Басты бет«e-Үкіметтің» даму...

«e-Үкіметтің» даму бағыты қандай?

Қазақстан электронды үкіметке өту жобасын әсіресе, өзін әлемдік тең құқылы мемлекет ретіндегі рөлін бекіте түсу үшін, дәлірегі —  Еурокомиссияның Үкіметтердің веб-технологияларға ентелеуінің классификациясына сәйкес болу үшін қадам басты. Яғни, электронды үкіметке өтудің тіпті саяси себептері барын ескеру керек. Еурокомиссияның класиификациясы бойынша, даму көрсеткішінің жоғары деңгейі деп, үкіметтің қатардағы азаматтармен проактивті байланыс орнатуы да есептеледі. Ендеше, Қазақстан Республикасындағы e-Үкімет қалыптастыру және дамыту кезеңдеріне назар аударайық.

Әуелде, Қазақстанда e-Үкімет қалыптастыру және дамыту үшін бірнеше мемлекеттік бағдарлама қабылданды.  Олар:

  • Қазақстан Республикасында e-Үкімет қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;
  • Қазақстан Республикасының e-Үкіметті дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламасы;
  • «Ақпараттық Қазақстан — 2020» мемлекеттік бағдарламасы.

Осылайша, мемлекеттік деңгейде импульс берілген соң, e-Үкімет жүйесін құру үш кезеңге бөлінді. Бірінші кезекте — «e-Үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын құру қажет болды. Екінші кезекте — «e-Үкіметтің» көрсететін сервистерін дамыту қажеттілігі. Үшінші кезекте – қоғамның өзін ақпараттық технологияларға бейімдеу керек.

E-Үкімет құрудың бірінші кезеңін жүзеге асыру барысында, қорытындылары бойынша — «e-Үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы, «e-Үкіметтің» порталы мен шлюзы, банк жүйесімен өзара ақпарат алмасуға — төлемдік шлюз сияқты басты нысандар жасақталды. Бұлар үшін ақпараттық транспорт магистральдары жасақталып, онда — «мекеме-мекеме», «ведомство-мекеме», «ведомство-ведомство» тандемдеріндегі өзара байланыс орнатылды. Және осылармен бірге – үлгі ретіндегі ақпараттық ресурстар жасалды.

Екінші кезең аясында сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға бағытталған «e-Үкіметтің» сервистері іске қосылды. «e-Үкіметпен» ақпарат алмасудың түрлері кеңейтіліп,, технологиялық инфрақұрылым мен IT-жүйелер енгізілді. Е-Үкімет жасақтаудың бұл кезеңі мейлінше сәтті өтті деуге болады. Бұған сол кезеңдегі e-Үкімет жүйесіне берілген  халықаралық баға куә. Электронды мемлекеттік қызметтер; айыппұл мен салықты  электронды төлеу; лицензияларды электронды беру; электронды нотариат; электронды нотариат; электронды кеден,  ХҚКО-лар, «e-Үкіметтің» Call-орталығы – міне, сол сәтті жобалардың тізімі. Ал ҚР Үкіметінің жұмысын оңтайландыру мақсатында — мемлекеттік органдардың порталдары; электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесі; электронды  құжат айналымы; және т.б. Жобалардың жүзеге асуы – осы кезеңнің басты жемістерінің бірі.

Қазір біз – үшінші кезеңді бастан өткерудеміз. Экономиканың барлық салары үшін IT-технологиялар ендіру, ашық әрі «жедел үкіметті» құру, мемлекеттік басқаруды оңтайландыру,   IT-инфрақұрылымның қатардағы азаматтарға қолжетімді ету проблемалары шешілуде. Сонымен қатар,  электронды денсаулық сақтау, электронды білім беру, және тағы да басқа  кешендер қосылды.

BigData және жария деректерді қолдану мүмкіндігі еліміздің азаматтары үшін ең алдымен – тұрмыстық комфорт.. Мысалы, BigData бойынша «ҰАТ» АҚ мәліметтерді талдау департаментінің мамандары – балабақшалардағы бос орындар жөніндегі мәлімет беретін жүйенің сынақ нұсқасын жасақтауда. Бұл жүйе іске қосылса, мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі орындарды алдын ала көрсетілген шарттар бойынша үлестіруге, қатардағы азамат үшін ең тиімді нұсқа таңдап алуға мүмкіндік ашар еді. Ал 2000-нан астам жария деректің көмегімен түрлі әлеуметтік маңыздағы апплеттер жасақталған. Сипаттай өтсек, айталық, «Астана мектептері» онлайн қызметі – ата-ана үшін баласына оқыту мекемесін таңдауға мүмкіндік береді. «Денсаулық Плюс» апплеті болса, атауына сәйкес – салалық электронды анықтама. Бұл апплетте — дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың тізімдері; медициналық ұйымдардың, тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің тізімдері жөнінде және басқа да мәлімет бар.

Еліміздің «e-Үкімет» веб-порталы арқылы электронды қызметтерді ұсынудағы жетістіктері жекелеген азаматтар мен бизнес үшін пайдалы болатын композитті қызметтер жасақтау бағытын көрсетіп отыр. Бұл жерде алдыңғы орынға – үкіметтің проактивтілігі шығады. Айталық, дүниеге сәби келген кезде, азаматтың талабынсыз-ақ мемлекет оны автоматты  тіркеп, жәрдемақы тағайындап, балабақша кезегіне қойып, бүкіл тіркеу процедураларын тез жасап береді. Осындай, тұрмыстың сапасын арттыру шараларын әрі қарай жалғастыру мақсатында «Цифрлі Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Атап өткеніміздей, енді электронды үкімет әрі қарай – өмірдің барлық саласына байланысты құжат айналымын проактив режимге ауыстыруға бағыт алады.

Бара-бара цифрлік оңтайланып бара жатқан әлемде бәсеке өршіп тұр. Жоғарыда атап өткеніміздей, электронды үкіметті дамытудың саяси ұпайлары да көп, халықаралық ұйымдар мемлекетпен қарым қатынаста электронды қызметтің даму деңгейін бағалап, соған байланысты қабақ танытады. Қазірде одақтас елдердің арасында өмірдің цифрленуі жөнінен Эстония озық боп тұр. Өз кезегінде Қазақстан да электронды үкімет құрудан жоғары рейтингке ие боп келеді. Осылайша, бұл мақалада, экономикамыздың цифрленуі — «неден басталды?», «не болып жатыр?» және «қайда барады?» деген сұрақтарға жауап бергендей болдық.