Алматылық 21 жастағы қыз көпшілікті кәсіпкерлік қырымен таң қалдырды

Рахима Ғазизова – Алматыдағы Ұлттық университеттің филология факультетінің студенті. Бүгінде 4 халықтың тілін еркін меңгерген білімді бойжеткен өзі құрастырған әдіс бойынша ағылшын тілін өзгелерге үйретуде. Ол аздай, Астана тұрғындары үшін таза отандық өнімдерді саудалайтын «Халық маркасы» атты алғашқы дүкендер желісін ашып отыр.

Ең жас кәсіпкер ашқан «Халық маркасы» дүкенінде қазірде Қазақстанда жасалған 500-ге жуық тауардың түрі бар. Бизнесте айтарлықтай тәжірибелі болмаса да, Рахима бұл сүбелі іске өзіндік лебін алып келген сыңайлы.

Тағы бірнеше шет тілін меңгеру мен бизнестегі үлкен жоспарлар студент Рахима арманының әлі шыңы емес. Ол ел өміріндегі ең маңызды оқиғаларға атсалысып, өзіндік қолтаңбасын қалдыруды қалайды.

“ЕХРО-2017 ұлттық компаниясы Texspire атты дизайн мен тоқыма студиясына ұлттық павильонды жобалауға тапсырыс берді. Мен сол жобаның менеджері болдым. Оны әуенмен әрлеп, ІТ жағынан толықтырып, барынша кәсіби тұрғыда ұсыну үшін іздендім. Сондықтан ЕХРО-ға үлесімді қостым деп ойлаймын”, – дейді Рахима Ғазизова.

Заман ұсынған үлкен мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, сескенбей, іс жүзінде қолдана білу тек білімді, мақсаты айқын жастардың ғана қолынан келеді. Рахима да сол алдыңғы қатардағы озық ойлы ұрпақтың өкілі. Жақында Лондондағы әлемнің ең үздік университеттерінің бірі оны білім алуға шақырыпты.

Дереккөз24.kz