Көкшетауда қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Красный Яр селолық округiнiң әкiмi Нұрлан Айсин өз округiндегi қоғамдық кеңестiң жұмысы жөнiнде баян еттi. Жұмыс негiзiне Елбасы мақаласында көтерiлген идея-лар алынған. Қоғамдық сананы жаңғырту, ашық пiкiралмасу, ұлтаралық алғаусыз татулық, жас-тарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге баулу, адал еңбекке үйрету, бойларына патриоттық сезiм дәнiн егу — өткiзiлген шаралардың мазмұны осы. Әдеби мәдени-көпшiлiк шаралар «Көкше» мәдениет үйiнде, мектептерде, кент алаңында өтсе, қоғамды, көпшiлiк орта мен табиғатты сыйлау, экологиялық-тәрбие спорттық жарыстар, сенбiлiктер кең ауқымды қамтуда. Бақылауды қажет ететiн 20 отбасы арнайы есепте тұр. Балалар мен жасөспiрiмдер мектебiндегi әртүрлi спорттық үйiрмелерге 405 бала қатысады. «Алтын дауыс» байқауында да бақ сынағандар көп. Кеңес отырыстарында ұлттық тәрбие, мемлекеттiк тiлдiң қолданыс аясын кеңейту, жағдайы төмен отбасылармен жұмыс, көше атауларын өзгерту, тұрғындардың мәдениетiн арттыру сияқты мәселелер талқылануда. Коғамдық жұмыстарға тек кеңес мүшелерi ғана емес, кенттiң ақсақалдары, танымал адамдар да кеңiнен тартылуда.

Станционный кентiнiң әкiмi Ардақ Тасқынбай да кеңестiң тұрғындармен жұмысы туралы айтып өттi. 10 адамнан тұратын кеңес мүшелерi белсендi. Кентте достық пен татулыққа үндейтiн «Шаңырақ» клубы он жылдан берi тиiмдi қызмет атқарып келедi. Оқырмандар конференциясын өткiзу де дәстүрге енген. Өтетiн шараларға тұрғындар қатынасы да ойдағыдай. Тек Станционныйда мәдениет сарайының жоқтығы қолбайлау болып тұр. Ауқымды шаралар әзiрше мектеп ғимаратында өтедi. Болашақта осы мәселе шешiлсе, жолдары жөнделiп, жарықтандырылып, тазалық жүргiзiлiп, көрiктене түскен кентте әлеуметтiк-көпшiлiк жұмыстар бүгiнгiден де жандана түсер едi. Жылма-жыл тұрғындар санының артуы мәдениет үйiн салудың қажеттiгiн аңғартқандай.

Одан әрi «Ақмола облысының орыс қоғамы» этномәдени бiрлестiгiнiң төрағасы А.Артеменко өзi басқарып отырған қоғам жұмысы туралы есеп бердi. Ол Қазақстан халқы Ассамлеясы сапындағы барлық әрiптестермен ауызбiрлiкте, бiрге қызмет iстеп жатқандықтарын тiлге тиек еттi. Күн тәртiбiндегi келесi мәселе қазақ тiлi әлiпбиiн кириллицадан латынға ауыстыру болатын. Бұл тақырыпқа Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттiк университетiнiң ғалымдары А.Ысмағұлов пен С.Қасенов сөйлеп, жаңа әлiпби туралы ойларын ортаға салды. Әрине, «Қазақ тiлi әлiпбиiн кириллицадан латын графикасына көшiру туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң үстiмiздегi жылдың 26 қазаны күнi Жарлығы жарияланды. Ендi осы әлiпбидi оқып-үйренудiң тиiмдi жолдарын қарастырып, жетiлдiруге тиiспiз. Оқу үстiнде, күнделiктi қолданысқа енгеннен кейiн оны жетiлдiру жолдары байқалса, мүмкiн тағы да аз-кем өзгерiстер енгiзiлетiн де шығар деген пiкiр айтты ғалымдар. Сондықтан, iздену одан әрi жалғаса бермек. Мәселен, Түркияның осы әлiпбиге көшу процесi жиырма жылға созылыпты. Негiзiнен, компьютерде латын әрпiн күнде қолданып жүрген жандарға көп қиындық кезiкпесi кәмiл. Жиын үстiнде қаралған мәселелер жөнiнде кеңес мүшелерi М.Қиықов, Б.Жанәдiлов пiкiрлерiн айтты. Кеңес отырысын Көкшетау қаласы әкiмiнiң орынбасары А.Әмiренова қорытындылады.