Қызылорда облысының тумасымын. 2011 жылы мектепті бітірген соң, Қорқыт ата атындағы университетке оқуға түстім. Мектепте жақсы оқыдым, бірақ ата-анамның ақылымен инженер мамандығын таңдадым. Шыны керек, осы күнге дейін бітірген мамандығым бойынша жұмыс істеп көрмеппін. Қолымда дипломымның сырты бар, іші жоқ (күліп). Басқа саламен айналысып кеткен соң, дипломды қажет еткен жоқпын.

1-курс оқып жүргенімде, мейрамханада даяшы болып жұмыс істедім. Сөйтіп, күнделікті жүріп-тұруыма керек қаражатты тауып жүрдім. Өзіңіз де білерсіз, барлық мейрамханаларда жедел фотографтар болады. Бір күні мейрамханамызда жұмыс істейтін фотограф түсірілімге келе алмайтынын айтып, орнына шыға тұруымды өтінді. Қолақысына 3000 теңге беретінін айтты. Салыстырып қарасам, фотографтың бағасы даяшылыққа қарағанда екі есе көп, әрі жеңіл, шаршамайды екенсің. Осылайша, 2-3 ай жедел фотограф болып, күнде кешкісін 4-5 сағат жұмыс істеп жүрдім. Уақыт өте келе фото түсіруге қызығушылығым арта бастады. Әділғазы есімді досым фотостудиясы бар кісімен таныстырды. Сол кісінің қарамағында бір жыл, кейін «Әділет» студиясында төрт жыл жұмыс істедім.

Нұрым Бижанов

Қалада перспектива бар

Қызылордада қалып қойсам, ары қарай кәсіби тұрғыда өсе алмайтынымды түсіндім. Өзім білгілеген деңгейге жеттім. Мұнда маған келесі қадам жоқ сияқты болып көрінді. Студияда болсын, басқа да тапсырыстармен күнде түсірілімге шығамыз. Бір айда 30 күн болатын болса, 40 күн той түсірген кездерім болды. Өзімді шығармашылық жағынан дамыту туралы ой келе бастады. Содан 2016 жылы арман қуып Алматыға келдім. Қалада перспектива бары анық байқалады. Осында бір жыл жұмыс істегеннен кейін, 2017 жылдың 8 тамызында фотостудиямызды аштық. Студияның ашылуына Қызылордадан анам және достарым келді.

Алғашқы қадам

Кедергілердің барлығы қаржыға келіп тіреледі. Бір жылдың ішінде студияны қалай ашқанымды өзім де білмеймін. Бәлкім, жастықтан болар, алда не күтіп тұрғанын болжай алмадық. Қандай-да бір қиындықтар кездеседі деп те ойлаған жоқпыз. Осындай кәсіпті қолға алуды қаладық. Ол мақсат орындалды. Ең бастысы, Алматыдағы нарық Қызылордаға қарағанда мүлдем басқаша. Қала үлкен мегаполис болғандықтан, адамдардың жағдайларын да бір-бірімен салыстыруға келмейді. Екі қаланың ұсынатын қызмет түрлері де өзгеше. Алматыда қалай ақша аласың, соған сай жұмыс жасайсың. Клиент көп ақша береді ме, көп нәрсе талап етеді.

Нұрым Бижанов
Фотостудияның ашылу салтанаты

Адамның істегенін адам істейді

Фотограф болып жұмыс істеп жатқаныма 6 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында компьютерге отырып фото өңдемеппін. Бірақ студия ашқалы оның бәрін өзім жасауға тура келді. Бұрын тек суретке түсіріп, оны өңдеуге уақытым болмайтын. Суреттерді өзің өңдеудің пайдасы, фотограф түсірген нәрсені дизайнер сезінбейді. Ол өзінің идеясымен өзгертіп тастауы мүмкін. Мұндай жағдайдан кейін әдемі туынды шықпайды. Фотограф кадрды қай жағынан алғысы келеді, оны өңдеген кезде де нені, қандай эффекті қосу керектігін біліп отырады. Фотоөңдеудің кәсіби маманы болдым деп айта алмаймын. Қазір оның қыр-сырын үйрендім. Барлық суреттерімді өзім түсіріп, өңдеп отырамын. Адамның істегенін адам істейді. Үйренемін дегенге интернеттен бәрін тауып алуға болады. Оның еш қиындығы жоқ.

Нұрым Бижанов

Жұлдызды фотосессия Қызылордадан басталды

Көп адамдар «Эстрада әншілерінің басым бөлігі неліктен сізді таңдайды?» деген сияқты сұрақтарды жиі қойып, жекеге хаттар жазып жатады. Бұл нәрсе бәріне қызық. Мұны Алланың берген бағы деп түсінемін. Жұлдызды фотосессия Қызылордадан басталды. Қай әншінің әні хит, сол әнші қаламызға жиі келетін. Мысалы бүгін той түсіріліміне шықсам, ол жерге Төреғали Төреәлі немесе Қайрат Нұртас келуі мүмкін. Соларды суретке түсіріп, кейіннен араласып кетесің. Оларға фотосессия жасасам, әлеуметтік желіге жарнама жасап жібереді. Осылайша Алматыға келгенде де, танымал болуыма әншілердің үлестері басым болды.

Фото — тарихта қалатын жалғыз дүние

Фото — тарихта қалатын жалғыз дүние. Сол арқылы адам өмірін кейінгі ұрпаққа насихаттай аласың. Фотоны бизнес үшін қолданатындар және осы салаға өмірін арнаған фотографтар бар. Біздікі — таза бизнес. Халыққа өзіңнің сапалы қызметіңді ұсыну. Мені көбіне «Бижанов» деп таниды. Есімім Нұрым десем, «Қай Нұрым?» деп танымай жатады. Суреттерімде «Бижановтың туындысы» деп ажырата алатындай бір ерекшелік болғанын қалаймын.

Нұрым Бижанов

Бизнесте адамдармен тіл табысу маңызды

Момын болсаң, көп мүмкіндіктерді жіберіп аласың. Егер ұяң болатын болсам, дәл осындай дәрежеге жетіп, шоу бизнесте жүрмес едім. Құрдастарыммен өте сирек кездесемін. Көбіне өзімнен 5-8 жас үлкен, әкемнен екі жас кішкентай ағаларыммен көп араласамын. Абайдың «Ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сиясың!» деген сөзі бар ғой. Шынымен де, қандай ортада жүресің, соларға қарап бой түзеп, қалыптасасың. Ата-анам ашық-жарқын, көпшіл адамдар. Табиғатымнан кез-келген ортаға барып тіл табысып кете аламын деп айта аламын. Осы қасиетім фотобизнесте табысты болуға көп көмектесті.

Қас-қағым сәттер қайталанбайды

Әр саланың өзінің қиындықтары болады. Фотографтар үшін ең қиыны — түсірген суретіңді өшіріп алмау. Себебі техникаға сенім жоқ. Мәселен біреудің қанша жыл армандап күткен қуынышты сәтін түсіресің. Соның бәрін ойлағанда үлкен жауапкершілікті сезінесің. Егер фотосессияның суреттері өшіп қалса, адамды қайта шақырып түсіре аласың. Ал қас-қағым сәттер қайталанбайды.

Ақырын бірақ үзіліссіз…

Жеке кәсібі бар адамдардың басқалардан айырмашылығы — уақытын қалай басқару өз еркінде болуы. Оларда стандартты график болмайды. Алдағы күндерді жоспарлағанда бір істі бастадың ба, тоқтамау керек. Ақырын болса да, үзіліссіз жасалып тұруы керек. Өмірде осы принципті ұстанамын. Жұмысыңды ұнатсаң, сол істің сені алға қарай жетелейтініне сеніп тұрсаң, әрекет етуден талмайсың. Біреуге пайдаң тигенін білсең, одан да көбірек жұмыс істеуге күш аласың.

2018 жылы әнші Әбдіжаппар Әлқожамен жаңа жобалар жасауды қолға алып жатырмыз. Командама бұл сфераға мүлдем қатысы жоқ балаларды жинадым. Қазір жастарды қалай ыңғайласаң, солай ыңғайыңа келеді. Оларға мультимедианың қыр-сырын үйреткіміз келеді. Не дегенмен, кәсіби фотограф әуесқой фотографтан ерекшеленіп тұрады.

Қазіргі уақытта әлеуметтік желіге сурет салу үшін де, адамдар кәсіби суретке түседі. Сол себепті фотографтар алдағы онжылдықта жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

3 пікір

  1. Жарайсын, Нурым! Жумысына саттилик тилеймин!!!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!