол жағалауындағы үш аудан халқының қатынасы қазір паромға тәуелді. Жаз бен күзде көліктерді жағаға екі паром тасымалдайды. Алайда қалқымалы өткелмен ауыр жүк көліктері мен әскери техникаларды өткізуде өзіндік қиындықтары бар.

Рашат Әбдірахманов, жүк көлігінің жүргізушісі: Желді күні жүрмей, 1-2 күн жатып қаласың жағада. Күздігүні мұз қатқан кезде бір паром жүреді. Қиындау, көп тұрып қаласың, сыймайсың. Машина көп. Келіп қайтқанға тіркемесімен «КамАЗ» көлігіне 50 мың шығады.

Паром арқылы бір айда 300-400 көлік тасымалданады. Ол үздіксіз жүріп тұруы үшін жылына 360 миллион теңге жұмсалады. Ал қыс айларында паром тоқтаған кезде көліктердің көбі мұз үстімен жүреді. Бүгінгідей желсіз күндері арғы жаға мен бергі жағаға паром 40 минут жүреді. Дауылды күндері мүлде жүрмей, тоқтап қалуы да мүмкін. Ал мұз қатқан соң және көктемде айналма жол арқылы қатынайды. Ол шамамен 200 шақырымдай болады. Көпір салу мәселесі соңғы 10 жылда айтылып келеді. Сондықтан өткен жылы атқарушы билік техникалық экономикалық негіздемесін жасап, биыл мамыр айында жобасын да дайындаған. Алып көпірдің ұзындығы 1500, ал ені 14 метр болады. Стратегиялық маңызды нысанға қаржы бөліп салуға Қытай, Үндістан, Түркия және Жапония мемлекеттері ұсыныс білдірген.

Мұрат Мұсатаев, облыстық жолаушылар тасымалы және автөкөлік жолдары басқармасының басшысы: Алдағы уақытта біз енді өзіміз мемлекет тарапынан, облыс тарапынан облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ең бастысы концессиялық тұрғыда жобаны іске асыру бағытын қарап жатырмыз. Екіншісі – ол таза инвестициялық қаражат тарту.

Егер Бұқтырма су қоймасына көпір салынса, Күршім мен Қотанқарағай ауданы және Марқакөл өңіріндегі тұрғындар жол азабынан біржола құтылады. Шаруалар өнімдерін облыс орталығында делдалсыз өздері саудалайды. Ең негізгісі бұл көпір стратегиялық маңызға ие.

Сейсенғазы Шоқаев, Күршім ауданының әкімі: Біз өзі шекаралас аймақ болғаннан кейін ҚХР-мен біздің ауданның шекарамен шеттесетін 300-ге жуық жері бар. Бұл жерде халықты ұстап қалу, жастарды тарту жағынан көпірдің стратегиялық маңыздылығы зор деп айтуға болады.

Көпір халықаралық стандарт бойынша екі жолақты етіп салынады. Нақты құрылысы келер жылы басталып, кезең-кезеңмен атқарылмақ.

Дереккөз24.kz
Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз