Бетке қанша жастан бастап күтім керек?
Жалпы терінің бірнеше түрі бар. Біріншісі – ешбір проблемасы жоқ, майлылығы да, құрғақтығы да қалыпты, жұмыртқадай таза тері. Екіншісі – майлы тері, үшіншісі – проблемалы тері. Проблемалы теріде ең бірінші безеу шығады. Бетті сипасаң, терінің астынан ұсақ-ұсақ бүртіктер білініп тұрады. Ол қан айналымының бұзылуынан, ағзаға қажетті витаминдердің жетіспеуінен пайда болады. Сол ұсақ бүртіктер терідегі ұсақ тесіктерді бітеп тастайды. Мұндайда косметологтарға көрініп, теріні тазартуға тырысу керек. Ал терінің төртінші түрі – құрғақ тері, бесіншісі – сезімтал тері. Сезімтал теріге ерекше күтім керек. Құрамында химиялық қоспасы жоқ иісмай жаққан дұрыс.
Иісмайлар мен бетке жағатын опа-далаптың қолданатын арнайы жастық көрсеткіші жоқ. Жалпы, 15 жасқа дейін қыздардың бетіне ешнәрсе қолданбағаны дұрыс. Ал жасы 15-тен асқаннан кейін жасына сай рең беруші иісмай (тональный крем) және опа (пудра) қолдануға болады. Қазіргі пудралар мен тоналды кремдердің сапасы жоғары. Құрамы минералды заттарға бай. Сондай-ақ, барлығы дерлік сертификациядан өтіп, дерматологтармен мақұлданған. Сол себепті, қорықпай кез келген иісмайды дәріханалардан сатып алуға болады.
Қыс мезгілінде бетті күту үшін…
Суық ауа райында жел теріге қолайсыз әсер етеді. Қыс мезгілінде майлы бет терісі құрғақ теріге, ал кұрғақ тері өте сезімтал теріге айналады. Сол үшін бетке ылғалдандыратын күтім жасау қажет. Яғни, оған үй жағдайындағы күнделікті күтім мен косметологиялық процедураларды айта аламыз.
Бетті суықтан қорғау үшін құрамында ақуызы бар иісмай жаққан пайдалы. Қыста иісмай жақпай далаға шықпау керек. Сондай-ақ, беттегі түкті алдырмаған дұрыс. Өйткені, түк беттің қорғаныс қабілетін сақтайтын перде рөлін атқарады. Түгін алып тастаған тері суыққа да, ыстыққа да, әртүрлі сыртқы факторларға да төзімсіз келеді.
Қазіргі таңда экологияның және ауа-райының өзгеруіне байланысты күн сәулесі теріге теріс әсер етеді. Соның салдарынан фотоқартаю, пигментті дақтар және көптеген созылмалы тері ауруларының өршуі байқалады. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін ультрафиолетті сәуледен қорғанатын SPF( Sun Protection Factor) кремдерін қолдануға кеңес беремін.
Беттегі мең мен сүйелді алдырту қауіпті ме?
Бет терісіндегі безеу, мең, сүйел т.б. туралы дерматологқа көрінген дұрыс. Олар арнайы зерттеулер мен диагностикадан өткізіп емдеу тактикасын тағайындайды. Біз мең мен сүйелді аппаратпен алдырту алдында онкодерматолог дәрігерінің кеңесіне жүгінеміз. Папилломалар, акне, капилярлық өзгерістер кезінде аппараттық косметология өте қолайлы. Егер денсаулығына қауіпсіз болса, аппараттық косметология арқылы мұндай жағдайларды емдейміз.
Қазіргі таңда бет терісіне арналған аппараттық косметология өте жақсы дамыған. Дегенмен аппараттық косметологияның өзінің қарсы көрсеткіштері болады. Атап айтқанда, қан және онкологиялық аурулар, тері ауруларының өршуі кезінде, жүктілік пен туберкулез, кардиостемулятор және соматикалық аурулар кезінде жасауға болмайды.
«Бет терісі бүлінеді» дегенмен келіспеймін
Бүгінде медицина да, косметология да дамыды. Салонға келіп, бетін өмірі тазалатып көрмеген қыз бен бетін үнемі тазалатып тұратын бойжеткеннің бетінде едәуір айырмашылық болады. Химиялық заттармен бетімді күйдіреді дейтін қорқыныш жоқ. Қазір салондардың бәрі бетті шөптерден жасалған косметика арқылы тазалайды. Ол беттің қан айналымын жақсартады. Екіншіден, микроскоппен ғана көруге болатын терідегі қажетсіз заттарды алады. Одан бет жарқырай түседі. Кейде қыздардың қорқатынындай-ақ бар. Кейбір салондарда беттегі дақ пен безеуді пилингпен күйдіріп, адамның бір қабат терісін сылып түсіреді. Бұл – зиян. Күйдіргеннен кейін адамның беті таза, әдемі болып жүреді. Ал бір айдан кейін дақ пен безеу қайта шығып, тіпті көбейіп кетеді. Өйткені, адамның терісі үш қабат қалыңдықта. Бір қабатын сылып тастаған тері өзінің қорғаныс қабілетінен айырылады. Әрі безеу мен дақты алдырып тастаймын деу бос әурешілік. Ол үшін ішкі органдарды емдеп, дұрыс тамақтануды жолға қоя білу керек.
Әжімнен құтылу үшін…
Бетке рең беретін иісмайдың зияны жоқ. Иісмай мен рең беруші бетмай теріні әртүрлі заттардан, күннен, желден қорғайды. Қорғаушы перде қызметін атқарады. Бетті бояу – ең алдымен теріні қорғау. Екіншіден, сұлулыққа ұмтылу, үшіншіден – жастықты сақтап қалуға тырысу. Бояну да – мәдениеттілік, адамның өзін-өзі сыйлауы. Бетке сағат сайын опа жағу дұрыс емес. Опалай берген бетке тез әжім түседі.
Кез келген әйел адам дермотокосметолог маманнан кеңес алғаны дұрыс. Олар адамның жас ерекшелігіне, тері жағдайына ( пигменттік дақтар, әжімдер) , қоршаған ортасына , тамақтану ерекшелігіне, жасап жүрген жұмысына байланысты, барлығын ескере отырып емдік курс жасайды. Яғни, оның ішіне мезотерапия, биоревитализация, ботулинотерапия, пилингтар, плазмотерапия, көптеген аппараттық косметлология және т.б. процедуралар кіреді.
Күнделікті жатар мезгілде бетті жуып жатқан дұрыс. Теріңіз жас көрінсін десеңіз, кешке қарай майлы тамақ жеуді азайтыңыз. Өте қызыл ащы шай да ажарды бұзады.
Косметологтан кеңес:
Көпшілігі беттегі безеуден құтылғысы келеді. Негізі безеу май бездері көбейгендіктен, бауырдың не көк бауырдың жұмысы бұзылғанда шығады. Бетіне безеу көп шығатындар жұмыртқадан, қуырылған тамақтардан, майонезден, тәтті тағамдардан бас тартқаны дұрыс. Безеуі бар бетті күніне 4 мезгіл сабынмен жуып тұруға тырысу керек.
Бет терісінің күтіміне барлығы әсер етеді. Себебі бет терісі — ішкі ағзалар жағдайының айнасы. Әдемі болу үшін:
- дұрыс тамақтану;
- суды көп молшерде ішу;
- спортпен айналысу, шынығу;
- уақытылы ұйықтау;
- созылмалы аурулардың алдын алу және дерматокосметологтан кеңес алу керек (Дерматокосметолог маманның міндетті түрде сертификаты мен біліміне мән беру керек).
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.
Салеметсиз бе? Менин бетимде кара дак улкен балама аягым ауыр кезде пайда болды.казир уш балам бар улкеним 5 жаста бетимдеги дак улкейип кетти не жасасам болболады.рахмет