Касса бір жабылғаннан кейін, ашылмауы керек
Әкем ұстаз болып қызмет етті. Ол бала кезімде «жұмысы бар адам ең бақытты адам» дейтін. Себебі кейбір жандар жұмыс істеу үшін басқа қалаға көшуге мәжбүр болып жатады. Ең бірінші әкемнен алған тәрбием өмірде маған үлкен көмегін тигізді. Бірде ол «Касса бір жабылғаннан кейін, ашылмауы керек» деген еді. «Қағанатты» ашпай тұрып осы ұстанымды ұстандым. Бизнесім табысты болмайынша, ақшаны өзім қалаған заттарға, тойға немесе басқа да қажеттіліктерге жұмсаған емеспін. Бір белдемше, бір жейдемен жүрген кездерім де болды. Бұған ешқашан қынжылған жоқпын. Себебі мақсатым айқын, соны орындауға бар күшімді салдым. Ақшаны жұмсағым келмегені соншалық, өзіме үй сатып алуға 10 жыл уақыт кетті.
Ақшаны табыс әкелетін нәрсеге жұмсау қажет
24 жасымда Кийосакидің «Бай әке, кедей әке» деп аталатын бизнеске қатысты кітабын оқыдым. Кітаптан үш нәрсені түйдім. Бірінші, егер бай болғың келсе, ақшаны табыс әкелетін нәрсеге жұмсау керек. Сол үшін 40 жасқа дейін ақша әкелмейтін заттарды мүлдем сатып алмадым. Екінші, ұжым бәрінен маңызды. Онсыз ісің алға баспайды. Жақсы ұжымың болғаны да — үлкен бақыт. Үшіншісі, егер сен күнделікті жұмысқа баратын болсаң, бұл – жұмыс. Ал жұмысқа бару немесе бармау өз еркіңде болса, бұл – бизнес. Осы кезден бастап неге қол жеткізу керегін анық білдім.
«Жоқ» деп айта алу
Шешім қабылдар кезінде табиғи мінезімде «жоқ» деп айта алатын батылдық пен қаттылық болмады. Бизнестің ауқымы кеңейгенде мұндай қасиеттердің болмауы бизнестің дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан өзіме сондай қасиеттері бар адам іздей бастадым. Ол адам табылып, оған бизнесті үйретуге 4 жылымды арнадым. Осы уақытта жасым 28-де, оның жасы 19-да еді. Қиындықтар көп болғаны рас. Бірінші қиындық бизнесімді қалай ойлаймын оған да солай ойлауды үйрету болды. Сондықтан оның өмірге деген көзқарасын өзгертуге тура келді. Себебі адамдар әртүрлі ортада, отбасында өседі. Оның еңбекқор және адал екенін байқадым. Қазір көптеген кәсіпкерлер жұмысқа қызметкерлер алу үшін хабарландыру беріп жатады. Менеджерлер, топ-менеджерлерді тапса, қуанып, оларға барлық өкілеттік береді. Әрине, олар бірден барлық жұмысты ойдағыдай жасап кете алмайды. Кейде жалдамалы менеджерлердің жұмыстары көңілден шықпай жатады. Осыдан кейін ол қызметкерге деген сенім жоғалады.
Алғашқы қиындықтар туралы
Туған-туысқандарымның ақшалай көмектесе алатындай жағдайы болса да, бизнес ашуға қаражат бермейтін еді. Оларды жақсы түсінемін. 1996 жылдар қиын жылдар болды. Адамдар ақша табу үшін заттарын сататын. Содан үлкен кісіден тоңазтқышын сатып алатын болдым. Оны 4-қабаттан қалай түсіргенім есімде. Екінші қиындық — барлық жұмысқа үлгеру. Алғашқы кездері тауарларды сатып алып, тамақ пісіріп, еденді және ыдыс-аяқты өзіміз жуатынбыз. Қасымда анамның сыныптасы болды. Кейіннен хабарландырумен аспазды жұмысқа алдық. Оған жалақы төлеуге қаражат болмады. Бірнеше тағамды сатып, ақшасын ала сала, қызанақ пастасын, май, кеспенің бір қорабын және басқа да азық-түліктерді сатып алуға кететінмін. Тіпті таксиге төлейтін ақша болмай, ауыр заттарды өзіміз тасыған кездер болды. Сол кезде күндердің күнінде өзімнің машинам болатынына қатты сендім. Осы күнге де жеттік.
Бір күні еденді жуып жатқанымда, бөтен ер кісі келіп, кассадағы қызға «Бастығыңыз қайда?» деп сұрағанын естідім. Бұл кезде ешкім мазамның алғанын қаламадым. Себебі еденді тез жуып бітіріп, тауар сатып алуға кету керек еді. Ол кісінің костюм кигенінен әкімдіктен келген деп ойладым. Кассадағы қыз мені меңзеген еді, ештеңе деместен шығып кетті. Қайта келген жоқ. Осы жағдайдан кейін қарапайым болғанның да жақсы жақтары бар екенін түсіндім.
Жеке кәсіп ашқысы келетіндерге кеңес
Қоғамдық тамақтануды кішкентай кезімнен бес саусақтай біліп өстім. Бұл бизнесті жайдан-жай таңдаған жоқпын. Әпкем Мәскеуде ауыл шаруашылығы институтын бітірді. Алматыға келгенде, «Жұлдыз» мейрамханасында басшы болып қызмет атқарды. Кеңес дәуірі кезінде 12 жасымнан кондитерлік цехтерде тәжірибеден өтіп, табыс таба бастадым. Асханалардың ішінде не болып жатқанын біліп өстім. Бұл кәсіп өзіме жақын таныс болды. Жаңа кәсібін ашқысы келіп жүргендерге айтар кеңесім, өзі білетін, жанына жақын кәсіпті қолға алған дұрыс.
Дизайн туралы
Бір танысым дизайнер болып жұмыс істейтін. Есімі — Юлия Клюева. Бірде маған: «Сенің асханаң бірнеше дүкендердің арасынан көрінбейді. Асхананың қасынан өткенде оның ерекшеленіп тұратындай бір өзгешелігі болуы қажет» — деді. Олай болса осыны жүзеге асыруға көмектес деп өтініш білдірдім. Ол көмектесуге бірден келісе кетті. Содан асхананың дизайнын жасау үшін фирмалардың көмегіне жүгіндік. Олар бізге аспаздың, біресе кофенің суретін ұсынды. Біз жалдаған фирманың қызметі (2 мың доллар) қымбат болатын. Кейін досыма өзің неге жасамасқа, қызметіңнің ақшасын төлеймін дедім. Юлия келісіп, барлық дизайнды өзі жасап беріп отырды.
Қалай «Қағанат» деп аталды?
Қағанаттың екінші нүктесін ашып жатқанда асхана «Қанағат» деп аталатын. Асхана атауын патенттеуге Астана қаласына құжаттарды жібердік. Бірақ өтінішті қабылдамай кері қайтарды. Қазақстанда «Қанағат» деп аталатын қоғамдық тамақтану орны тіркелген екен. Бизнесімді басқаруға көмектесетін орынбасарым орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ беретін еді. Оған егер әріпін өзгертсек қалай болады? Қазақ тілінде «Қағанат» деген сөз бар бар ма? Бар болса қандай мағына береді? деп сұрадым. Ол «империя» деген мағына дегеннен, маған керегі де осы дедім.
Шынар Бүгімбаева жетістігінің сыры
Ғарыш кемесі орнынан қозғалайын деп жатқанда жанармайдың 80 пайызын құртады. Жаңа кәсіп ашқалы жатқандарға да ғарыш кемесі сияқты бар күшін алғашқы уақытқа жұмсау керек. Егер олай жасамаса, бір нәрсеге қол жеткізуі екіталай. Қазір көп жас кәсіпкерлермен әңгімелескенде, «мына бизнесті жасап көрейін, егер қолдан келмесе, басқа бизнеспен айналысамын» дейді. Бірақ бұл — олардың қателігі емес. Мәселен «А» жоспары іске аспай қалса, «Б» жоспары бар деген секілді нәрсе. Менің өмірімде «Б» жаспары болған емес. Қағанаттың нарықта 21 жыл жұмыс істеп жатқаны, алдымен қызметкерлерімді, бізге келетін қонақтарды, қолға алған ісімді сүйетіндігімнен деп ойлаймын. Жетістікке жетудің құпиясы да осы…
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.
Қағанат асxаналар желісі құрылтайшысы апаттан мерт болды жақында деп естіген едім, қауесет болғаны ма?
Керемет, жетістіктеріңізбен бөліскеніңіз
үшін!
ол рас. былтыр қыркүйек айында қайтыс болды. Бұл кісі Үлкен бастық.