Басты бетЖаңалықтарОралда республикалық...

Оралда республикалық пікірталас турнирі өтті

Турнирге Тараз, Шымкент, Қызылорда, Семей, Ақтөбе, Атырау, Орал қалаларының оқу орындарынан 37 фракция, 74 пікірсайысшы студент жастар қатысты. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін арнайы жабдықталған мәжіліс залында «Кеңістік уақыт әлемінде» атты пікірсайыс көрсетілім ойыны ұйымдастырылды. Білікті пікірсайысшылар «1997 жыл. БП ҚР Елордасын Алматыдан басқа қалаға көшірудің тиімді жолын ұсынады», «БП Ядролық қарудан бас тартудың ең басты себебін көрсетеді» тақырыбында пікір таластырды.

Шараға көрермен ретінде қатысқан жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері, Орал қаласындағы жалпы орта білім беретін мектептердің оқушылары мен ұстаздары сайыстан үлкен әсер алып, тәжірибе алмасты. Көрсетілім ойынынан соң жастар Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, өңірдің тарихымен танысты.

Үш күнге созылған турнирдің қорытындысында қазақ лигасы бойынша жүлделі 1 орынды Тараз мемлекеттік университеті студенттерінен құралған «Ұлы жорық шәкірттері» (Е.Әбуғали, Н.Қарабаев) фракциясы жеңіп алды. Екінші орынды Семей мемлекеттік медицина университеті студенттерінен құралған «Біз романтик емеспіз» фракциясы (Э.Қыдырмолдин, Н.Есахан), үшінші орынды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттерінен құралған «Президент» фракциясы (Н.Худайбергенов, Д.Яхия) иеленді.

«Үздік спикер» аталымымен семейлік Э.Қыдырмолдин марапатталса, «Үздік төреші» аталымын А.Мақсотов жеңіп алды. М.Өтемісов атындағы БҚМУ ректорының арнайы жүлдесі турнирде озық ойымен ерекшеленіп, жоғары нәтиже көрсеткен Семей мемлекеттік медицина университетінің студенттерінен құралған «Saebizder» фракциясына (Л.Құсайынова, Д.Кенжебаев) табысталды.

Орыс лигасы бойынша жүлделі орындарға Ақтөбе қаласындағы Қазақ-Орыс Халықаралық университетінің «Китайский пистолет» фракциясы (М.Досимов, А.Рахменова), Ақтөбе политехникалық колледжінің «Женская логика» фракциясы (З.Мангибаева, В.Бочарова), Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Wonder» фракциясы (А.Иқсанова, К.Құспанова) лайық деп танылды.