Б.Оспанов: Әрбір арыз-шағымның түбіне терең үңілуіміз қажет

«Нұр Отан» партиясының ОҚО филиалында қоғамдық қабылдау өтті. Жұртшылықтың құқық қорғау органдарының қызметі мен сот шешімдеріне қатысты талап-тілегі мен арыз-шағымын тыңдауға өңірдегі құқық қорғау органдарының басшылары, облыс әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының хатшысымен сот-сараптама инстиутынан, мемлекеттік кіріс, төтенше жағдайлар департаментінен және Қазақстан заңгерлер Одағынан жауаптылар қатысты.

Шымкенттік М.Ибрагимова 21-шағынаудандағы көпқабатты үйдің бірінші қабатына жапсарлай салынған нысанда пайда болған өрт салдарынан жеті пәтерге зиян келгенін айтып, төтенше жағдайлар басқармасы мен Әл-Фараби аудандық ішкі істер басқармасы тарапынан оқиғаның мән-жайын анықтау бағытында жүргізілген жұмыстарға қанағаттанбайтынын баяндады. Бұл жайт бойынша облыстық прокуратураның басқарма басшысы Б.Бердібеков кешенді экспертиза жүргізіліп, істің қайта қаралатынын айтса, «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Б.Оспанов әрбір арыз-шағымның түбіне терең үңілу қажеттілігіне тоқталып, құзырлы орындармен бірге мәселені заң аясында шешуге ықпал ететінін жеткізді.

Кезінде Шымкент қаласы Ынтымақ-1 елді мекеніндегі шаруа қожалығына тиесілі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер азаматтарға үй салу үшін бөлініп берілген, қазір мұнда бірнеше баспана тұрғызылған. Үй салғандар болса, екі жылдан бері жер телімдерін заңдастыра алмауда. Осы жөнінде тиісті орындарға шағымданғанын хабарлаған зейнеткер У.Абамуслимов проблеманың оң шешілмей тұрғанын айтты. Арызданушыны тыңдағандар  аталған жерлерді бөлуде заңсыздықты анықтаған құзырлы органдар телімдерді арестке қойғанын және кезінде шешім шығарғандардың жауапқа тартылғанын жеткізіп, жердің мақсатын өзгертуді қала әкімдігі қарайтынын тиянақты түсіндірді.

Жалпы қоғамдық қабылдауға жазылған 9 азамат полиция қызметкерлерінің істі созбалаңға салуы, сот шешіміне қатысты келіспеушіліктер мен сауда орындарындағы заңсыздықтар сынды түрлі мәселелерді көтерді.

Мәжілісті қорытындылаған Б.Оспанов азаматтардың арыз-шағымдары бойынша жауапты орындармен партия бірлесе жұмыс жасап, заң аясында көмек көрсетілетінін мәлімдеді.