Басты бетЖаңалықтарАқмола облыстық...

Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс 16-сессиясында бірқатар мәселелер қаралды

Сесияға облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Баймағамбетов төрағалық етті. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлгаждаров бюджет қаржысын қайта бөлу арқылы тиімді пайдалану қажеттігін алға тартып, қазіргі күні өткір сипат алып отырған жылу беру маусымын дұрыс өткізуге, әлеуметтік саланы дамытып, су жүйесін жетілдіруге қаржы бағыттау қажеттігін атап өтті. Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясында алдын ала талқыланған бұл мәселеге депутаттар түсіністікпен қарап, басқарма басшысының ұсынысын бірауыздан қолдады.

Облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы, жұмыс тобының мүшесі Венера Төлегенова Ақмола облысының құрметті азаматы атағына облыстық мәслихат депутаттары  ұсынған Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сағынтай Елубаевтың еңбек жолы туралы баяндап, депутаттардан ұсынысты қолдап шешім қабылдауды сұрады. Депутаттар тарапынан бұл ұсыныс қолдау тауып, мәслихат сессиясының шешіміне сай, өңіріміздің, жалпы  еліміздің білім саласын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген С.Елубаев облысымыздың құрметті азаматы атанды.

Облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібіне ұсынылған облыс әкімдігі жанынан құрылған бірқатар комиссиялардың құрамына енгізілген өзгерістер туралы ақпараттар тыңдалып, депутаттар тарапынан мақұлданды. Күн тәртібіне ұсынылған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.