Мұхтар Әуезов театрында «Адасқақ» драма-диалогының премьерасы өтеді

Аталмыш қойылымның тұсаукесері 29-30 қарашада сағат 18.30-да театрдың үлкен залында болады.

«Адасқақ»  –  көрнекті жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің прозалық циклы бойынша қойылған драма-диалог. Спектакльдің басты кейіпкері – қазақтың атақты әнші-композиторы Біржан сал Қожағұлұлы.

Жаңа туындының сахналық нұсқасын жасаған театрдың «Әдебиет бөлімінің» меңгерушісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Әлия Бөпежанова. Қойылымның режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов. Көркем шығарманың қоюшы-суретшісі Мұрат Сапаров. Музыкамен көркемдеуші – Бейбіт Дәлденбаев.

Спектакльде Біржанның сахналық бейнесін Бекжан Тұрыс сомдайды. Сондай-ақ аталған спектакльде Күнсұлу Шаяхметова, Айзада Сатыбалдиева, Жалғас Толғанбай, Жасұлан Байсалбеков, Болат Әбділманов, Жоламан Әміров, Асан Қырқабақов, Бауыржан Қаптағай, Жанат Тинбаев, Саят Мерекеұлы, Омар Қиқымов өнер көрсетеді.