Rio 2016 Рио Қазақстан

Қазақстан спортшылары қазірге дейін, XXXI жазғы Олимпиада ойындарына 46 жолдама алып үлгерді. Әлі алдағы уақытта көптеген жолдамалар сарапқа салынатын «бәйгелерде» бұл көрсеткішті еселей түседі деген сенімдеміз. Себебі, бұған дейінгі Олимпиада ойындарына елімізден ең кемінде тоқсан спортшыдан кем барған кезі болған жоқ. Тәуелсіздік алған жылдардан бергі басты додаға қатысқан спортшыларымыздың санына көз жүгіртсек, әр төрт жыл сайын спортшылар мен жолдамалар саны біртіндеп өсіп отырғанын байқауға болады. Соңғы Лондон олимпиадасы кезінде ел намысын спорттың 20 түрінен 115 спортшы қорғады. Биыл да жолдамалар санын осы көрсеткішке жеткізу көзделіп отыр.

Алайда, бізге ең маңыздысы жолдамалар саны емес, спортшылардың сапасы екенін басты назарда ұстауды ұмытпағанымыз абзал. Лондон олимпиадасынан бері төрт жыл өтсе де сол кездегі Қазақстан спортшыларының жарқын жеңісі әлі де көз алдымызда. Тарихымызда бұрын-соңды болмаған жетістікке жеткен еліміздің спортшылары 200 мемлекеттің арасында 12-орын алғанда қай қазақ бөркін аспанға атпады?! Содан бері біраз уақыт өтті. Енді биылғы Рио олимпиадасында кімдердің бағы жанып, жасындай жарқырайтыны әзірге беймәлім. Десе де, Бразилия төрінде қазақ елінің намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырының биік сатыларына көтерілетін ұл-қыздары шығатынына сенімдіміз.

Себебі, біздің еліміз Тәуелсіздік алған кезден бері бес Олимпия ойындарына қатысып, жүлдесіз қайтып көрген емес. Үкілеп қосқан саңлақтарымыз үмітті ақтап, Әнұранымызды асқақтатып, көк байрағымызды желбіретті. Қазір санап отырсақ, спортшыларымыз тек жазғы төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарында 52 медаль, оның ішінде 16 алтын, 17 күміс және 19 қола жүлдеге ие болды. Бұл биыл Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толуын енді тойлағалы отырған жас мемлекетіміз үшін оңай жетістік емес.

Енді, міне, төрт жылды тағы да артқа тастап, Рио Олимпиадасын қарсы алғалы отырмыз. Биыл спортшыларымызға қойылатын талап та, міндет те ауыр екені белгілі. Себебі, Лондондағы қол жеткізген биік жетістіктерімізді қолдан бермей алға ұмтылу басты назарда болмақ.

Сол үшін бүгін Тәуелсіздік алғаннан бергі қазақ спортшылары қатысқан бес Олимпиада ойындарының тарихына қайта бір көз жүгіртіп, командалык есепте, қай жылы нешінші орындарды иеленгені және кімдердің қандай спорт түрлерінен медальға қол жеткізгенін жариялауды жөн көріп отырмыз.

  

Атланта олимпиадасы (1996) 

Спортшы саны – 94.

Спорт түрі – 15.

Медаль саны – 11.

Командалық есеп – 24.

Алтын: Василий Жиров (бокс, 81 келі), Александр Парыгин (бессайыс), Юрий Мельниченко (грек-рим күресі, 57 келі);

Күміс: Болат Жұмаділов (бокс, 51 келі), Анатолий Храпатый (ауыр атлетика, 99 келі), Сергей Беляев (нысана көздеу, 2 дүркін);

Қола: Болат Ниязымбетов (бокс, 63,5 келі), Ермахан Ибрайымов (бокс, 71 келі), Мәулен Мамыров (еркін күрес, 52 келі), Владимир Вохмянин (нысана көздеу).

 

Сидней олимпиадасы (2000)

Спортшы саны – 130.

Спорт түрі – 18.

Медаль саны – 7.

Командалық есеп – 22.

Алтын: Бекзат Саттарханов (бокс, 57 келі), Ермахан Ибрайымов (бокс, 71 келі), Ольга Шишигина (жеңіл атлетика);

Күміс: Болат Жұмаділов (бокс, 51 келі), Мұхтархан Ділдәбеков (бокс, +91 келі), Ислам Байрамуков (еркін күрес, 97 келі), Александр Винокуров (велоспорт).

 

Афины олимпиадасы (2004)

Спортшы саны – 114.

Спорт түрі – 18.

Медаль саны – 8.

Командалық есеп – 40.

Алтын: Бақтияр Артаев (бокс, 69 келі);

Күміс: Геннадий Головкин (бокс, 75 келі), Георгий Цурцумия (грек-рим күресі, 120 келі), Геннадий Лалиев (еркін күрес, 74 келі), Сергей Филимонов (ауыр атлетика, 77 келі);

Қола: Серік Елеуов (бокс, 60 келі), Мкхитар Манукян (грек-рим күрес, 66 келі), Дмитрий Карпов (жеңіл атлетика).

 

Бейжің олимпиадасы (2008)

Спортшы саны – 129.

Спорт түрі – 20.

Медаль саны – 13.

Командалық есеп – 29.

Алтын: Бақыт Сәрсекбаев (бокс, 69 келі), Илья Ильин (ауыр атлетика, 94 келі);

Күміс: Асқат Жіткеев (дзюдо, 100 келі), Таймураз Тигиев (еркін күрес, 96 келі), Ирина Некрасова (ауыр атлетика, 63 келі), Анна Важенина (ауыр атлетика, 75 келі);

Қола: Еркебұлан Шыналиев (бокс, 81 келі), Нұрбақыт Теңізбаев (грек-рим күресі, 60 келі), Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі, 96 келі), Арман Шылманов (таэквондо, 80 келі), Марид Муталимов (еркін күрес, 120 келі), Елена Шалыгина (әйелдер күрес, 63 келі), Мария Грабовецкая (ауыр атлетика, +75 келі),

 

Лондон олимпиадасы (2012)

Спортшы саны – 115.

Спорт түрі – 20.

Медаль саны – 13.

Командалық есеп – 12.

Алтын: Серік Сәпиев (бокс, 69 келі), Илья Ильин (ауыр атлетика, 94 келі), Александр Винокуров (велоспорт), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Зүлфия Чиншанло (ауыр атлетика, 53 келі), Майя Манеза (ауыр атлетика, 63 келі), Светлана Подобедова (ауыр атлетика, 75 келі);

Күміс: Әділбек Ниязымбетов (бокс, 81 келі);

Қола: Ақжүрек Таңатаров (еркін күрес, 66 келі), Иван Дычко (бокс, +91 келі), Марина Вольнова (әйелдер боксы, 75 келі), Гүзель Манюрова (әйелдер күресі, 72 келі), Даниял Гаджиев (грек-рим күресі, 84 келі).

Күнсұлтан Отарбай

1 пікір

  1. Лондонда жасаған ерлікті тағы да жасаса екен бауырлар. Қазақтың көк туын көкке көтеріп, желбіретіп. Еліміз сендерге сеніп отыр…

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!