Ерке Есмахан, әнші: «Алло» әнінің жалғасы бар

– Кейбір әншілер табиғатына сай ән таба алмай жүрсе, енді бірі бір ғана әнмен танымалдылыққа ие болады. Өнер жолында сіздің бағыңызды ашқан қай ән?

– Мүмкін, менің жұлдызымды жаққан, қазіргі тілмен айтқанда, хит әннің бірі «Алло» шығар. Бірақ мен ең бірінші халыққа «Іңкәр» тобының солисті ретінде танылдым. Кейін жеке шығармашылықпен айналысу үшін үзіліс алып, сахнаға Ерке Есмахан болып жеке шықтым. Сол кезде Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған Болат Қохамановтың «Айша бибі» әнін орындадым. Сондықтан менің бағымды ашқан бірден-бір ән «Айша бибі» дер едім. Әрине ары қарай іздену, алға қарай талпыну мен еңбектің нәтижесінде өмірге көптеген жаңа әндер келіп, бейнебаяндар түсірілді. Алайда екі жылдан кейін басыма бақ болып «Алло» қонды. Бұл ән халық арасында лезде тарап, сұранысқа ие болды. Қазір хиттің дәмін сезініп жатырмын (күліп).

– Шындығында, «Алло» – Youtube-та аса танымал, хит бейнебаяндардың бірі. 4 миллионнан астам қаралымға ие болған аталмыш ән халық арасында тез тарап, қызығушылық тудырды. Осы әннің шығу тарихына тоқталып өтсеңіз…

– Төреғали екеуміз бір тойда жолығып қалдық. Оралдан түсіп, ары қарай бір ауылға бара жатқан кезде танысып, біраз әңгімелестік. Бір кезде Төреғали: «Күзде Астана қаласында жеке шығармашылық кешімді өткізу ойда бар. Осы күнге дейін тек жігіттермен дуэт айтыппын. Қазір саған ұсыныс жасағым келіп отыр. Бірге ән айтайық», – деді.

Мен: «Жарайды, екеумізге жарасымды әнді сен ғана таңдай аласың ғой», – дедім. Сосын ол ән тапқанда хабарласатынын айтты. Осылайша арада біраз уақыт өткен соң Төреғали хабарласты. Сөйтіп, студияға барып тыңдап көргенде маған қатты ұнады. Сол жерде-ақ ақындармен хабарласып, сөзін жаздырдық. Түнімен студияда отырып әнді өңдедік. Бұл – Төреғали екеуміздің қабылдаған шешіміміз. «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» демекші, Алланың бұйырт­қаны болар. Қолымыздан келгенше Төреғали Төреәлі мен Ерке Есмахан атына сай еңбектендік. Продюсерім Баян Мақсатқызымен ақылдастым. Ол кісі бізді құптады. Сосын Баян Мақсатқызын Төреғалимен таныстырдым. Ол продюсері, әкесі Төреәлімен таныстырды. Бейнеклиптің мәселесін продюсерлеріміз өзара шешті. Идея Баян Мақсатқызынікі. Осылайша ән жазылып, бейнеклип түсірілді. Менің туған күнімнің қарсаңында көк жәшікке жол тартты.

Ертесіне таң атпай Төреғали:

«Ерке, не болып жатқанын білесің бе? Ән халықтың көңілінен шықты!»

деп мәз болып хабарласты. Ұялы телефоныма қарасам, үздіксіз хабарламалар, қоңыраулар мен құттықтаулар келіп жатыр. Екеуміз өз көзімізге өзіміз сенбей, қатты қуандық. Осылайша бейнебаянымыз екі аптаның ішінде 1 миллион, екі айдан соң 4 миллионнан астам қаралымға ие болды. Содан бері қаншама ұсыныс­тар, шақыртулар толассыз түсіп жатыр. Ең бірінші «Алло» Төреғалидың Астанада өткен «Ұлы дала баласы» атты жеке шығармашылық кешінде орындалды. Алматыдағы концертке әнді жазып үлгере алмай қалдық. Сахнаға әннің атын хабарламай, тек музыкасын қойып шығып едік, енді сол жерде халықтың ықыласын көрсеңіз… Біз бір-бірімізге қарап, қуанышымызда шек болмады. Халықтың ықыласына бөлену деген ерекше сезім, айтып жеткізе алмайсың. Концерт аяқталатын уақыт таяп, қоштасып жатса, «жоқ, тағы бір ән» дейді, «Қандай ән?» деп Төреғали сұраса, халық «Алло» деп айқайлады. Сосын «Аллоны» екі рет орындадық. «Өсіретін де, өшіретін де – халық», сондықтан халқыма өте ризамыз. Бұл – Төреғали екеумізге Алланың бақ қылып бергені. Өз басым барға да, жоққа да шүкіршілік етемін. Өйткені жоқ кезді де көрдім. «Өнер жолы – ауыр жол» деп айтып жатамыз. Сондықтан бәріне шүкіршілік етемін.

– Қазіргі кезде сіздерді өмірде жұп деп жүргендер көп. Тіпті Төреғали сізге арнап өлең де шығарыпты. Осы әңгіме қаншалықты рас?

– Біз жаспыз. Бір-бірімізбен қалжың­дасып, ойнаймыз. Екеуміздің орындайтын әніміз де – қыз бен жігіттің арасындағы әңгіме. Бірде бір тойда әнімізді орындап, жақсы көңіл-күймен шықтық. Сосын Төреғали: «Суретке түсіп, әлеуметтік желіге салайын», – деді. «Жарайды, өлең шығарасың ба онда?» – дедім. Ол да ойланып отырып «Осы қызды келін қып алар едім» деп жазып жіберді. Осылай жазғаны дұрыс болды. Әйтпесе ойыннан өрт шығар еді. Шындығында, екеуміздің арамыз­да шынайы достық, бір-бірімізге деген жанашырлық. Төреғали «Саған ақыл айтатын адаммен емес, идея айтатын адаммен дос бол» деп әзілмен айтқан. Сондықтан Төреғали – әрдайым маған жанашырлық танытатын, ақылдасатын досым. Артық ештеңе жоқ. Жұп болып жатсақ, оны бірінші халық естиді ғой (күліп). Инстаграмда «Жарасымды жұп» деп көп жазады. Сосын бір-бірімізді көргенде «Менің жарасымды жұбым, қалайсың?» деп әзілдесіп жатамыз. Әрине, бұл халықтың әнді шынайы қабылдағанынан кейін туған ой шығар.

– Баян Мақсатқызы бір сұхбатында «Ерке екінші планда қалып қоя беретін» деп айтқаны бар. Сол кездерде іштей қынжылып, өнерден қол үзгіңіз келген кездер болды ма?

– Жоқ, ешқашан. Жолым болмай қалған кездерді ешкімнен көрмеймін, бәрі өзіме байланысты. Демек, мен әлі де жұмыс істеуім керек деп өз-өзімді шыңдайтынмын. Баян Мақсатқызы жақында маған: «Ерке, танымалдылық біреуге тез келеді де кетеді. Сенікі сондай бір ерекше танымалдылық, ерекше сезім, ерекше хит болды. Сенің сабырлығыңа, күткеніңе берген дүние болды. Сен енді жұлдыз болып, ауырып қалма», – деп еді. Шынымен де, тек Қазақстанда ғана емес, Қырғыз­станда, Моңғолия, Өзбекстанда және т.б. елдерде тыңдалып жатқан ән. Сонда «Қашанда сіз маған, мен сізге сендім. Бір-бірімізге деген сеніміміздің арқасында жетістікке жетіп отырмыз. Сондықтан да сіздің жақсылығыңызды ешқашан ұмытпаймын» деп айтқан болатынмын. Өйткені білім алып, үлкен сахнада өнерімді паш ететін кезде маған бұйырған Баян Мақсатқызы. Егер Баян Мақсатқызы сол кездері көп көңіл бөлмеген болса, жобаларының көптігінен шығар. Қазір Баян Мақсатқызында мен жалғызбын. Жеке жоба, жеке әнші мен ғана. Бұрынғы қыздардан бүгінде ешкім жоқ. Баян Мақсатқызымен, Бағым Мақсатқызымен өте жылы қарым-қатынастамыз. Алда үлкен жоспарлар бар. Мен осының бәріне мың да бір тәубе деймін. Өйткені еңбекпен келген дүниенің жемісі өте тәтті болады екен.

Сұхбаттасқан Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ
(Жалғасын «Жастар үні» журналының №3 санынан оқи аласыздар)

ДереккөзАрхар сайты