«Жыл таңдауы» байқауының үміткерлері журналистермен кездесті

Аталмыш шараға әншілер мен продюсерлер, журналистер қатысты. Қатысушылар «Жыл таңдауы» байқауы өнер адамдары үшін маңызды ма?» деген сауалда пікірлесті.

©Baribar.kz

Продюсер Алтынбек Рахметовтің айтуынша, мұндай байқаулар арқылы әншілердің мәртебесі жоғарылайды.

«Жыл таңдауы» байқауы әншілердің марапатын өсіріп, соларға шабыт беретін шара деп ойлаймын. Өкінішке орай, қазір телеарналарда әншілердің өз өнерлерін көрсететін  бағдарламалары азайып кетті. Бұл жерде жүлдені алудан бұрын жыл бойы жасаған еңбекті халыққа көрсетет алады. Мұның өзі үлкен мүмкіндік. Бірақ, келіспейтін тұстарым бар. Мысалы, орта буын, аға буын әншілерді алайық. Мақпал Жүнісова мен Ерке Есмахан бір номинацияда болса, Ерке өз марапатын Мақпал Жүнісоваға бере салуы мүмкін. Сол себепті, марапат санын көбейтсе деген тілегім бар. Бұдан бөлек, орта буындағы әншілер бұл байқауға қатыса бермейді. Оларда жастардан жеңіліп қаламыз деген қорқыныш бар сияқты. Сол үшін де «Жыл таңдауын»  әр үш ай сайын іріктеу кезеңі ретінде өткізсе тиімді болатын сияқты. Қорытындысын да халық асыға күтеді», -дейді продюсер.

Ал «Жігіттер» тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов «Жыл таңдауына» үміткер болғанына қуанышты екен.

©Baribar.kz

«Меніңше, ұлттық байқауды өткізу өнер адамдары үшін маңызды. Себебі, еліміздің өнерпаздарға деген құрметі көрінеді. Әр тыңдарман сүйікті әншісіне дауыс беруге мүмкіндігі бар. Бұл қазақ елінің көрермендері мен әншілерінің бір-біріне құрметін арттыра түседі. Өзім «Жыл таңдауына» қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Менің бір ғана тыңдарманым мен үшін жанкүйер болып, дауыс берсе ол қуаныш. Тағы бір артықшылығы — аталмыш байқау шетелге қазақтың өнерін танысуына мүмкіндік беріп отыр», — дейді ол.

«Қайдасың» әнімен рекорд орнатқан Ерке Есмахан биылғы жүлдені алатынына сенімді.

©Baribar.kz

«Негізі биыл жүлде көп болса екен деп ойлағанмын. Бұрын еңбек етпегесін мұндай жобаларға көп көңіл бөмейтінмін (күлді). Менің ұсынысым — өнер саласында марапатты көбейтсе екен. Мәселен, шетелдік радиода, телеарналарда өнер адамдарына бөлек марапат береді. Мен де сондай болғанын қалаймын. Сондай-ақ, марапаттың бәрін әншілер алады. Ал оның артында жұмыс істеген команда, продюсер, директор, климпейкер, композитор, оператор, бәрі-бәрі елеусіз қалады. Осы жағында ескеру керек», — дейді ол.

Айта кетейік, «Жыл таңдауы — 2017» байқауы 7 желтоқсан күні сағат 18.00-де «Алматы Арена» мұз айдынында өтеді.