ЖИТС-пен күрес айлығы аясында Орал гуманитарлық колледжінде өткен аталмыш шара «Денсаулық сақтау құқығы» ұраны шеңберінде ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын насихаттау, жастар арасындағы аурушаңдық деңгейін төмендету мақсатын көздеген шеруге «Еуразия» индустриалды-экономикалық колледжі, Құрманғазы атындағы саз колледжі, Орал индустриалды колледжі, гуманитарлық-техникалық колледж, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж, политехникалық және гуманитарлық колледждер қатысты.
Қаладағы арнаулы орта білім беретін оқу орындарының студент жастары шара барысында хореографиялық қойылымдар қойып, театрландырылған көріністер көрсетіп, әндер шырқап, жүректерін жарып шыққан авторлық туындыларын оқыды.
– Бұл жыл сайын өтетін дәстүрлі шара болғанымен, оның өту барысы өзгеріп тұрады. Біз шараның ережесін алдын ала колледждерге жібердік. Бүгін олардың әрқайсысы екі-үш аталым бойынша өнерлерін паш етті және денсаулықтарын қорғау үшін қандай жұмыс жасап жүргендіктерін көрсетті, – деді облыстық «Үміт» Орал өңірі әйелдер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әлия Райымқұлова өз сөзінде.
Шарада облыстық ЖИТС-тің (СПИД) алдын алу және оған қарсы күрес орталығының өкілі Алтынай Ашығалиева қатерлі дертті болдырмауға байланысты кеңес берсе, Орал индустриалды колледжі директорының орынбасары Гүлнәр Кабулова салауатты өмір салты жөнінде тренинг өткізді. Денсаулық шеруінің соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.