Астананың 20 жылдығына орай пошталық марка шығарылмақ

«Осыдан 20 жыл бұрын — 1997 жылдың 10 желтоқсанында ел астанасын көшіру туралы шешім қабылданды және содан бері көп нәрсе өзгерді.  Аз ғана уақытта Сарыарқаның төсінде ертегідегідей әсем қала бой көтеріп, әлемнің үздік астаналарының қатарына еніп үлгерді.  Әрине, Қазпошта да ел өміріндегі аса маңызды мерейтойлық шарадан тыс қалмайды», — деді «Қазпошта» АҚ пошталық қызметтер бойынша атқарушы директоры Сәуле Егембердиева Астана әкімдігінде өткен шарада.

Оның айтуы бойынша, 2018 жылы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы құрметіне арнайы марка шығарылатынын хабарлады.

«2018 жылы қала күні қарсаңында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған марка шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазір дизайн және тираж мәселелері талқылануда», — деп атап өтті ол. Сәуле Егембердиеваның айтуынша, арнайы штемпельмен мөр басылған естелік конверттер филателистер үшін өте маңызды. «Марка — кез келген мемлекеттің визиттік картасы іспеттес. Еліміздегі Филателистер одағының мүшелері Қазақстанда шығарылған маркалар мен конверттерді өзге мемлекеттердегі филателистермен ұдайы бөлісіп отырады.  Нәтижесінде біздің елімізге, тарихымызға, табиғатымызға, барлық құндылықтарымызға арнап шығарылған маркалар Қытай, Бразилия сынды көптеген елдерге жетті. Осылайша, филателистер арқылы  елімізді әлемге насихаттаудамыз», —  деп түйіндеді сөзін Сәуле Егембердиева.

Еске салайық, 1997 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ел астанасы ресми түрде Алматыдан Ақмолаға көшірілді. 1998 жылдың 6 мамырында Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді.

ДереккөзInform.kz