Үш дос – үш өмір

Соғысты тек жеңіс пен әдемі экипировкадан, одан қалды – ән мен биден тұрады деген насихат белең алған. Компьютерлік шутерлерден бастап, соғысты, соғыс идеясын ашық үгіттеушілер арылар емес. Өскелең ұрпаққа оның трагедиясы жете айтылмай келе жатқан сыңайлы. Сондықтан, Тілеубек Ғалымовтың осы әңгімесін жариялауды жөн көріп отырмыз. Бұл – соңғы кезде құны түсіп бара бейбітшіліктің мәнін бір сәтке болса да сезінуге септігін тигізер деген дәме бар.

Әлидің бүгін жаралыларға жасаған операциясында шек жоқ, өз халқына жаны ауырып, жүрегі қан жылайды. Қандай жап-жас жігіттер мен қыздар, ақсақалды үлкен қариялар, ақ шашты әже-аналар, жасына жетпей қартайған сұлу келіншектер, балалар мен жас сәбилер бомба мен ракета жарылысынан, жарықшақ пен оқтан қансырап, аянышты, жалынышты түрде «дәрігер мырза, менің өмір сүргім келеді, шыбын жаныма араша болыңызшы, көмектесіңізші» деп көз жұмғандарына тура қарай алмай, көзіне келген жас моншақтарын теріс айнала ақ халатының жеңімен сүйкеп өтеді, қолынан келгенінің бәрін жасауда, бірақ құдай емес, тура келген ажалға қарсы тұрар күш жоқ.

Қазір Әли жасырын әскери госпитальдің бастығы, өз мамандығын шебер меңгерген хирург. Әттең, керекті дәрілер жоқ. Шіркін, бейбітшілікте өткен өмір жұмақ екен ғой. Бұрын Болат, Игорь үшеуі мединститутта оқығанда керемет дәрігерлер болсақ деп армандаушы еді, бір ауылда бірінші сыныптан бірге оқыды, достар алты жыл бір бөлмеде жатты, бір үзім нанды бөліп жеді. Біз асыл Баянның, Көк таудың перзенттеріміз деуші еді. Әттең, сол тәтті күндер мен түндер!

Үшеуі де қазақша оқыған, қазақша сөйлесіп, қазақша сырласатын. Әсіресе Игорь қазақша өлеңдерді керемет айтатын. Болат оған мәз болатын. Бірі шешен, бірі орыс достарын аса қадірлейтін, соған жанындағы екі досы да бірден шаттанатын. Төбесінен жәй оғы түскендей кенеттен қайтыс болған Болаттың қазасы Әлиді біраз уақыт есеңгіретіп жіберді. Не керек, шындығы сол — Болат енді бұларға жоқ. Әттең, осы соғыс болмаса қайтсе де іздеп барып, басына құран оқытып қайтар еді. Ол көзіне жас алды, қолына тамған жасы мөлдір екен, дәмін көріп еді тұзды екен.

Құдай-ау, адамның көз жасы ащы күйіктен тұзды болар, сірә! Ол тез сергіді, бірақ та қатты шаршағанын сезді, сөйтіп көмекші медбикесін шақырды.

– Зухра, бүгін қанша операция жасадық?

– Жүздей адам… Сіздің өзіңіз отызға жуық адамға, бар-жоғы кеше екі-ақ сағат ұйықтадыңыз.

– Мен демалайын, қажет кезінде оятарсыз.

– Жарайды.

Неткен жаман еді қан иісі, қан-қан халатты шешіп кереуетке қисайғаны сол еді қор ете түсті.

* * *

Ол түс көрді. Баяғы балалық шақ кезі. Бұлар қолдары босаса болды футбол ойнайтын. «Қайрат» командасы десе жандарын беретін. Үшеуі әдебиетті керемет сүйетін, әсіресе Ілияс Есенберлиннің кітабындағы мына Абылайхан сөзін Болат керемет қайталаушы еді:

«Үмітсіз тек шайтан дейді қазақ. Жоқ ол бекер екен. Ең үмітсіз көктемі мен жазы өткен, терең тамырлары қайта жасармастай боп семген кәрілік екен…

Жоқ, мазасыз ой, бітіспес тартыстан, тәнім емес, жаным қартайыпты. Ал жанның қартайғаны – шын кәрліктің сөнгені.. Үміттің сөнгені – ол сенің өлгенің!. «Рас, Болат, мен де қартайдым, жаным өлді. Сен неге осы сөзді айта бердің, мен түсінбеймін, мен де шаршадым қан төгістен, мен дәрігер болсам да өзімді періште демеймін, мен де кісі өлтірдім, өйткені бұл соғыс қой, соғыста аяушылық болмайды, өлтірмесең сені өлтіреді. Бірақ алдыма операцияға келген адамды ұлтына бөлген жоқпын, жауым болса да көмектесемін, өйткені біз дәрігерміз ғой. Болат, сенімен сөйлескім келеді, сенің жаныңа барғым келеді».

Әли біреудің жұлқығанынан оянып кетті, Зухра екен.

– Доктор, Сізді ауыр жаралы бір офицер іздеп жатыр, өзі дәрігер екен, атыңызды естігесін «айтыңдаршы, көрсетіңдерші» деп жалынды. Жігіттер атып тастайық, бәрібір адам болмайды деп еді, мен әзер қойдырдым.

– Қазір. – Әли атып тұрды.

Зухра екеуі тез жүгіріп келсе носилкада қанға боялып жатқан өзінің досы Игорь екен, полковник. Әли жерде жатқан досын құшақтай алып бетінен сүйіп, баяғыдай қазақша сөйлеп жатыр.

– Игорь, тұршы, басыңды көтерші. – Көзінде жас. Жаралы офицер көзін ашты:

– Әли, сенсің бе? — деді ол қазақ тілінде.

– Иә, мен ғой.

– Мен өлетін шығармын. Арманым жоқ, сені көрдім, — деп Игорь есінен танып сылқ ете түсті.

– Өлмейсің, Игорь, өлмейсің, – деп күбірлеген Әли дереу операция столына жатқызуға бұйрық береді. Мина жарықшағы жанды жерін жапырып кеткен. Тез наркоз беріп, тас-талақан болған етін сылып алып тастап, қан тамырларды байлап, қанын тиды. Игорьдің бірінші группа екенін білетін Әли екі жүз елу грамм өз қанын құйғызды. Содан жүрек соғысы дұрысталып, бүрік-бүлк етіп қан тамырларындағы пульс орнына келе бастады. Операция сәтті аяқталды.

* * *

Үш күн өткен соң Игорь есін жиып жан-жағына қараса Әли отыр екен.

– Халің қалай, досым?

– Білмеймін, сен білесің.

– Бәрі жақсы…

* * *

Бір жұмадасын Игорь өзіне келген Әлиге қатты ренжіді.

– Досым-ау, мені сол операция столында неге өлтірмедің? Мына түріммен қалай өмір сүрем, әйеліме қалай қараймын….

– Әй, Игорь, өзіміздің қолдан түсірмей көтеріп жүрген Ира қызымыз үшін өмір сүресің.

– Білмеймін, Әли, менің өмір сүргім келмейді…

– Жоқ, Игорь, сен әлі өмір сүресің, біздің Баянауылға барып, Жасыбайға барып шомыласың, бәрінен тазарасың. Шіркін, ауылға жетер не бар!

Ащы өзеніне, жазда таңертеңнен кешке дейін түсіп алаңсыз ойнайтын кездер ше, Болат үшеуміз қандай достар едік, ой заман-ай!

– Иә, Әли, мен Болат досым үшін елге барам, бір уыс топырақ та сала алмадық, өмір деген сол, әкей мен шешей тірі, Баянауылда солар ғой хабарлаған, ауылда тұрады, менің келешегім қандай боларын кім білсін…

– Иә, елге танитындарға, сыныптастарға сәлем айт.

Әлидің әскери бастықтары Игорьді өздерінің дала командиріне айырбастауға әзер көнді. Кездесуге келіскен жерге бұлар УАЗ машинасымен қарулы жігіттермен келді, бүкіл құжаттарды Игорьдің қолына ұстатты. Екі қарулы топтың – өшіге, автоматтарын бір-біріне кезегеніне пысқырып та қарамай құшақтасып сүйіп қоштасты.

* * *

Біраз күн өткен, дала госпиталында үсті-басы қан-қан болып операция жасап жатқан Әлиді желкеден мылтықтың дүбісімен бір ұрып талдырып, түрмеге бір-ақ тықты.

Таңдайы кеуіп, шөлдеп жатыр екен, есін әзер жиды. Қолымен басын сипап көріп еді, шүйдесі шоқпардай боп ісіп кетіпті.

– Су, су, — деді даусын әзер көтеріп.

Мұның жаны қиналып жатқанына ешкім құлақ түрген жоқ.

* * *

Таңертең өз машинасымен жұмысына бара жатқан Игорь өте көңілсіз еді. Өйткені әйелі – Галя бұның «әтек» болғанын білгенсін, үйге ұялмай жас еркектерді бірінен соң бірін әкеле бастады.

– Бүгін үйден кет, сот арқылы айырылысамыз, — деді Игорь.

– Міне, дұрыс айтасың, мен «әйел-еркекпен» тұра алмаймын, қызыңды да ала бер, маған керек емес, саған тастадым, «сен нағыз мүгедексің, әтексің» мен кеттім, — деп долдана есікті бір теуіп шығып кетті.

Қалың ойға батқан Игорь бағдаршамның қызыл жарығынан қалай өткенін де сезбей қалды да жедел «тормозға» басты. Асфальт жолды шықырлата, сигналын бажылдата тоқтаған түрме машинасын сол кезде байқады. Бұл түскен кезде түрме машинасының шофері жағасынан ала түсті:

– Не, ажалыңнан бұрын өлгің келіп жүр ме, — деп айғайлады.

Жауап беріп үлгергенше «Игорь, Игорь» деген айғайды естіді. Таң қалып қараса түрме машинасы әйнегінен шақырып тұрған Әли екен. Игорь түрме машинасына тұра ұмтылды.

– Сіздің тұтқында жұмысыңыз болмасын, бұларды атуға апара жатырмыз, — деді бір капитан қасына келіп.

– Жо-жоқ, бәрін атсаңдар да, Әлиді атпаңдар, ол дәрігер, ешкімге зияны жоқ, мені де өлімнен алып қалған, мен госпитал бастығымын, полковникпін, дәрігерміз, бірге оқыдық, — деп куәлігін көрсетті.

– Кешіріңіз, полковник мырза, әскери трибунал шешімі солай, мен орындаушымын, — деді капитан. Өйткені полковник хирургтің атағына сырттан қанық еді. Күзетшілер машиналарына отырғансын зу ете түсті. Өздері екі-үш машина екен. Бұлар көшелерді кесіп өтіп қала сыртына бет алды.

Игорь да машинасымен зыр-зыр етіп соңдарынан қалған жоқ. Қаладан отыз шақырым ұзағансын тоқтаған жерге Игорь да келді. Ол офицерге келіп, Әли досымен «жеке сөйлесіп қоштасайын» деді. Капитан да адам ғой іші елжірей кетті, «жарайды» деді. Үлкен ұра қазылыпты, екі машинадан тұтқындарды түсірді, бес адам екен. Капитан бұйырып Әлиді алдырды: қолы кісендеулі, бет-аузы көнектей іскен. Екі-үш қадам жерде автоматты кезеніп солдат тұр. Игорь Әлиді құшақтай алды. Қазақша:

– Әли, сенің кінәң не, дәрігерсің ғой, ешкімге қастандық жасаған жоқсың, бейбіт адамдарды өлтірген жоқсың…

– Иә, кінәм жоқ, ешкімді өлтірген жоқпын. Қатты шөлдедім, суың бар ма?

Игорь машинадан минерал су мен спирт толы кішкене темір құты «фляжканы» ала шықты.

Өз қолымен бөтелкедегі суды Әлидің аузына тосты. Ол жартысынан аса ішіп «уһ» деп бір-ақ тоқтады, маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті.

– Рахмет, Игорь! Мына темір құтың не?

– Спирт қой, мә, іш!

– О, умирать с музыкой, — деп Әли қарқылдай күлді. Жарты құты спирттің қалғанын аузына бір-ақ төңкерді де, құтыны лақтырып жіберді.

– Әй, Әли мен білмей қалдым ғой, мүмкін бұларға ақша берсем сені аман алып қалармын.

– Игорь, сен ақша бермек түгіл, жүз жерден жалынсаң да олар көнбейді, «трибунал шешімі» деп қолма-қол атайын деп жатыр, құр әуре болма, сенен соңғы өтінішім – қойныңдағы пистолетпен жанымды қинамай өзің ат! Екінші, қабірімді өзің қазып, өзің жерле, үшінші, үшінші… Болаттың қабірінің топырағын менің қабіріме сеп.

– Жо-жоқ, қолымнан келмейді.

– Келеді, жауымның оғынан өлгенше, досымның оғынан өлейін. Сосын менің үй-ішімді жайлы жерге көшір, одан кейін Болаттың отбасына жеткілікті түрде қаражат бер, маған өздерінің өмірлері үшін, операция жасағаным үшін небір мықты дөкейлер берген «алтын», доллар жеткілікті, оларды өзіміз демалатын «Бестаудағы» тастың астына көмгенмін, миллонға жуық доллар болу керек. Сен ойлама – бұл адал ақшалар. Менің отбасыма қаладан үй алып бер, жеткілікті қаражат берерсің, өзің пайдалан, кәрі әке-шешеңе бер. Өлген адамға байлықтың керегі жоқ. О дүниеде кездесейік.

– О дүниеде мені кіналмаймысың?

– Жоқ, Алла атымен ант етемін.

Игорь қалтасындағы оқтаулы пистолетті лезде суырып алып Әлидің маңдайынан бір-ақ басты. «О, Алла» деп Әли кескен теректей құлап түсті.

– Вы что? – деп офицер жүгіріп келді.

– Какая разница, все равно смертник, он мой друг, сам буду могилу копать, что тебе земли жалко?! – деп пистолетін «предохранительге» қойып қалтасына салды. Осы кезде қалған төрт кісіні ұраның жанына қаз-қатар тізіп қойды. Төрт автоматшы солдаттар бес-алты қадам жерге барып тұрды. Капитан дайындалуға бұйрық берді…

Игорь есеңгіреген қалпы жаналғыштар берген саперлік күрекпен жанарынан қанды жасын ағыза жүріп көр қаза бастады. Жері жұмсақ, топырағы қара, майда екен. Солдаттар «көмектесейік» деп еді «жоқ, керек емес» деді. Қазақтың «өлсең де көрің кең болсын» деген сөзі есіне түсіп кең қазды. Тереңдігі белден асқан кезде сыртқа шықты. Капитанға «ал енді көмектесіңдер» — деді. Төрт солдат, Әлидің жансыз денесін төрт жағынан көтеріп әкеліп, ақырын көрге түсіре бастады, Игорь Әлиді асықпай жайлап жатқызды. Шекесіндегі қызыл қан ұйып қалыпты. Игорь Әлидің маңдайынан сүйді. Бұлар бос топырақты көрге лақтырып болғансын бәрі үнсіз отырды, бір кезде Игорь пистолетін алып түрегелді де аспанға оғы біткенше тарсылдатып жауынгерлік құрмет көрсетті де, «қош» деп машинасына отырып, ессіз адамша қалаға қара құйындай ұша жөнелді. Капитан бастаған жаналғыштар қою шаңның артынан ұзақ, көздері талғанша қарап, ауыр күрсіне машиналарына отырды.

* * *

Осы оқиғадан кейін Игорь көпке дейін мәңгіріп, өң мен түстей халде жүрді. Түсі дейін десе, бәрі өмірдегі шындық. Құдай- ау, қалай дәті барып атты, түсініксіз жағдай, рас, ең бастысы досының жаны қиналған жоқ. әйелі кетіп қалған, қызы – Ираны туған апасы – Светаның қолына тапсырды. «Папа, мені тастап кетпеші, бірге тұрайықшы! — деп жылаған он жасар қызына мен әлі келем, іс сапармен алысқа барам деп жұбатты.

– Мен қызым үшін қанша ақша керек болса берем, тек асырап сақтаймын, оқытамын деген уәдеңді бер.

– Саған не болған, уәдем, уәде! – деді Света апасы.

– Жоқ, жәй ғой…

* * *

Игорь Бестаудағы өздері қызықтап демалатын тауға шықты. Тас орнында, небір құпияны жасырып мыңқ етпей тұр. Тас астындағы ұрада алтын-күміс, кілең доллар, Әлидің айтқан ақшасы бар екен. Ақшаға кісі жалдап Әлиге ескерткіш тас, екі кісілік орын қалдырып үлкен шарбақ орнатқызды. Әйелі мен балалары – Иса мен Ыдырысты тапқызып, зиратын көрсетті.

Досының соңғы өтінішін айтты, бірақ өз қолымен атқанын айтуға дәті жетпеді. Қаладан Фатима мен балаларға үлкен үй сатып әперді, жеткілікті қаражат берді. Сосын базарға барып жеміс-жидек, дүкеннен арақ-шарапты машинаға толтырып, өз туып-өскен ауылға, әке-шешесіне бір-ақ тартты.

* * *

Кәрі әке-шешесі есі қалмай қуанып жүр. Соғыстан жараланса да, аман-есен келген ұлына арнап екі қойды сойып, бірге оқыған достарының бәрін тойға шақырды. Небір жақсы тілектер айтылып, би билеп таң атқанша мәре-сәре болып ойын-сауыққа да, арақ-шарапқа тойған жұрт ырза болып тарасты.

Ертеңінде Болаттың үйіне кіріп шықты. Әйеліне көңіл айтты, екі ұл, бір қызы бар екен. Үй-іші өте жүдеу, балалардың үстіндегі киімдер де ескі, кейбір жерлері жамалған. Игорьдің іші удай ашыды. Болат тірі болса, бұлай жүдемес пе еді.

– Әсия, жалпы халың қалай?

– Е, халдің несін сұрайсың, ауылда жұмыс жоқ, балаларға берілетін жәрдемақы мен жалғыз сиырға қарап отырмыз. Бір машина көмір 25-30 мың теңге, ауыл әкімінен көмек сұрасаң құрғақ уәдемен қарын тойғызады. Шықпа жаным деген ғой, тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Айтпақшы, Әлидің халі қалай, хабарың бар ма?

– Бар, Әли соғыста қайтыс болған, мынау соңғы аманаты, екеуміздің Болатқа жасаған батамыз, жүз мың доллар, қаладан үй сатып алып, тұрмысыңды жөнде, балаларыңды оқыт және қалада қайтсе де жұмыс табылады ғой. Фатима да қалаға көшіп келген.

– Жо-жоқ, мынауың көп ақша ғой, мен сосын қалай төлеймін. Әлидің жатқан жері жарық болып, иманды болсын.

– Жоқ, бұл Әли екеуміздің батамыз дедім ғой, игілігіңе жарат, сұраусыз…

Мол байлыққа ие болғанына өз көзіне өзі себей пакеттегі жүз

долларлық бума ақшаларды қолымен ұстап көрді де, жылап жіберді.

– Рахмет, бала-шағаңның қызығын көр.

Онда ауыл молласына барайық, Болаттың зиратын көрейік, дұға оқытайық.

Бұлар Джип машинасына балаларды мінгізіп, жолда молдаға соғып, зират басына келді.

Болаттың басы көтерілмеген екен, ескерткіш тас та жоқ. Игорьдің жаны қан жылады.

– Ал, моллеке, құран оқыңыз, деді Игорь таза қазақ тілінде және қолына жүз долларды ұстата берді. Көңілденген молла дұғаны шын ықыласпен ұзақ оқыды. Басқа дінде болса да Игорь қазақ ғұрпымен Болатқа, Әлиге арнап бар шерін іштей айтып қолын жайды. Сосын бір уыс топырақты қабір үстінен алып шүберекке түйді.

Ертеңінде ауданға барып Баянның тасынан ескерткіш тақтаға тапсырыс берді, ақшаны артығымен бергесін жандары қала ма, екі күн ішінде дайын болды, суретіне дейін орнатты. Ауылдағы кейбір сыныптас достарын, жастарды шақырып алып ақылдасып Болаттың басына тас қою және шарбақ туралы сөйлесті.

Үш қой сатып алып зират басында ас берді. Шарбақ та, ескерткіш тас та орнатылды. Бұған Әсия да, бүкіл ел де ырза болды.

Әсіресе, молла: «Мынау Володяның баласы орыс болса да «нағыз мұсылман! екен деп таңдайын қақты. — Өзі Атымтай жомарт сияқты шын жомарт екен,» — деді дұға оқыған сайын уыс-уыс ақша алып жатып. Рас, Игорь досы үшін аянған жоқ, аруағы ырза болсын деді. Жарты ай ауылда демалғасын әке-шешесіне қомақты қаржы тастап, апасына бет алды.

* * *

Игорь апасына келген соң қалған ақшаны берді. Ол шошып: «мынауың не сұмдық?» деді. Өзі үйін қызының атына аударған «нотариус» қағазын беріп жатқанда Света:

– Саған не болған, осынша ақша қайдан келді, банк тонағанбысың, сотталасың ғой, — деп жылап жіберді.

– Қорықпа, бұл адал ақша, ешкімді де, банкіні де тонаған жоқпын, — деп күліп анасының арқасынан қақты.

* * *

Ол үйіне келіп асықпай отырып туған-туыстарына хат жазды. Өмірден өз еркімен кеткенін айтып бәрінен кешірім сұрады.

* * *

Демалыс біткесін жұмысқа шықты. Госпиталдің жағдаймен танысты. Бүкіл қызметкерлермен таңғы лездемені асықпай өткізді, әр қайсысына жеке тапсырма берді. Сағат оннан бастап обход жасады, аурулардың халін өз көзімен көріп шықты.

Түс мезгілі жақындағанда орынбасары Иванды шақырды.

– Жүр, Иван, бір жақсы кафедан ас ішіп келейік.

– Мақұл, — деді.

Бұлар кафеге келіп, асқа «заказ» берді, армян коньягын да ұмытқан жоқ. Ас ішіп отырып сөз бастаған Игорь:

– Сен менің айтқанымды орындаймысың?

– Орындаймын, жолдас бастық.

– Орындасаң астымдағы машинаны берем, қалтаңда паспортың бар ма?

– Бар, – деді таң қалған Иван.

– Ендеше кеттік.

Бұлар нотариусқа келіп, машинаны Иванның атына аударды.

Бұлар қаладан ұзап шығып бір зират басына келді. Иван ештеңені түсініп тұрған жоқ. Игорь бір түйіншекті алып келді, асықпай оны шешті, ішіндегі топырақтың жартысын Әлидің зиратының үстіне шашты.

– Мынау жатқан менің досым, Иван, машинаның артында күрек бар, алып кел.

Ол жүгіріп күректі алып әкелді.

– Міне, мына жерді қаз, маған көр қазасың.

– Ой, Игорь Владимирович, бұныңыз не, мен қазбаймын.

– Қазасың, мен өлем, сен көмесің, жаңа көрдің, машина сенікі, міне, екі мың доллар, мүмкін ескерткіш тас қоярсың, туыстарыма жатқан жерімді көрсет, жарай ма? Сосын мына шүберектегі топырақты менің топырағымның үстіне шаш.

– Мен, мен бұлай істей алмаймын…

– Я приказываю, если жить хочешь? – деп Игорь пистолетін суырып алып, басынан асыра атып жіберді. Сасқан Иван дір-дір етіп, жылдам күректі алып жер қаза бастады. Игорь машина ішінде отырып ойға батты:

«Шіркін, өмір тәтті екен ғой, кім білген. Мен бүгін өлем, ертең шіріп қалам, сосын бәрі ұмытылады. Әлде, өмір сүре берсем қайтеді, жо-жоқ,

күніне мың өлгенше… еркектік қасиеті жоқ еркек, еркек емес. Әли дұрыс айтқан екен: «жаны өлген — өлген адам».

Қазылып біткен көрді асықпай қарап шықты, өзіне ұнады. Бүкіл өзінің құжаттарын, машина кілтін топырақтың үстіне қойды.

Дірілдеген Иванда ес жоқ, ентігін әзер басып, су ішіп отыр.

– Ал, Иван, мен өзімді-өзім атам. Сенен өтінерім, сұрарым, менің сүйегіме топырақты тастап, көме бер. Қорықпа, ертең о дүниеде жанымыз кезігеді ғой, алдасаң, оңбайсың! Ал сау бол, аманат!

Игорь көрдің ішінде біраз рахаттанып жатты да, пистолетті шекесіне тіреп, шүріппесін бір-ақ басты. Шаңқ еткен дауыстан есі шыққан Иван қанша отырғанын сезген жоқ, өзіне-өзі келген соң күректі қолына алып топырақты көрге лақтыра бастады….

* * *

Иван айтқан уәдесінде тұрды, бастығы Игорьға арнап ескерткіш тас орнатты, туыстарына хабарлады. Бірақ Иван Игорьдің бұл өмірден өз еркімен неге кеткенін білмеді.

Тек зират басында Игорьдің әке-шешесі, апасы, қызы – Ира жылап егілгенде, Иванның жүрегі қатты елжіреп, толқыған ол өзінің талып құлап түскенін сезбеген еді…

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!