«Монополияға қарсы орган ретінде бәсекелестікті қорғау, тарифтік жүйелендіруші ретінде табиғи монополияларды реттеу» тақырыбында өткен брифингте департамент басшысының орынбасары «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорны мен «Көкшетау энерго орталығы» ЖШС 2016-2017 жылдар аралығында жылу мен электр энергиясына тарифті көтеру жөнінде бірнеше рет өтінішпен жүгінгендігін айтты. Алайда, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті тарапынан тарифті көтеруге рұқсат берілмеген.
«Ағымдағы жылдың қыркүйек айында «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорыны жылумен қамтамасыз ету бойынша сараланған тарифті өзгерту туралы ұсыныс жасады. Оған есептеу аспаптарын қолданатын абоннеттердің азаюы салдарынан қызмет көрсету көлемінің өзгеруі себеп болған. Алайда, нақты негіз болмаған соң қолданыстағы заңнама талаптарына сай кәсіпорынға тариф көтеруге рұқсат етілмеді»,- деді Әсет Құрашев өңірлік коммуникациялар қызметінде.
«Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорыны ұзақ мерзімдік тариф бойынша Көкшетау қаласын жылумен қамтамасыз етіп келеді. Осыған сәйкес, жылуға сараланған тариф деңгейі тұтынушылар үшін 2015 жылдың 1 желтоқсанынан 2020 жылдың 31 желтоқсаны аралығындағы ұзақ мерзімге бекітілген.
Еске сала кетейік, бұл «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының биылғы жылға екінші рет жылу тарифін көтеруге ұсынысы. Екеуінде де Ақмола облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті тарапынан рұқсат етілмеді.
Ал, электр энергиясының құнына келетін болсақ, қазіргі кездегі тариф «Көкшетау энергия орталығы» ЖШС-нің Ақмола облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментімен 2016 жылдың 1 қаңтарындағы келісімге сәйкес жүзеге асырылуда. Дегенмен, «КЕGОС» АҚ 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, тарифті көтеруіне байланысты «Көкшетау энергия орталығы» ЖШС тарапынан электр энергиясының құнын көтеру туралы үш рет өтініш түскен. Бірақ тарифті көтеру туралы шешім шығарылмады.
Әсет Құрашевтың айтуынша, департаментке ағымдағы жылы тарифті өзгерту және бекіту туралы 65 өтініш түскен. Оның ішінде сегізін өтініші берушілер өздері кейін қайтарып алса, 22-і материалдарды ұсыну тәртібінің бұзылғаны үшін өтініш қаралмады. Дегенмен, осыған қарамастан 34 тариф бектілді. Оның ішінде 22 тариф жаңадан құрылған субъектілер немесе жаңа қызмет түрлері, нысандар бойынша бекітіліп отыр.