Басты бетОралдағы Назарбаев...

Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жетістігі мол

Оралдағы НЗМ қазіргі әлемдік бәсекелестік талаптарына толық сай келетін білім ошағы. Аталмыш мектептің түлектері Канада, Қытай, Финляндия, Ұлыбритания, БАӘ, РФ, Венгрия мемлекеттерінде білім алуда. Жыл сайын 20-дан аса түлек халықаралық NUFYP, SAT және IELTS емтихандарын сәтті тапсырып, Назарбаев университетіне оқуға түсуде. Мұнда үштілділік тұғыры берік қалыптасқан.

-Жаһандану заманында қоғам да, экономика да көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріске түсуде. Бүгін бір мамандықты меңгерген адам ертең басқа салаға жұмысқа ауысуы мүмкін. Сол себепті үш тілді: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйренудің пайдасы зор. Тіл арқылы біз бір-бірімізді түсінеміз, мәдениеттерімізді танимыз, өркениетке кірігеміз. Оралдағы НЗМ-де бұл бағытта жұмыс істеуге қажетті шарттардың барлығы бар. Біріншіден, шетелдік білікті ұстаздардан және отандық үздік мамандардан құралған педагогикалық ұжым шығармашылықпен еңбек етуде. НЗМ-де жазғы, виртуальды және каникулярлық тоқтаусыз мектептер жұмыс істейді. Жазғы мектеп – бұл шәкірттердің қылыми-зерттеушілік қабілеттерін шыңдайтын тамаша мүмкіндік. Әр жылы жүзден аса оқушы жазғы мектепте тегін оқиды. Виртуальды және каникулярлық мектептердің негізгі мақсаттары – НЗМ-нің 7 сыныбына конкурстық негізде барынша мол шәкірт тарту болып табылады, – дейді Оралдағы НЗМ директоры Шолпан Қадырова.

Мектепте, сондай-ақ, «Зияткер мектеп оқушысына ұсынылатын 100 кітап», «Қазақ әндері», «100 күйдің тарихы» секілді туған жердің тарихын тануға бағытталған дәстүрлі жобалар, «Туған елге тағзым» экспедициясы табысты жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, «2 апта ауылда», «Баланы өзіңмен бірге жұмысқа ал», «Ата-ана мекемесіндегі 10 күн» акциялары аясында тағылымды шаралар ұйымдастырылуда. Одан бөлек, шәкірттер облыстың және қаланың көрнекті орындарына, мұражайларға барып, елге танымал азаматтармен тұрақты кездесулер өткізеді.