«Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыс президенті, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Жапонияның «Күншығыс елі, гүлөрнекті Алтын шуақ» орденімен марапатталды.
Салтанатты рәсімге Жапонияның Қазақстандағы елшісі Итиро Кабавата, еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қатысты.
Итиро Кабавата Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағаныа 25 жыл толғанымен құттықтап, бейбітшілік пен ядролық қаруды таратпау жөнінде екі елдің әріптестік орнатқанын атап өтті.
«Биыл Жапония мен Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелері ретінде бейбітшілік пен халықаралық қауымдастықтың қауіпсіздігі жолында бірлесе қызмет атқарып келеді. Ядролық қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау Қазақстан мен Жапония қатынастарының негізі бағыты. Сондықтан Жапония «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың президенті Олжас Сүлейменовті ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастық арқылы екі ел арасындағы достық қатынастардың дамуына зор үлес қосқаны үшін «Күншығыс елі, гүлөрнекті Алтын шуақ» орденімен марапаттады», — деді И.Кабавата.
Шара барысында Олжас Сүлейменов Жапонияға деген шексіз құрметін жеткізді.
«Мен Жапония елшіліктерінің көптеген қабылдауларында болдым. Ал бүгін бірінші рет орденмен қайтқалы тұрмын. Жапонияға бірнеше рет сапармен бардым. Алғашқы сапарымнан бері бері жапон халқын, жапон мәдениетін, зияткерлік және рухани әлеуетін ерекше құрметтеймін», — деді ол.
Айта кетейік, «Күншығыс елі, гүлөрнекті Алтын шуақ» ордені 1875 жылдан бері азаматтық және әскери қызметі үшін табысталатын марапат. Орден Жапониядағы ең үздік үш марапаттың қатарына жатады.