10 жасымнан бастап семсерлесу спортымен айналысып келемін. Астанада 4-сыныпта оқып жүргенімізде, мектепке Шымкенттен екі жаттықтырушы келді. «Семсерлесу секциясына жазыласыңдар ма?» — деп сұрады. Сыныптағы 20 бала бірден жазылып алдық. Бірақ екі-үш күн өткеннен кейін жалғыз өзім қалыппын. Сөйтіп үш жыл бойы жаттығуларға жалғыз, дара қатысып жүрдім.
Жаттықтырушым алғашқы жарты жыл бойы мені физикалық тұрғыдан дайындады. Ол кездерде қарапайым жаттығулар жасайтынмын. Бірақ жүйелі түрде. Одан кейін әртүрлі видеоларды көрсете бастады. Тек бір жыл өткеннен кейін ғана қолыма қару алдым.
Бұл — ең алдымен, интеллектуалды спорт. Семсерлесуді көбіне шахматпен салыстырып жатады. Сырт көзге олай көрінбеуі мүмкін. Бірақ семсерлесудің алдына қойған басты мақсаты — қарсыласыңды алдау. Сол себепті спортшы тактикалық жағынан мықты болуы керек.
Семсерлесуді ұнату үшін, қандай екенін білу үшін, айналысып көру керек. Сол кезде ғана оның «азарт» ойын екенін білесіз. Бала кезімде машинамен, тапаншалармен ойнамайтынмын. Қылышты жақсы көретінмін. Соған қарағанда, болашағымды бала кезден байқаған тәріздімін (күледі).
Ата-анам «семсерлесумен айналысамын» дегенімде қарсы болмады. Бірақ дос балалар күлкі қылып жататын. «Көшеде төбелесу керек болса, қылышыңды қайдан табасың? Өзіңмен бірге алып жүресің бе?» деп келеке қылатын. Жарыстарға барып, чемпион бола бастағаннан кейін мұндай әңгімелер сап тыйылды. Тіпті осыдан кейін семсерлесуге қызыққан достарым да бар.
«Чемпион спорт мектебінде оқуы керек»
Қазір Спорт және туризм академиясының студентімін. 11-сыныпты Алматыдағы Каркен Ахметов атындағы спорт мектебінде бітірдім. Мектептегі жүйе өте қатты ұнайтын. Барлық жерде тәртіп бар. Таңғы сағат 7-де оянамыз. 8-ден 10-ға дейін таңғы ас ішпестен жаттығу жасаймыз. Күніне бес рет тамақтанатынбыз, әр ас өлшеммен беріледі. Бұның барлығы спортшы үшін арнайы жүйелеген. Кешкі сағат 11-де қатаң түрде ұйықтау керек.
5-сыныптан бастап жарыстарға қатыса бастадым. 8-сыныпта оқып жүргенімде, кадеттер арасында ұлттық құраманың сапына өттім. Азия, Әлем чемпионатына қатыстым. Биыл наурыз айында Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болдым. Алла қаласа, 2020 жылғы Олимпиадаға қатысу үшін бар күш жігерімді саламын.
Таңертең сағат 8 жарымда тұрамын. Таңғы ас ішкеннен кейін жаттығуға кірісеміз. Сағат 12-де таңғы жаттығу аяқталады. Кешкі жаттығу сағат 5 жарымда басталады. Ол 8 жарымға дейін жалғасады. Жаттықтырушыларым мені «тактикалық тұрғыдан жақсы семсерлесуші» деп бағалайды, бірақ физикалық жағынан күшімді арттыруым керек.
Шахматтан 3-разрядты спортшымын. Бұл дәрежені шахматпен екі айда айналысқаннан кейін алдым. Мұндай жылдам қарқынға жаттықтырушым, әлем чемпионы Юрия Сергеевна әсер етсе керек. Ол кісінің бізге сіңірген еңбегі көп.
Семсерлесуден оқу-жаттығу жиындарын Ресейде өткіземіз. Көрші мемлекетіміз Рио Олимпиадасында тек семсерлесудің өзінен үш алтынды алды. Бұл жақтағы бәсеке өзгеше мықты. Мұндай әріптестермен жұмыс істеу өте тиімді деп санаймын. Алматының өзінде айына кем дегенде бір рет турнир өткізіліп тұрады. Халықаралық жарыстар да жиі өтеді. Қаржыны Қазақстан Республикасының ұлттық семсерлесу федерациясы бөледі. Нәтиже көрсетіп жатса, спортшыларына жеткілікті жағдай жасайды.
Менімен қатар жүрген мықты қарсыластарым бар. Кез келген спортшы үшін ынтамен жаттығу ғана емес, қарсыластар да ауадай қажет. Соңғы жылдары семсерлесу әлем елдерінің барлығында өте жылдам қарқынмен дамып келеді. Қазір Еуропада ғана емес, Араб елдері, Малайзия, Тайланд сияқты мемлекеттерде өте жақсы танымалдылыққа ие болып жатыр. Хиджаб киетін спортшы қыздар да жарыс алаңынан көріне бастады.
Семсерлесудің қандай артықшылықтары бар?
Бұл спортты көбіне аристократтардың спорты деп айтып жатады. Мысалы, Ресей Федерациясының басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев — бұрынғы семсерлесуші, оның балалары да осы спортпен айналысады. Біздің биліктегі азаматтардың арасында да осы спортпен айналысатындар бар. Семсерлесумен шахмат тәрізді миыңды жаттықтырасың, жылдамдыққа үйренесің әрі физикалық тұрғыдан да шымыр боласың. Қыздар үшін де жабық әрі ыңғайлы киім болуы да артықшылық деп санаймын. Рио-2016 Олимпиадасында алғаш рет хиджаб киген спортшы қыз қола жүлдегер атанды. Осыған қарап-ақ қолайлы спорт екенін байқаймыз. Әрі семсерлесуде қыздарға да, ұлдарға да ереже — бір.
«Бізді жиі тексереді»
Семсерлесуде үш қару бар: рапира, шпага (семсер) және қылыш (сабля). Бұл үшеуін ұстау үшін арнайы құжаттарымызды өзімізбен бірге алып жүруіміз керек. Әсіресе, әуежайда қатаң тексереді. Рапирамен семсерлесу кезінде қаруды тек денеге тигізу керек. Шпага (семсер) екеуін қарсыласымызды шаншу арқылы қолданамыз. Мен қылышпен семсерлесемін. Жеке өз басым үшін ұнамсыз тұсы: қылышпен семсерлесуде балл төрешінің шешімімен қойылады. Сол себепті әділеттіліктен бұрын, субъективті көзқарас басымдылыққа ие болып кетеді. Әділетсіз жарыстарым болды. Кувейт елінің өкілін 1:8 есебімен ұтып жатқанымда, жеңіс бұрылып кетті. Апелляцияға бердік, ештеңе шықпады. Мысалы, қазақ пен италян семсерлессе, италян «жеңеді». Өйткені «қазақ» пен «бокс» егіз ұғым болса, «италян» мен «семсерлесу» де қатар ұғым тәрізді болып қалыптасып кеткен. Алайда мұндай жағдайды ескере отырып, біз, қазақтар, олардан екі есе артық жаттығуымыз керек. Төрешіні амалсыз күйге қалдырып, таза жеңісті алуымыз керек.
Бір айналыссаң, бас тартқызбайтын спорт
Олимпиаданы бір емес, бірнеше рет ұтқым келеді (жымияды). Бұл спортпен 40 жасқа дейін айналысуға болады. Бірақ бізде «бұрынғы семсерлесуші болмайды» деген ұғым бар. Ел ішінде ардагерлердің турнирлері жиі өтіп тұрады. Аталарымызбен жасты семсерлесушілер ондай жарыстардан қалмайды. Семсерлесумен бір рет айналысып көрген адам ендігәрі бас тарта алмайтын болып қалатыны рас.
Аян Бексұлтанов, семсерлесу бойынша Алматы қаласы және РСК-нің аға жаттықтырушысы: Назарбай — алдымен, ұқыпты спортшы. Одан кейін артық жаттығуды жасаудан жалықпайтын семсерлесуші. Бұл оның спортқа деген махаббатынан туындаған қасиеттері болар деп ойлаймын.
Кішкентай кезінде Олимпиаданың алтынын алып тұрған сәтін түсінде көрген екен. Оны өзі де, біз де бекерге баламаймыз. Бірде Назарбайды семсерлесуге алғаш баулыған жаттықтырушысымен сөйлестім. Ол кісіге бастапқыда 20 бала жазылыпты, екі-үш күннен кейін тек Назарбай қалған. Үш жыл бойы қалмай келген. «Осы үшін ғана таңнан бастап мектепке келетінмін. Не өзі қайтпайды. Мектептегі семсерлесу секциясын осы ғой жапқызбаған», — деп күледі Сергей Егоров.
Назарбай — нағыз чемпион спортшы. Алда талай биікті бағындырады деп сенемін. Өзін ылғи салмақты ұстайды. Көп спортшы дәл жарыс сәтінде ештеңені ойлай алмайды. Ал Назарбайға семсерлесу кезінде «мына дұрыс істемей жатсың, жөнде» деп айтсаң, бәрін орнына келтіреді. Бұл оның бір уақытта екі нәрсені қатар орындай алатындығын көрсетеді. Адам сүйсінтер тағы бір қасиеті — қайтпас-қайсарлығы. Мысалы, қарсыласынан 14:6 болып ұтылып жатса да, жеңетін адам сияқты семсерлесе береді. Бұл қасиеттері оны жеңімпаз етеді.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.
Олимпияда чемпионы болсын беп тылеймыз Алладан. Аумин. Агасы Канат.
Назарик жаным биик биик шындардан корине бер жаным биз оте куаныштымыз балапан????????????????????????????????????????????
Назарик балам улкен женистерин кутты болсын! Алланын назарында Бакыттын базарында журуине тилектеспин жаным!!!
Назарик бауырым биик шындардан корине Бер казакстаннын туын желбирет жаным ,изги ниетпен лязат апан и жезден Халдар
Назарик женистерин кутты болсын,буданда жогары шындардан корине Бер бауырым,! Казакстаннын туын чемпионата желбирет Бер,жан бауырым.