Кез келген адам тістерінің әдемі әрі түзу болғанын қалайды. Ортодонтияны осы қалауды орындайтын сала деп атасақ болады. Ол — стоматологияның тістер мен жақты түзету мәселелерімен айналысатын арнайы бағыты. Қазіргі кезде тісті түзету үшін жаңа ортотехнологиялар қолданылады: алынбалы-салынбалы тіс протездері, тіс табақшалары, брекет. Тісті түзеймін десеңіз, брекетке жүгіну — ең оңай жол.

Бекжан Қуанышбекұлы «Bayzak Smile Studio» тіс емханасының дәрігері:

Брекет – бұл бір-бірімен доға арқылы байланысқан, тістің сыртқы бетіне арнайы желіммен жабыстырылып, емдеу мерзімі біткенше ай, жыл алынбайтын, арнайы құлыптар қатарынан тұратын құрастырма. Тірек бөлігі сақина түрінде артқы алтыншы немесе жетінші тіске бекітіледі. Брекет қойылғаннан кейін доға үнемі осы пішінге келуге тырысатын болады. Брекет кез келген бағыттағы жеке алғандағы тістің орнын өзгерте алады. Брекет адам тісінің үлгісіне қарай орнатылады. Қисық біткен тістерге құлып қойылып, сыммен тартып байланады. Емдік шара уақыты науқастың жасына, ауру дәрежесіне байланысты. Сонымен қоса, брекетті қойдыру үшін Корея Республикасының өнімінен шыққан клейді пайдаланамыз. Брекеттің тісте жақсы тұруы клейге байланысты. Ол клейдің денсаулыққа еш зияны жоқ екенін атап өткім келеді. Сондықтан да, тісіңіз түзу, әрі әдемі болсын десеңіз, брекет қойдырудан бас тартпағаныңыз жөн.

Бекжан Қуанышбекұлы
Бекжан Қуанышбекұлы, тіс дәрігері, Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Брекеттің 3 түрі бар:

  • металл брекеттер

Брекеттер әр түрлі металл қосылыстарынан дайындалады. Металл брекетінің артықшылығы: брекеттердің ішіндегі ең мықтысы, түзеткен кезде және алып салғанда сынып қалмайды. Доға металл саңылауға бекіп, тістерді мықтап тартып тұратындықтан, емдеу көпке созылмайды.

  • керамикалық брекеттер

Керамика стоматологияда кең қолданылады. Себебі оның реңдері әр түрлі болғандықтан, табиғи тістер түсіне ұқсас түсті табу оңайырақ. Керамикалық брекет-жүйелер табиғи тістердің реңіне қарай таңдалады. Бұл брекеттердің басты артықшылығы ауызда әдемі көрінеді, тітіркендірмейді және аллергия тудырмайды, емдеу барысында түсін өзгертпейді және мықты болады. Ал олардың кері жақтары: өлшемдері үлкен болады, емделу уақыты ұзаққа созылады.

  • жақұт (сапфир) брекеттер

Жақұт брекеттер жартылай мөлдір болғандықтан тісте бар-жоғы көрінбейді, үйрену кезеңінің өзінде еш қолайсыздық тудырмайды, өте сенімді, әсем көрінеді, тіс қақтары жиналмайды. Сапфирден жасалған брекет әдемі көрінгенімен, темір конструкцияларға қарағанда тісті баяу түзетеді және жиі сынады.

Егер брекеттер сапалы жасалған болса, сапа жағынан бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Бұдан емдеу әдісі мен ұзақтығы өзгермейді. Әрине, ең ыңғайлы брекеттердің өзіне алдымен үйрену қажет, бастапқы апталарда олар сөйлегенде, тамақ ішкенде, тіс тазалаған кезде ауызда білініп, қолайсыздық тудырады. Бірақ ол уақытша, уақыт өте келе брекетке үйренісіп, ешқандай кедергіні сезінбейтін боласысз. Мұның маңызы зор, өйткені оларды бір-екі жыл қатарынан киіп жүруге тура келеді.

Бекжан Қуанышбекұлы
Бекжан Қуанышбекұлы, тіс дәрігері, Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Брекет тақаннан соң күтім керек…

Брекет таққан бірінші күні тісіңіз ауырып, мазаңыз қашады. Қорқып, шешіп тастаудың қажеті жоқ. Төзімді бола білген дұрыс. Брекет адаптацияланып кеткенше, тісіңіз ауырып, сөйлей де алмай қалуыңыз әбден мүмкін. Бірақ, бұл азап көпке созылмайды. Бір апта шыдап бақсаңыз, брекет ешқандай кедергі келтірмейді. Брекетті таққан соң, кейбір тамақтардан бас тартуға тура келеді. «Сұлулық құрбандықты талап етеді» деген сөз бекер айтылмаған. Ал брекет таққаннан кейінгі негізгі күтім ол — тазалық. Брекет салынған тіске арналған тіс жуу щеткалары бар. Сол щеткаларды пайдаланған дұрыс. Әр тамақтанған сайын тісті тазалап, ауыз қуысын шайып тұру қажет. Жақсы нәтижеге тезірек қол жеткізгіңіз келсе, тіске қатты бататын тамақтардан бас тартқан жөн. Тек жұмсақ, тіске қатты күш батырмайтын, сұйық тамақтар ішкен дұрыс. Қатты тамақ ішкен жағдайда, брекеттің түсіп қалуы ғажап емес. Брекет ең аз дегенде 6 айға, ең көп уақыты 2 жарым жылға орнатылады. Брекет орнатқан соң, айына 1 рет тіс дәрігеріне келіп қаралып тұру керек. Себебі брекеттің қозғалып кетуі, немесе темірлерінің босап кетуі мүмкін жағдай.

Брекетті қай жастан бастап салдыруға болады?

13 жастан асқан балаларға брекет салдыруға рұқсат етіледі. Себебі тұрақты тістер 13 жастан бастап шығады. Он үш жасқа дейін сүт тістерінің қисық болуы табиғатқа тән нәрсе. Олар түсіп қалатын болғандықтан, оларға брекет орнатылмайды. 13 жастан бастап 50 жасқа дейін брекет қойдыруға болады. Тек брекетті жасау жүйесінің өз бағдарламасын мұқият орындап, тіске қойылған диагнозына мән беру қажет.

Бекжан Қуанышбекұлы
Бекжан Қуанышбекұлы, тіс дәрігері, Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Брекетті қандай жағдайда қойдыруға тыйым салынады?

Брекеттің адам денсаулығына еш зияны жоқ. Брекет қойдырар алдында барлық тістерінің сау болуы қажет. Шіріген тістері болса, алдымен толығымен емдеуден өткізіп, тістерінің толық саулығына көз жеткізген жағдайда брекет орнатамыз. Мүлдем брекет қойдыруға болмайтын жағдайлар да бар. Ол қант диабеті жоғары, онкологиямен ауыратын және психикалық ауруға шалдыққан адамдарға брекет қоюға тыйым салынады. Темірге аллергиясы бар адамдарға металлдық брекет орнына, сапфир брекетін салуға ұсыныс жасаймыз.

Брекетті шешкеннен кейінгі тіс күтімі

Ең бастысы — тазалық. Брекетті шешкен соң міндетті түрде тістерді толығымен тазалаймыз. Ал негізі тісті күніне 2 рет тазалап, тамақ қалдықтарының ауыз қуысында қалмауын қадағалаған дұрыс. Тісте брекеттің ұзақ тұрған жағдайында, тіске тамақ қалдықтарының жиналып қалуы немесе тіс өңезінің (налет) пайда болуы мүмкін. Сол өңездердің әсерінен тістің құруы ықтимал. Тісжегі немесе өңез пайда болған жағдайда дәрігерге қаралып, тістерін емдеген жөн. Ал брекеттің өзі тістің шіруіне немесе құртылуына жол бермейді.

Бекжан Қуанышбекұлы
Бекжан Қуанышбекұлы, тіс дәрігері, Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Тісті түзету үшін брекеттен бас тартам десеңіз….

Тістерді түзетудің дәстүрлі әдісі болып брекеттер саналды. Осы металл пластиналар шынында тіс қатарының кейбір ауытқушылықтарынан арылуға көмектеседі. Алайда көбісі оларды тартымсыз түріне бола киіп жүруді қаламайды. Сол кезде брекетсіз тістерді түзетуге болама деген сұрақ туындайды.

Заманауи стоматология брекет жүйені пайдаланбай-ақ, тістерді түзеудің бірнеше амалдарын ұсынады. Олардың кейбірі пластинаның қарапайым жетілдірілген түрі, ал кейбірі негізгі әдістемеден түбегейлі өзгеше.

  1. Трейнерлер (тістердің тістесуін қалпына келтіріп, тіс қатарын дұрыстайтын арнайы каппа).

Көп атқарымдық құрал. Көп жағдайда 8-12 жас аралығындағы балларға қоюға ұсынылады.

Ерекшелігі:

  • Емдеудің ұзақ мерзімі (бір жылдан аса);
  • Бақылаусыздықтан түнде түсіп қалуы мүмкін, ол емдеу тиімділігіне әсер етеді;
  • Ретейнерлерді алдын алу үшін бірнеше жыл киіп жүруге тура келеді;

    Бекжан Қуанышбекұлы
    Бекжан Қуанышбекұлы, тіс дәрігері, Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz
  1. Винирлер (тісті түзету үшін фарфордан және керамикадан жасалынатын әр тіске бөлек-бөлек салынатын пластина).

Бағасы орташадан жоғары. Қисық тістерді түзеу үшін мықты цементпен бекіту арқылы жасалады. Тіс түсін ағартып, қисық тістерді жеке-жеке түзетеді.

Артықшылығы мен кемшілігі:

  • тістерді қатты қисайған кезде түзету мүмкін емес, сондықтан винир қойдырудың көмегі аз;
  • винирлерді өмір бойы киіп жүруге тура келеді және әр 1 жыл сайын ауыстырып тұру керек;
  •  бағасы жоғары;

3. Элайнерлер (тістерді түзеуге арналған ортодонттық каппалар).

Тістерді түзетудің ультра заманауи тәсілі. Әрекет ету принципі – бірте-бірте тістерді түзейді. Элайнерлермен емделу бірнеше кезеңмен жүргізіледі: тістердің бейнесін алу, емдеудің виртуалды жоспары жасалады, емдеу кезеңін бекіткеннен кейін зертханада каппа жиынтығы дайындалады. Емделуші әр элайнерді тәулігіне 22 сағат 2 апта бойы киіп жүруі керек.

Ерекшеліктері:

  • элайнерлер жеке дайындалады;
  • тісте көрінбейді;
  • тісті тазалау мен тамақ ішерде шешіледі;
  • дағдылану проблемасы жоқ;
  • классикалық жүйелерге қарағанда қарсы көрсетілімдері айтарлықтай аз; қарсы көрсетілімдері жоқ;
  • бағасы өте қымбат;
Бекжан Қуанышбекұлы
Бекжан Қуанышбекұлы, тіс дәрігері, Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Брекет қойдыру үшін қанша қаражат керек?

Брекеттің бағасы оның түріне қарай бөлінеді. Ең қолжетімділері — металл брекеттер. Сапфирден жасалған мөлдір брекеттердің бағасы жоғары. Орта есеппен алғанда, «орташа» брекет салдыру үшін қалтаңызда 90 мыңдай ақша болуы керек.

«Bayzak Smile Studio» тіс емханасының қызмет көрсету бағасы:

  • Металлды брекет — 150 000 теңге;
  • Керамикалық брекет — 180 000 теңге;
  • Жақұт (сапфир) — 300 000 теңге;
  • 1 тіске винир қойдыру — 70 000 теңге;
  • Ретейнер — 24 000 теңге;
  • Элайнер — 1000$-3000$ аралығын құрайды;

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

1 пікір

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!