Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан парламенттік-президенттік басқару жүйесіне көшуі мүмкін

Ресейлік басылым Қасым-Жомарт Кемелұлының елдегі кезектен тыс өткелі отырған парламенттік сайлау, саяси жүйенің дамуы мен Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты қоғамның көңіл күйі туралы пікірлерін білген.

Сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстанның болашақта парламенттік-президенттік басқару жүйесіне көшетінін айтқан.

«Парламенттің рөлін күшейту процесі кеше басталған іс емес. Бүгінде парламент заң шығарушы қызметтен басқа, елдегі кадрлық саясатқа тікелей араласады. Президент премьер-министрді, Ұлттық банк төрағасын, бас прокурор мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын парламенттің келісім беруімен тағайындайды, Жоғарғы сот төрағасы мен судьялары, басқа да лауазымды тұлғалар депутаттардың келісімімен сайланып, қызметтерінен босатылады», — деген Тоқаев бүгіннің өзінде депутаттық корпустың елдің саяси өміріне белсенді араласатынын айтқан.

«Менің ойымша Қазақстанда парламенттің рөлі арта береді. Мұндай сенімділікке президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясы да себеп болып отыр. Біз Қазақстанда саяси реформалар есеппен, орта таптың қалыптасуы мен азаматтық қоғамның даму деңгейіне қарай жүргізіліп келеді деп санаймыз. Біз мемлекеттің эвалюциялық дамуын жақтаймыз. Сондықтан, Қазақстан болашақта күшті парламентпен бірге транспарентті және есепті үкімет әрекет ететін парламенттік-президенттік басқару жүйесіне көшетінін жоққа шығармаймын. Бірақ, бұл менің жеке болжамым. Ақырғы сөзді президент пен қоғам айтады», — деді Тоқаев.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға «Қазақстанда елдің еуразиялық интеграциялық процестерге және халықаралық институттарға қатысуына қатысты балама көзқарастарға ие саяси күштер бар ма?» деген де сұрақ қойылған.

«Аймақтық кооперацияларға балама – өзін-өзі оқшаулау. Мұндай перспектива халықтың кең көлемді қолдауына ие бола қоюы екіталай. Екінші мәселе – интеграция сапасы. Мысалы, Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысын Қазақстаннан басқа да ұйым мүшелері сынап жатыр. Бұл бірлестіктен халықаралық экономикалық ұйым ретінде күтілетін дүние көп. Сондықтан, дер кезінде ЕАЭО-ға мүше барлық елдердің мүддесін қамтитын іс-қимылдар алгоритмін жасау керек. Мемлекет басшылары кең өкілеттілік беріп отырған Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының маңызы да осы.

Сонымен қатар, алдыға ертерек озып кетіп, ЕАЭО жұмысын қиындататын бастамалармен де асығыстық жасамау керек. Интеграция азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, елдерді әлемдік экономиканың жетекші орындарына шығаруға қызмет етуі тиіс», — деген жауабымен Қ. Тоқаев ел ішінде Ресей бастаған экономикалық одаққа ешқандай наразылық жоқ деп бір-ақ кесіпті.

ДереккөзҚамшы