Басты бетЖаңалықтарАқмола облысында...

Ақмола облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен 117 жоба жүзеге асырылған

Өңір басшынының айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде  10,6 млрд теңгеге 117 жоба жүзеге асырылған. Аталған қаражаттың 5,2 млрд теңгесін демеушілер бөлген.

«Сакральды ескерткіштердің республикалық картасына Ақмола облысынан 10 орын енгізілді. Облыстық өлкетану мұражайының экспозициясы 3D форматында жаңартылып, «Қасиетті география» арнайы жобасы аясында облыстың ежелгі тарихи жерлерінде ғылыми-зерттеу жұмыстары мен қазба жұмыстары жүргізілді. Облыстың қасиетті жерлерінің альбомы жарық көрді», — дейді Мәлік Мырзалин.

Оның айтуынша, аймақпен танысып, оның тарихы мен көрікті орындарын жас ұрпаққа таныту үшін Жас өлкетанушылардың кіші академиясы құрылған. Экспедициялық топтар жұмыс атқарып, мектеп бағдарламасына «Аймақтық зерттеулер» атты факультативтер енгізілген. Облыс әкімдігінің ақпаратына сәйкес, академия толық қуаттағы жұмысын 2018 жылы бастайды. Аудандар мен қалаларда академияның бөлімдерін ашу көзделген.

«Бұл жұмыстардың басты мақсаты — өсіп келе жатқан ұрпаққа өз жеріне, еліне сүйіспеншілігін  күшейту. «Туған жер» бастамасы бойынша бизнес-қоғамдастықтар мен өңірдің тұрғындарының бастамасымен қалалар мен ауылдарды абаттандыру, әлеуметтік нысандарды тұрғызу, спорт алаңдарын және басқа да әлеуметтік маңызды жобаларды ұйымдастыру бойынша жобалар жүзеге асырылуда», — дейді Мәлік Мырзалин.