Басты бетАлматының 9...

Алматының 9 жасар тұрғыны қалай «Қаланың ең белсенді азаматы» атанды?

Форумның басты мақсаты — халықтың азаматтық белсенділігін арттыру, қоғамдық және қайырымдылық қызметті дәріптеу болды. Алматы қаласының белсенді азаматтарына арналған форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, ірі кәсіпкерлер, меценаттар, тарихшылар, мәдениет және спорт қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен еріктілер тобы қатысты.

Форум аясында өмірлік белсенді ұстанымы бар Алматы қаласының азаматтары марапаттарға ие болды.

Белсенді азаматтар форумы
©Кайрат Конуспаев, «Вечерний Алматы» газетінің фототілшісі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Туған жеріне көмек жасаған жандарды құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек» деп атап көрсеткен болатын.

Аталған форум өз алдына Алматы қаласының дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттай отырып тұрғындардың қоғамдық белсенділігін арттыру, азаматтардың өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін ашу, мегаполисті дамытуға деген жеке қызығушылығына қолдау көрсету міндеттерін жүзеге асыруды мақсат еткен болатын. Жиында аталған мақсаттар мен міндеттер толығымен жүзеге асты деп айтуға негіз бар.

«Ramada Almaty» қонақ үйінің камералық залында Алматы қаласының белсенді азаматтарының жұмыстары қойылған көрме болды. Ал «НОМАД» залында елу үміткердің ішінен іріктеліп шыққан ең үздік жеті азамат «Алматы қаласының ең белсенді азаматы» номинациясымен марапатталды.

Сыдықов Нұрлан
©Кайрат Конуспаев, «Вечерний Алматы» газетінің фототілшісі

«Алматыда жыл сайын осыған ұқсас үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтеді. Үкіметтік емес ұйымдардың саны жөнінен, азаматтық белсенділік жағынан да Алматы қаласы алдыңғы орында. Қазірдің өзінде қаламызда 5 мыңға жуқ үкіметтік емес ұйымдар қызмет етеді. Осының өзі азаматтық белсенділіктің жоғары дәрежеде екенін танытады. Қоғамдағы белсенді азаматтардың еңбегін ешкім елеп-ескере бермейді. Олар да өз қызметі үшін марапат талап етпейтін ерікті тұлғалар. Алайда, біздің қоғам үшін олардың еңбегі өте маңызды. Сондықтан, бүгін қоғам белсенділерін марапаттау үшін осында шақырып отырмыз», -деді Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Сыдықов Нұрлан Ерболатұлы.

Алматы қаласының белсенді азаматы атанған үздік 7 белсендінің қатарында небәрі 9 жастағы Давид те бар. Ол №68 қазақ-неміс гимназиясының 3 сыныбында оқиды. Давид өз үйінің ауласын қоқыстан тазартып, Алматы қаласы тұрғындары арасында әлеуметтік желіде акция ұйымдастырған.

9 жасар Давид
©Nur.kz

Давид Алматы қаласындағы «Қазақфильм» ықшамауданында тұрады. Ол өз ауласын қоқыстан тазартқан соң, көрші үйдің ауласындағы қоқыстарды да жинауға кіріскен. Осылайша, әркім тазалықты өзінен және өзінің айналасынан бастау керек дегенді алға тартқан 9 жасар қала қаһарманы лайықты марапатқа ие болды. Сондай-ақ, Давид бос уақытында сурет салуды ұнатады екен.

9 жасар Давид
©Nur.kz

«Баршаңызға рақмет! Мен көрші ауланы қоқыстан тазартқанда, тым болмаса өзіміз өмір сүретін, өзіміз жүріп-тұратын аумақ таза болсын деген ниетпен істедім. Мен кішкентаймын, сондықтан жасаған ісім де шағын. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, бір көшелер таза болып тұрғанда, сіз де өз көшеңіздің таза болғанын қалайсыз ғой?! Мұның бәрі өз қолымызда! Менің әрбір бастамама қолдау көрсеткені үшін өзімнің ата-анам мен жақындарыма алғысымды білдіремін. Қаланың тазалығы әрбір адамның тазалығынан басталатынын ұмытпасақ екен деймін», -деді жас белсенді.

оқушы Давид
©Кайрат Конуспаев, «Вечерний Алматы» газетінің фототілшісі

Давидтің бұл еңбегіне жиындағы қауым «Бүгінгі күннің кішкентай батыры» деген баға берді.