Ақтау қаласына жаңа әкім тағайындалды

Ғалымжан Ниязов бұған дейін Маңғыстау облысы әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және инновация мәселелері бойынша кеңесшісі қызметін атқарды.

Ғалымжан Ниязов Мұқырұлы Маңғыстау облысы, Шетпе селосында 1973 жылы 14 сәуірде дүниеге келген. Ол 2000 жылы Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық политехникалық университетін, 2008 жылы Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік инжиниринг университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1990 жылы Шевченко қаласында темір желімдеушісі (слесарь), кәсіпорынның жүргізушісі болып бастаған Ғалымжан Мұқырұлы 2013-2014 жылдары аралығында Қызылорда облысы құрылыс басқармасының бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары болды. 2014 жылдан 2016 жылға дейін Қызылорда облысы Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы қызметін атқарған. Ал 2016 жылдан 2017 жылға дейін Астана қаласында «СК-Фармация» ЖШС-де бөлім басшысы, басқарушы директор, департамент директорлығына тағайындалды.

Айта кетейік, 2017 жылы наурыз айынан бастап Маңғыстау облысы әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және инновация мәселелері бойынша кеңесшісі қызметін атқарып келген.