Сондай-ақ, Бауыржан Байбек денсаулық сақтау басқармасының 2016-2017 жылдары аралығында атқарған жұмыстарында денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштері оң динамикаға жеткенін айтты. Мысалы, балалар өлімі 2,5 есе төмендеген, туберкулёз сырқатына шалдыққандарды амбулаториялық емдеу 2 есе өскен. Бұл осы сырқаттан қаза болғандар қатарын 36%-ға азайтқан. Қала тұрғындары арасында тыныс алу органдары кеселінен, жарақат алудан, жұқпалы аурулардан қаза болу көрсеткіші төмендеген.
«Екі жыл ішінде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру айтарлықтай өсті. Денсаулық сақтау саласының 7 объектісі іске қосылды: 2016 жылы 3 нысан, 2017 жылы 4 объекті пайдалануға берілді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында №36 қалалық емхана жеке инвестордың қаржысы есебінен толық іске қосылды. 2017 жылы денсаулық сақтаудың 9 жаңа объектісінің құрылысы басталды. Қалаға қосылған елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтуға айрықша назар аударылуда», — деп атап өтті Бауыржан Байбек.
2016-2017 жылдары медицина ұйымдарын жабдықтандыруға 11 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Келісілген ақы төлеуді енгізу барысында өткен жылмен салыстырғанда дәрігерлердің жалақысы 19%-ға, орта медицина қызметкерінің айлығы 9%-ға өсті.
Алматы әкімі басқарманың жаңа басшысының алдына принципті және жүйелі істі талап ететін бірқатар міндеттерді қойды.
«Тұрғындардың медициналық қызметке риза болуы — денсаулық сақтау басқармасы жұмысының басты көрсеткіші және негізгі критерийі», — деді қала әкімі басқарманың жаңа басшысына.