Басты бетЖаңалықтарҚостанайда 40...

Қостанайда 40 жыл трактор айдаған батыр ана тұрады

Түгін тартса, май шыққан құнарлы өңірде жыл он екі ай ерлермен бірге еңбек етіп, ел ырысын арттырған батыр аналар да жетерлік. Солардың бірі – Галина Молдахметова. Ол 14 жасынан бастап зейнетке шыққанша еңбек етті. Соның 17 жылында трактор тізгіндеген.

Галина Молдахметова 14 жасынан еңбекке араласты. Алғашында сауыншы болды. Қаршадай қыз бала отыз сиырды бір өзі сауатын.

1978 жыл. Кәмшат Дөненбаеваның аты дүркіреп тұрған шақ. Қайсар қазақ қызын үлгі еткен 32 жастағы Галина Сейітқызы да трактор ершігіне отыруға шешім қабылдады. Жұбайы Тоқтарбай да оған қарсы болмады. Сөйтіп, механизаторлық оқуға барды. Еңбек жолы басталды.

Галина Молдахметова, еңбек ардагері:

— Ең алғашқыда бізді ДТ, Беларусь тракторын тебуді оқытты. Жұмыс ауыр болды. Жылап та жүрдім. Трактор сынып қалғанда не істеріңді білмей, бәрібір еркектің көтергеніндей көтере алмаймыз ғой, біліп тұрсаң да, еркек кісі керек. Бірақ мені ешкім мәжбүрлеген жоқ, өзім барғасын істеуім керек болды.

Намысқа тырысқан әйел сол қалпы табан аудармай, 17 жарым жыл тракторда істеп, 9 көлікке мінді. Көктемде жер жыртты, күзде егін жинады, қыста малға шөп тасыды. Еңбегі еленіп, бірнеше рет марапатқа ие болды. Бейнетке толы өмірлерін жиендеріне баяндаудан қариялар жалыққан емес. Зейнеткерлер жастығы өткен егіс даласын есіне жиі алады.

Галина Молдахметова, еңбек ардагері:

— Машинамен келе жатып, егістіктікті көргенде тракторларға қарап, шіркін-ай, бұрынғыдай істесем-ау деп ойлайсың. Қазір қартайсаң да сол уақыт ойға түседі.Қиындық көрген кез бақытты кез екен.

Бейнет түбі – зейнет. Маңдай терінің жемісін көрген қарттар, азат елдің ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерін көріп қуанады.

Тоқтарбай Молдахметов, еңбек ардагері:

— Қазіргіні ол кезбен салыстырғанда қазір тіпті трактордың ішінде ойнап отырасың, бәрі жаңа, комбайн да, трактор да, жаңа шығып жатқан жабдықтар. Көзің қызығып, жүрегің лүпілдеп тұрады, біздің кезде бұлардың бәрі болмады, енді қазір істесек деп ұмтылғың кеп тұрады.

Еңбекқор отбасы өмірге жеті бала әкелді. 4 ер баласы ерте шетінеді. Үш қызы бой жетіп, 5 жиен сүйдірді. Галина әже жақында 70-ке толады, ал Тоқтарбай атамен отасқанына тура жарты ғасыр.

Дереккөз24.kz