Жалпы, туберкулез мәселесi әлі күнге дейін әлемдік деңгейде өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан, көптеген ел үкіметтері бұл проблемаға жіті көңіл бөліп, қаржы қарастырып отыр. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) туберкулез тақырыбында өткізген Жаһандық министрлер конференциясы осының дәлелі болса керек. Панагүл Жазыбекованың айтуынша, қараша айында Мәскеуде алғаш ұйымдастырылған жиында ДДҰ Бас директоры доктор Тедрос Адханом Гебрейесус былтыр әлемде 10 миллионнан астам адамның туберкулез жұқтырғанын және 1,7 миллионға жуық адамның осы аурудан көз жұмғанын айтты. Яғни, дерт әр минут сайын 3 адамның өмірін жалмайды. Аурудың 45%-ы Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде, 25%-ы Африка және 17%-ы Тынық мұхиттың батыс бөлігінде тіркелiптi. Әсiресе, Үндістан, Индонезия, Қытай, Нигерия, Пәкiстан, Филиппин және Оңтүстік Африка Республикасы сияқты 7 мемлекетте бұл ауру жиi кездеседi екен.
«Ал, Қазақстанда соңғы 10 жылда туберкулез ауруына шалдығу көрсеткіші 2,4 есе және осы ауру салдарынан болатын өлім-жітім көрсеткiшi 5,3 есе азайды. Туберкулезге қатысты негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштер еліміздің барлық аймағында жақсара бастады. 2015 жылы туберкулезге шалдығу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 58,5-ке тең болса, 2016 жылы ол 9,9 пайызға кеміп, 52,7 құрады», — дейдi П.Жазыбекова.
Маманның айтуынша, туберкулез адамның кез-келген ағзасын зақымдауы мүмкін. Алайда, ауру негізінен ауа арқылы таралатындықтан 85-90 пайыз жағдайда өкпе зақымданады екен. Яғни, дерт ауа арқылы таралады. Сондықтан, жөтелі екі аптадан астам уақыт бойы тыйылмаған адам дәрігерге қаралуы тиіс. Жөтелген кезде ауызды қолмен, орамалмен немесе майлықпен жапқан дұрыс. Көрінген жерге қақырып-түкіру де аурудың таралуына септігін тигізеді.
«Ал ауру белгiлерi мынадай: екі аптадан астам уақыт бойы жөтелу, қақырықтың жиналуы, жүдеу, тершеңдік, кешке қарай дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, кеуде қуысының ауыруы. Дегенмен, кейде ауру белгілері байқалмай қалуы да мүмкін. Мұндайда туберкулез флюорография немесе рентген арқылы ғана анықталады. Сондықтан, бұл аурудың алдын алудың маңызы өте зор. Жаңа туған сәбилерге перзентханада жасалатын вакцина және бірінші сыныпқа барған балаларға салынатын екпелер арнайы профилактика түрлерiне жатады. Сондай-ақ, санитарлық профилактика жасалады. Яғни, туберкулез ауруына шалдыққан бактерия бөлуші науқастар анықталып, оқшауланады және олар арнайы ем қабылдайды. Сонымен қатар, науқаспен қарым-қатынас жасаған адамдар да тексерiлуі керек. Аурудың алдын алудың келесі түрі – әлеуметтік профилактика деп аталады. Ол салауатты өмір салтын ұстану мен тұрғындардың жалпы тұрмысын жақсартудан тұрады», — деп түсiндiрдi дәрiгер.
Оның айтуынша, бактерия бөлу кезінде науқастар туберкулезге қарсы күрес мекемелерінде ем алады. Қазіргі таңда еліміз бойынша туберкулезге қарсы күресетін 27 облыстық диспансер мен Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы бар. Ал, қалалар мен аудандарда туберкулезге қарсы диспансерлер мен ауруханалар қызмет етедi. Бактерия бөлу тоқтағаннан кейін науқас емін амбулаторлық жағдайда тұрғылықты жеріне жақын маңда орналасқан емханада немесе туберкулезге қарсы диспансерде жалғастырады. Қабылданатын емнің ұзақтығы да туберкулездің түріне байланысты. Мысалы, аурудың дәріге сезімтал түрі 6-11 ай бойы емделсе, көптеген дәрілерге төзімді түрін 20-24, кейде тіпті 33 айға дейін емдеу қажет.
«Ауру уақтылы анықталып, дұрыс ем тағайындалса және үзбей қабылданса туберкулезден толық сауығып кетуге әбден болады. Туберкулез кеш анықталса, сырқат дәрі-дәрмектерді уақтылы қабылдамаса ауру созылмалы, ем қонбайтын түріне өтіп кетеді. Қайтадан туберкулез қоздырғышы жұғып немесе қандай да бір себептерден кейін (қосымша аурулар, маскүнемдік, нашақорлық, ЖИТС, қант диабеті және т.б.) ағзаның жалпы қорғаныс күші әлсіресе, ауру қайталануы мүмкін. Қазіргі таңда аурудың сезімтал түріне шалдыққан науқастардың 86,9 пайызы толық сауығып кетсе, дәріге төзімді түріне шалдыққандардың 77,0 пайызы толық емделеді. Сондай-ақ, 2016 жылы өлім-жітім көрсеткіші 17,1 пайызға төмендеген», — дейдi Панагүл Жазыбекова.
Бөлiм басшысы қазір елiмiзде туберкулез ауруының алдын алу мақсатында тексеру және емдеудің тегін жүргізілетінін айтты. Маманның мәліметінше, қазір әлеуметтік аурулар мен айналасына қауіп төндіретін аурулар Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде емделеді.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін бұл тәртіп өзгермейді. Болашақта сақтандыру аясы кеңейтіліп, туберкулез әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде тегiн емделетін болады», — деп түйіндеді сөзін дәрігер.