Қазақстан дизайнерлері Наурыз мейрамына арнап эмодзилер салды

Бешбармақ, киіз үй, бауырсақ, көрпе мен домбыраны бейнелейтін эмодзилер Rocket Firm студиясының Facebook әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.

Студия директоры Олег Качалиннің айтуынша, бұл картиналар қазақ стиліндегі эмодзилердің бір бөлігі ғана.

«Біз сәуірдің ортасына дейін iOS және басқа да платформаларға арнап пернетақта немесе Telegram-ға арналған стикер түріндегі эмодзилер жинағын шығаруды жоспарлап отырмыз. Дегенмен мейрам алдында мерекелік көңіл-күй сыйлайтын осындай иллюстрациялардың бір бөлігін жариялауды жөн көрдік», — деді Олег Качалин.

Айта кетейік, иллюстрациялардың арасында күннен қорғайтын көзілдірік киген әнші де бар.

«Бұл әншінің символы. Мұртты шенеунік те бар. Бұл жағдайда ол мерекелік шараға шақырылып, ортаға отырғызылған құрметті адам», — деді студия директоры.

Эмодзи — электрондық хабарламалар мен веб-парақшаларда қолданылатын идеограммалар мен смайликтер. Мұндай картиналар ең алғаш рет Жапонияда шығарылып, кейін әлемге таралды.

ДереккөзTengrinews.kz