Ашылу салтанатына халық әртісі Айман Мұсақожаева, халықаралық конкурстардың лауреаты Еділ Құсайынов және Қазақ ұлттық өнер университеті Еуразиялық симфониялық оркестрі мен «Шабыт», «Айгөлек» ансамбльдері қатысты.
Еліміздің мәдениет және кино күндерінің ашылу салтанатында министр Арыстанбек Мұхамедиұлы аталмыш шараның казақ-америка арасындағы мәдени байланысқа ықпалы зор екенін атап өтті.
«Біз өте қуаныштымыз. Өйткені, қазақ киносының туындыларын Лос-Анджелеске әкеліп тұрмыз. Яғни оның ішінде біздің классикалық «Қыз Жібектен» бастап, қазіргі кезде халықтың көңілінен шығып жүрген керемет туындылар бар. Елбасының тарихи еңбегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Қазақстанның қазіргі өнерін бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Біздің мақсатымыз – тек қана өз өнерімізді көрсету емес, оны бірлесіп алдыңғы қатарлы киноиндустриялармен бірге дүниежүзіне кеңінен тарату», — деді ол.
Қазақстанның Мәдениет және кино күндері режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» атты көркем фильмімен ашылды. Бұл картинада бір отбасы арқылы барлық халықтың тағдыры мен тарихы бейнеленген. Тың туынды халықаралық деңгейде жоғары бағаланды.
Американдық актер Джон Малковичтің айтуынша, қазақ кинолары американдықтар үшін жаңалық болмақ.
«Мен қазақстандық киноиндустрияның қайраткерлерімен бұдан 6 жыл бұрын Алматыда кездестім. Осы жазда Астанадағы кинофестивальде болдым. Мәдениетіміз, тіліміз бен тарихымыз әр алуан. Алайда америкалық көрермен үшін бұл – жаңа кино. Сіздердің көшпенділер туралы тарихи туындыларыңыз таңдай қақтырады», — деді ол.
Айта кетейік, көрермендер режиссер Сұлтан-Ахмет Ходжиковтің «Қыз Жібек», Рүстем Абдрашевтың «Балалық шағымның аспаны» және «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмдерін қазақ тілінде ағылшын субтитрімен тамашалады.