Басты бетОралда еріктілер...

Оралда еріктілер балы өтті

Салтанатты шараға арнайы шақырылған Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов қатысушыларға ыстық ықыласқа толы ізгі лебізін арнады.

-Күні бүгін қаламызда 90-ға жуық жастар ұйымдары жұмыс істеуде. Солардың әрқайсысы азаматтық қоғамның дамуына өздерінің лайықты үлестерін қосып жүр. Біз, әсіресе, түрлі қайырымдылық шараларының басы-қасынан табылатын белсенді жас волонтерларға айрықша ризамыз. Қиындыққа душар болған адамға риясыз қамқорлық жасау ол ізгіліктің, жанашырлықтың белгісі. Жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеніп оралсын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді М.Нұржанов.

«Батыс — Қамқор» ЖҚБ төрағасы Әділет Берікқалиевтің айтуынша, шара Орал қаласы жастарының арасында еріктілер қозғалысын насихаттау және жыл бойы атқарған жұмысты қорытындылау мақсатында қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік тапсырысы аясында өткізілген. Жалпы, «Батыс-Қамқор» жастар қоғамдық бірлестігі, негізінен, жас буын өкілдерінің уақыттарын тиімді өткізуі мақсатында қайырымдылық, қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады.

-Биылғы балға жыл бойы ардагерлерге, əлеуметтік әлжуаз топ санатындағы азаматтарға көмек көрсету, балалар үйінде, қарттар үйінде қайырымдылық концерттерін ұйымдастыру сияқты түрлі əлеуметтік шараларға белсене қатысқан еріктілер шақырылды, — деді Ә.Берікқалиев.

Тал бойларына аққудай аппақ көйлектері жарасқан бойжеткендер мен смокинг киген салмақты бозбалалар әсем әннің әуенімен дөңгелене би билеп, тамашалаушы қауымға тамаша көңіл-күй сыйлады. Әуезді кештің аяғында бал кешінің Ханзадасы мен Ханшайымы анықталып, оған Темірлан Серіков пен Әйгерім Кереева жұбы лайық деп танылды. Шара барысында қаламыздың ең белсенді волонтерлары және жастар қоғамдық бірлестіктерінің жігерлі мүшелері Орал қаласы əкімінің алғыс хаттарымен және арнайы жасалған статуэткалармен марапатталды.