Басты бетЖаңалықтарМәлік Мырзалин...

Мәлік Мырзалин студенттерге дәріс оқыды

Облыс әкiмi өңiрдiң ауылшаруашылығы, индустриалды, шағын-және орта бизнес пен әлеуметтiк салалалардағы даму көрсеткiштерi туралы айтып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Елбасымыз өзiнiң биылғы «Қазақстанның үшiншi жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк» жолдауында бiз адамдық капиталды тек бiлiмдi өркендету арқылы одан әрi дамытамыз, XXI ғасырдың бастаушы күшi жастар деп айтты. Бүгiнгi таңда бiздiң аймақта бiлiм саласын одан әрi дамыту мен жастарды қолдауда бiршама жұмыстар атқарылған»,-дедi Мәлiк Мырзалин.

Облыста кадр жетiспеушiлiгi мәселесiн тиiмдi шешу үшiн жыл сайын аймақ басшысының стипендиясы үшiн қаржы көлемi көбейтiлуде. Егер 2016 жылы бұл мақсатқа 65,5 млн теңге бөлiнiп 192 грант үлестiрiлсе, биыл бұл қаржы 102 млн теңгеге дейiн артты.

«Елдi-мекендердегi медицина саласындағы маман жетiспеушiлiгi мәселесiн шешу үшiн бiз шаруашылық нысандарымен бiрiгiп, 260 студенттi елiмiздегi iргелi медициналық университеттерге оқуға жiбердiк. Сондай-ақ, облыс орталығына келген жоғары санаттағы дәрiгерлерге 20 пәтер берiлдi. Сонымен қатар, Көкшетаудағы Ш. Уәлиханов атындағы мемлекеттiк университет базасында жылына 100 маман әзiрлейтiн медицина факультетiн ашу мәселесiн қарастырылуда. Бұған қоса, осы университеттiң профессорлық ұстаздар құрамына 3 қызметтiк пәтер берiледi.

Бұған қосымша осы жылы алғақшы рет аймақта педагогикалық мамандықты таңдаған жастарға облыс әкiмiнiң 100 гранты бөлiндi. Бұл екi мәселенi бiрден шешедi, аймақтағы кадр жетiспеушiлiгi мен жоғары бiлiм алуға ниеттi жастарға қолдау болады»,-деп атап өттi Мәлiк Мырзалин.

Кездесу барысында облыс әкiмi жастардың сауалдарына жауап берiп, студенттермен бiрiгiп фотосуретке де түстi.

Сондай-ақ «AKMOLA POWER» инновациялық жобалар байқауының жүлдегерi мен облыс әкiмiнiң стипендиясы иегерлерiне сертификаттар табыстады.

Атап айту керек, Ш. Уәлханов атындағы Көкшетау мемлекеттiк университетiнде қазiргi уақытта 89 мамандық бойынша 5523 студент бiлiм алады. Оның iшiнде 53 бакалавриат, 30 магистратура, 6 PhD-докторантура бар. Оқу орнында 332 қызметкер жұмыс iстейдi.