Назарбаев Университетінің орталықтары

Университеттің табысты болуы үшін басымды және жоғары сапалы ғылыми бағдарламалар өте қажет. Ғылыми зерттеулерді жүргізу университет бойынша оқытушыларды, сол сияқты ғылыми орталықтарды тарта отырып, бағдарламалар мен жобаларды үйлестіру арқылы жүзеге асырылады. Жетекші зерттеу университеттерінің үлгісі бойынша Университеттің оқытушылары ғылыммен айналысады, ғылыми зерттеулер бағдарламаларына тұрақты түрде қатысады, өз зерттеулерінің қорытындыларын жария етеді, сондай-ақ Университеттің қолдауымен әлемдегі зерттеу институттарымен және олардың қызметкерлерімен байланыс орнатады деп көзделуде. Оқытушылар Университеттің ішкі ғылыми гранттарының қолдауымен, сырттан гранттар тартуға жәрдемдесудің, сондай-ақ зерттеу басымдықтарының шеңберінде пәнаралық зерттеулер жүргізеді деп танылған бірқатар ғылыми зерттеу орталықтарының туындаған құрылымына негізделіп, олардың пәндеріне неғұрлым сай келетін тәсілдермен ғылыми зерттеулер жүргізе алады.

Ғылыми көшбасшылыққа қол жеткізу және Қазақстанның салған инвестицияларын ақтау үшін Университетке мына екі бағыттағы табысты зерттеулерді дамыту қажет: Университетке халықаралық деңгейде бәсекелесуге мүмкіндік беретін үлгілі зерттеулер, сондай-ақ қысқа мерзімді перспективада Қазақстанға және бүкіл әлемге өте пайдалы нәтижелер әкелетін зерттеулер. Университетте екі бағыт бойынша ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мен қолдау тетігі қарастырылған.

Университеттің ғылыми зерттеулері Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындаған негізгі басымдықтарға сай келетін болады. Оқытушылар мен ғалымдар осы басымдықтардың шеңберінде нәтижелерді іске асыру мақсатында зерттеу гранттарын алу үшін бәсекелеседі.

Назарбаев Университетінің оқытушылары мен зерттеушілері сыртқы көздерден гранттар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің гранттарын да алуға өтінімдер бере алады. Сыртқы гранттарға барлық өтінімер университеттік деңгейде қарауға ұсынылуы тиіс. Назарбаев Университетінің ғылыми кеңесі ұсыныстардың сапасын қамтамасыз ету және Университеттің қалыптасатын ғылыми беделін қолдау мақсатында халықаралық сараптамалық бағалаудан өткізу үшін сыртқы қаржыландыруға қатысты барлық ұсыныстардың берілуіне кепілдік береді. Университет ұсыныстарын тәуелсіз сараптауды америкалық сараптамалық бағалау агенттігі жүргізеді.

Кейіннен Назарбаев Университеті институционалдық даму және Университеттің ОПҚ мен зерттеушілері үшін «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтерді көрсететін Орталық ғылыми кеңсесінің мүмкіндіктерін дамыту арқылы ғылымды басқаруды және зерттеу қызметтерінің берілуін жетілдіретін болады.

Назарбаев Университеті іргелі, сол сияқты қолданбалы зерттеулерді жүргізу кезінде адамдар мен жануарларды пайдалануда этикалық нормалардың сақталатындығын мақтан тұтады. Осыған байланысты Назарбаев Университетінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен рұқсат етілген және халықаралық стандарттармен қабылданған, адамдар мен жануарлар пайдаланылатын зерттеулерді бақылау саясаты мен нормалары әзірленіп, оқыту ұйымдастырылды.

Институционалдық құрылым

Зерттеу жұмысының жоспарын әзірлеу үшін Университетке әлемдік деңгейдегі зерттеулерді тездететін және, атап айтқанда, Университет зерттеушілерінің танымал халықаралық зерттеушілермен және ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастығын жолға қоятын басқару жүйесін және әкімшілік қолдау құрылымын құру қажет. Назарбаев Университетінде ғылымды басқаруда Ғылыми кеңес бекіткен Қағидалар мен рәсімдер басшылыққа алынады. Өзекті міндет – Университеттің ғылыми орталықтары мен институттардың оқытушы-профессорлар құрамымен, Университеттің бакалавриат мектептерімен және болашақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру және кәсіптік білім беру мектептерімен толық интеграциялануын қамтамасыз ету. Толық интеграцияланған зерттеу Университеті студенттердің, оқытушылар мен ғылыми зерттеушілердің ішкі институционалдық шекараларда еркін әрі жиі алмасуын қамтамасыз етеді.

Университет сондай-ақ Университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен ғылыми қызметкерлерін зерттеу жүргізуге және идеяларын нарықта ұсынуға ынталандыру үшін зияткерлік меншік құқықтарын қорғау негіздерін әзірлейді. Үкімет жүргізіп отырған ғылыми зерттеулерді қаржыландыру тетіктерін жақсарту бөлігіндегі реформалар Университеттің зерттеулеріне қолайлы ықпал етеді. Мемлекеттік гранттарды алуға өтінімдерді қатаң және тәуелсіз сараптамалық бағалау жүйесін енгізу және зерттеулерді мемлекеттік қаржыландыруды өсіру Университеттің зерттеушілері мен оқытушыларына жаңа мүмкіндіктер береді.

Жаратылыстану ғылымдарындағы зерттеулер

Қазақстан Президентінің пайымдауына сәйкес Университет ғылыми, технологиялық және медициналық зерттеулерде көшбасшы болуы тиіс. Университет екі ғылыми-зерттеу орталығын, Өмір туралы ғылымдар орталығы (ӨҒО) мен Энергетикалық зерттеулер орталығын (ЭЗО) ашты. Бұл орталықтардың талапты ғылыми қызметкерлері бар, сонымен қатар олар Университет оқытушы-профессорлар құрамының кәсіпқойлығы мен құзыреттілігіне арқа сүйейтін болады. Оқытушы-профессорлар құрамы жүргізетін зерттеулер Дисциплинааралық инструменталды орталығында да қолдау табады. ЭЗО Назарбаев Университетінің Зерттеу және инновациялық жүйесі (Nazarbayev University Research and Innovation System, бұдан әрі – NURIS) болып қайта аталды, себебі бұл мекемеге қазіргі уақытта Университеттің ғылыми әкімшілік бөлімшелерін басқару жүктелді.

Энергетикалық зерттеулер орталығы

ЭЗО-ның миссиясы – Қазақстан Республикасында іргелі және қолданбалы энергетика, жаратылыстану ғылымдары және технологиялар саласын әлемдік озық ғылыми орталықтармен және компаниялармен әріптестікте дамыту жәнекоммерцияландыру. ЭЗО сондай-ақ білімді, ғылым мен өнеркәсіпті интеграциялау моделін жасай отырып, ұлттық ғылыми және инженерлік әлеуетті арттыруға ұмтылатын болады. ЭЗО-ның мақсаты – Орталық Азиядағы озық пәнаралық ғылыми зерттеу орталығы болу. Осы нәтижеге жету үшін ЭЗО АҚШ-тың «Ұлттық зертханасы» моделін қолдануды жоспарлап отыр, осы арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі, ұлттық және халықаралық ұйымдар ЭЗО-мен ынтымақтастықта жаһандық ғылыми және өнеркәсіптік проблемаларды шешетін болады.

ЭЗО-ның негізгі ғылыми басымдықтары жаңартылатын энергетика және тиімділік, жоғары энергия физикасы, материалтану және нано-ғылым, энергетикалық секторды модельдеу мен талдау және информатика сияқты бағыттарды қамтиды. Ғылыми жобаларды осы салаларда іске асыру Берклидегі Ұлттық Лоренц зертханасымен ынтымақтастықта басталды.

Өмір туралы ғылымдар орталығы

ӨҒО-ның миссиясы – тірі организмдердің табиғаты жөніндегі жаңа іргелі білімдерді қалыптастыру және осы білімдерді өмір сүруді ұзарту және ауру-сырқатты азайту үшін пайдалану. ӨҒО-ның мақсаты – биомедициналық зерттеулер мен инновацияға екпін бере отырып, зерттеу жобаларын орындау үшін қажетті ғылыми мүмкіншілік пен заманауи инфрақұрылымды жасау, сондай-ақ Қазақстанда биомедициналық өндірістің дамуына негіз салу. Осы зерттеулердің қорытындылары клиникалық медицинаның адам денсаулығын жақсартуға және өмір сүру ұзақтығына бағытталған ғылыми-негізделген диагностика мен нысаналы профилактика жүйесіне айналуына үлес қосады.

ӨҒО-ның басымдықтары трансляциялық медицина, табиғи қартаю үдерісі, жаһандық денсаулық сақтау, геномика және метагеномика бойынша зерттеулер, персоналдандырылған медицина, регенеративтік медицина және жасанды ағзалар, биоинженерия, жасушалық терапия және жасушалардың инновациялық технологиялары сияқты салаларды қамтиды. Осы зерттеу салаларын дамыту үшін тиісті зертханалар құрылады.

ӨҒО зерттеу басымдықтарын іске асыру үшін АҚШ-тың, Еуропаның, Жапонияның, Қытай мен Кореяның жетекші халықаралық ғылыми және білім беру ұйымдарымен (Питтсбург Университеті, Дьюк Университеті, Колумбия Университеті, АҚШ-тың Ұлттық денсаулық сақтау институты, Брайтон Университеті, Оксфорд Университеті, Лондон Университет Колледжі, Грац Медициналық Университеті, Мартина Лютер атындағы Университет, Ұлттық онкология орталығы, Хиросима Университеті, Пекин Геномды Институты, Сеул Ұлттық Университеті, ILCHUN Геномды Институты) бірлескен ғылыми жобаларды жасайды.

Әлеуметтік ғылымдардағы зерттеулер

Университет сондай-ақ іргелі зерттеулерден қолданбалы зерттеулерге дейін әлеуметтік ғылымдардағы зерттеулер аясының ұлғаюына ықпал етеді. Антропологиядағы, экономикадағы, тарихтағы, саясаттану мен әлеуметтанудағы ғылыми зерттеулерді Университеттің Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің оқытушы-профессорлар құрамы іске асырады. Сонымен бірге Университет мемлекеттік саясат саласындағы зерттеулерге бейімделген қарқынды бағдарламаны жүргізетін болады, осы арқылы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мүмкіндіктеріне қолдау көрсетіледі.

Зерттеулердің екі бағытын да қолдап, олардың дамуына ықпал ету үшін Университет Әлеуметтік-экономикалық даму институтын құруды жоспарлап отыр, оған әлеуметтік ғылымдар саласындағы бірнеше мамандандырылған ғылыми орталықтар кіреді. Осындай екі орталық қазір жұмыс істеуде. Қазақстанның білім беру саясатын барлық деңгейлерде қолдану жөніндегі бастамасын жүзеге асыру үшін құрылған Білім беру саясаты орталығы (БСО), Ұлттық талдамалық орталық (ҰТО) – бастапқыда Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан құрылып, 2011 жылдың басында Университет құрамына енген мемлекеттік шараларды талдауға бағытталған қолданбалы зерттеу орталығы. 2013-2014 жылдары ішінде қосымша кемінде екі орталық ашылады деп көзделуде, олар: Еуразиялық өңірлік зерттеулер институты және Бәсекеге қабілеттілік және өсіп-өну орталығы.

Білім беру саясаты орталығы

БСО-ның стратегиялық бағыттары – білімді, ғылым мен өнеркәсіпті интеграциялау моделін құру; менеджерлер мен оқытушылардың білім беруге қосатын үлесін жақсарту мақсатында оларды жаңа басқарушылық қабілеттермен қамтамасыз ететін кәсіптік дамыту және біліктілікті арттыру бағдарламаларын жасау, сондай-ақ кездесулер мен конференцияларды ұйымдастыруды қоса алғанда, негізгі әріптестермен ақпарат алмасуды ұйымдастыру және Жоғары білім беру мектебін құру. БСО Жоғары білім беру мектебінің зерттеу бөлімшесі болу үшін оның құрылымына айналады.

БСО білім берудегі көшбасшылардың жаңа буынын даярлау мақсатында Назарбаев Университетінің моделін Қазақстанның басқа университеттеріне таратуда, сондай-ақ білім беру саласындағы кадрларды оқыту мен қайта даярлауда жетекші рөл атқарады. Мысалы, 2011 жылдың күзінен бастап Университет БСО арқылы Лондон Университет Колледжімен бірлесе отырып қазіргі заманғы педагогикалық практика, оқу бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ ағылшын тілі бойынша орта мектептің 100-ге жуық мұғалімін даярлауға арналған бір жылдық кәсіптік даму бағдарламасын іске асыруға кірісті. Бағдарлама аяқталғаннан кейін қатысушылар Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінде сабақ беретін болады. Келесі кәсіптік даму бағдарламасы (Кэмбридж университетімен ынтымақтастықта) орта мектептердің 50-ге жуық мұғалімін сыни ойлау бойынша даярлайды.

Ұлттық талдамалық орталық

Ұлттық талдамалық орталығы бастапқыда басқарушыларға сапалы талдамалық қолдау көрсету үшін министрліктер мен агенттіктердің кеңесші орталығы ретінде құрылған. ҰТО мемлекеттік басқару және экономика саласындағы зерттеу жобаларын іске асыру арқылы мемлекеттік және жеке секторға консультациялық және талдамалық қызметтерді ұсынады.

Еуразия өңірлік зерттеулер институты

Еуразия өңірлік зерттеулер институтының мақсаты Университетті қазақстандық және халықаралық сарапшыларға Университеттің өңірлік ғылыми білімдерінің сапасын арттыруда, сондай-ақ Қазақстан және әлем бойынша ғылыми білімдер саласындағы халықаралық байланыстарды жолға қоюда басты рөл атқаруға мүмкіндік беретін, Орталық Азия және еуразиялық зерттеулердің озық ғылыми-инновациялық орталығы ретінде қалыптастыру болып табылады.

Бәсекеге қабілеттілік және өсіп-өну орталығы

«Қазақстан-2030» және «Казақстан 2050» стратегияларына сәйкес Қазақстан табысы жоғары деңгейдегі елдер рейтингіне ену бойынша басым мақсатты алға қояды. Университет осы мақсатқа қол жеткізуге белсенді атсалысады. Осы мақсатты іске асыру үшін Университет Бәсекеге қабілеттілік және өсіп-өну орталығын құруды жоспарлап отыр, оның қызметі бастапқы кезеңде әлемдік құндылықтар тізбегін талдаудағы жоғары ғылыми даму деңгейіне бағытталады.

Бәсекеге қабілеттілік және өсіп-өну орталығы әлемдік құндылықтар тізбегін талдау саласындағы белсенді жұмысының негізінде Астананың инновациялық орталыққа айналуындағы маңызды элемент болып табылады. Бәсекеге қабілеттілік және өсіп-өну орталығының қызметкерлері ғылыми жаңалықтарды коммерциялық бәсекеге қабілетті өнімге айналдыруда көмек көрсету үшін ғылыми орталықтар мен Интеллектуалдық-инновациялық кластердегі әріпестестерімен тығыз байланыста жұмыс істейтін болады.