Олардың қатарында ҚР Президенті шәкіртақысының иегерлері, ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары, қоғамдық шараларда белсенділік танытқандар, студенттік жасақ сарбаздары және мәдени-спорттық, шығармашылық байқаулардың жүлдегерлері бар.
Биыл жоғары оқу орындары студенттері арасында өткен облыстық «Жаңа толқын — 2017» байқауында сегіз аталым бойынша үздік шыққан БҚАТУ командасы да марапатталды. «Бірінші курс байқауы — 2017» факультетаралық сайыс қорытындысында үздік атанған политехникалық факультеттің деканы Асқар Бакушевке ауыспалы қыран кубогы табысталды.
Университеттің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Асхат Өкшебаевтың айтуынша, слет 6 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биылғы слеттің ерекшелігі, көзге түскен студенттер «Үздіктер», «Үздік және белсенділер», «Белсенділер» санаттары бойынша марапатталып, бір жолғы қаржылай сыйақыға ие болды.
Оларды ынталандыру үшін университет әкімшілігі 3 миллион теңгеден астам қаражат бөлген. Айта кетерлігі, биылғы жазғы демалыста университ жанынан студенттік еңбек жасағы құрылып, оларға БҚАТУ қаржыландыруымен айына 50 мың теңгеден жалақы төленген. Тегін жатақханамен қамтылған еңбек сарбаздары үш ай бойына оқу ордасының аумағын көгалдандыру, абаттандыру, құрылыс жұмыстарына қатысқан және университеттің тәжірибелік стансаларына уақытша қызметке тұрған.
Асхат Өкшебаев биылғы оқу жылында «Biznes — Jastar» бизнес-инкубаторы іске қосылғанын хабарлады. Соның негізінде екі айлық курста теориялық және машықтық тұрғыда 9 студент білім алған.
Алғашқы жеті аптада теориялық білім алдық. Бізге бизнес-жоспар құру, жеке кәсіпкерлік ашу жолдарын және салық есебін үйретті. Кейін курс қатысушылары ұсынған жобалар іріктеліп, оларды жүзеге асыруға мүмкіндік берілді Мен кір жуу қызметін таңдадым, – деді «Biznes — Jastar» мүшесі, агрономия факультетінің студенті Назгүл Сафиолла.