Биыл еліміздің бас қаласында алғаш рет Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйытқы болуымен «Астана Дарыны 2017» байқауы өтпек. Ол ғылым, заманауи шығармашылық және өнер, журналистика, қоғамдық қызмет, спорт, театр және өнер, эстрада, жастар саясаты бағытын ұстанған ҮЕҰ, әлеуметтік саланың үздік қызметкері, өндірістің үздік жұмысшысы, жас кәсіпкер, жыл студенті, жыл волонтері, ерлігі үшін, үздік мемлекеттік қызметкер сияқты 15 аталым бойынша дарынды азаматтарға анықтап, оларға қолдау көрсетуге бағытталған.
Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы мәлімдегендей, жоғарыда аталған байқауға қатысуға 14-29 жас аралығындағы 200-ден астам жас азамат өтінім білдірген.
Байқаудың қазылар алқасы жеңімпаздарды қараша айының соңына дейін анықтайды.
Ал жеңімпаздарды марапаттау рәсімі ҚР Тәуелсіздігі қарсаңында өтпек. Мерекелік шара барысында жас дарын иелерінің алдында Қазақстан эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетеді деп күтілуде.
«Астана Дарыны 2017» байқауының жалпы жүлде қоры 2 250 000 теңгені құрайды. Жүзден жүйрік атанғандар дипломдармен, арнайы статуэткалармен, логотиптелген қол сағаттармен және Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының арнайы сыйлығымен марапатталады.