Қазақстанда коммуналдық қызмет ақысы соңғы 5 жыл ішінде барынша қымбаттаған. Биылғы жылдың қараша айында өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің құны, сондай-ақ су, электр энергиясы, газ және жылу тарифтері бірден 8,1% -ға өскен. Былтыр осы кезеңде елімізде коммуналдық қызмет бағасы 6,9 %-ға өскен еді.
Осы жылы ыстық су, газ және жылуға тарифтер өскен. Ыстық су бағасы 11 айда 14,9%-ға өскен. Бүгінгі таңда қазақстандықтар ыстық суға орташа есеппен 1 куб.м үшін 237 теңге төлейді.
Елімізде 2017 жылы қаңтар-қараша айларында газ тарифі 10,6%-ға қымбаттаған екен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 7,5% болған еді.
Тарату желілері арқылы тасымалданатын табиғи газдың орташа алғандағы тарифі 18,4 теңге, 1 кг сұйылтылған үшін — 148,75 теңге болады.
Жылу тарифтері де қалыс қалмапты. Осы жылы жылу 9,6%-ға өскен екен. Бұл қызмет үшін қазақстандықтар 1Гкал үшін 3,9 мың теңге төлейді.
Еліміз бойынша коммуналдық тарифтер үшін баға ОҚО қарқынды өскенін байқауға болады. Мұнда тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің құны бірден 19,2%-ға өскен. Назар аударатыны өңірлерде былтырғы жылмен салыстырғанда қызмет көрсету құны 2 есеге өскен. 2016 жылы 11 айда қызмет көрсетудің мұндай түрлері 8 пайызға өскен. Қызылорда өңірінде су мен электр энергиясы үшін баға соншалық қымбаттай қоймаған екен. (+2,7%)
Алматы қаласында коммуналдық қызметтің ақысы 5,1%-ға өссе, Астана қаласында 5,9%-ға өскен екен. Былтыр еліміздің бас қалаларында бұл көрсеткіш 3,7% және 4,7%-ды құраған еді.