Өткен ғасырдың арғы түбінен жеткен мақала

Әдебиетімізде елеулі із қалдырған жазушы, қоғам қайраткері Елжас Бекеновтың өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жазған мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Елжас Бекенов — әдебиетімізде елеулі із қалдырған жазушы, қоғам қайраткері. Кезінде публицистика, сын саласында қарымды қаламгер ретінде танылған Елжас Бекеновтың өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жазған мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Мақала сол заманның идеологиясы бойынша жазылған. Сондықтан оның стилистикасына, саяси пікіріне тиіспедік.

Редакция

Шолпан өлеңдері

Шолпан кім екендігі туралы көпке мәлім, өткен уақытта газетке жазылған еді. Және осы басылып отырған өлеңдерінің басында Шолпанның кім екендігін Сараның «Сөз басы» деген бастауышы мен Сәкен жолдастың «Таныстыру» деген мағлұматтарынан білуге болады…

Октябрьдің өсірген қызыл гүлі уақытсыз өшіп, тамырынан қиылды. Шолпан арамызда жоқ. Ендігі айтайын деп отырғанымыз Шолпанның артына тастап кеткен (қолымызда отырған) сөзі, өлеңі, өлеңінің маңызы, көркемдігі. Бұл өлеңін қандай жағдай, тұрмыста шығарғандығы туралы ғана… Шолпанға өлең жазуды туғызған жағдай: өзінің көрген қорлық, зорлық таңбасы, мұңды, зарлы, жүрегі, құлағы естіп, көзі көрген өзіндей қорлықта, күңдікте жүрген қазақ әйелдерінің тұрмысы. Міне, осының бәрі жиналып, жүрегі байланып, ішіне толған шерді Шолпан тілімен толғап шығарған.

Шолпанның тілі, мұңы – кімнің тілі екенін дәлелдеу үшін өзінің өлеңінен мысал алайық. «Жалшы әйелдер аузынан» деген өлеңінен:

Өткен күнде

Көп жыл жүрдім бұзау, қозы соңында,

Маңдайымнан арылмаған сорым да,

Күл шығарып, тезек теріп, су тасып,

Жауыз байдың күңі болдық қолында…

Алба-дұлба шоқпыт-шоқпыт киімім,

Ауыр тұрмыс көрдім талай қиынын,

Өмір өтіп, зарлау, жылау қайғыда

Шеше алмадым көңілдің тас түйінін…

Еңбегімнің бәрі кетіп далаға.

Шерлі жүрек толған қайғы санаға,

Ас орнына сары су ішіп жуынды,

Ит пен бірге сүйек аңдып қорада…

Тым болмаса киім де жоқ киетін,

Құдай қайда көздің жасын иетін.

Бәйбішенің неше жылғы ескісі

Жыл өткенде әзер қолға тиетін, – дейді.

Міне бұл езіліп келген күңнің зары, жалшы әйелдердің тұрмысы, мұңы. Шолпан өлеңдерінің мазмұн жағынан маңызы қандай болуымен қатар сурет жағынан да жақсы жерлері бар. Мәселен, «Жолаушы мен жұмыскер», «Тұңғыш әскер», «Бұлбұл мен Қарға» «Жәкең жаман сасады» өлеңдері.

«Бұлбұл мен Қарға» өлеңінен:

Соңынан қызыл тілдің бұлбұл ерді,

Тарқатты бұлбұл қайғы-шерді.

Зорлық түбі қорлық деген осы екен деп,

Сан соғып қарға қала берді.

«Жеттік міне» өлеңінен:

Қан жүгірмей бетіме, таяқ тимей етіме,

Сондай жаман күндерден, құтылды деген осы да?

Жалаң аяқ, жалаң бас, көзден ағып қанды жас,

Сол күндерден құтылып, теңелді деген осы да.

«Жәкең жаман сасады» өлеңінен:

Боран соғып, жылқы ығып, бет-бетімен кетіпті,

Малды тастап, басын қорғап, әзер үйге жетіпті.

Мұны естіп, сонда Жәкең көзі жайнап қызарды,

«Шақыр итті, шақыршы итті, алайын деп ызамды…

Қойтан сорлы әзер тұрды, қалыш-қалыш етіп дірілдеп,

Алба-жұлба жыртық киім, көз жасаурап іріңдеп,-деп

байдың жалшыға көрсететін зорлығын, жалшының қорлығын суреттейді.

Шолпанның өлеңдерінің ішінде ең маңызды өлеңі «Жолаушы мен жұмыскер» өлеңі, Мұндай маңызды өлең орыстың жалшышыл ақындарында болмаса, қазақ ақындарында кемде кем-ақ. Шолпанның бұл өлеңі баспа жүзінде 23-жылы шыққан алғашқы өлеңі. Бұл өлең сирек кездесетін, кезінде тауып жазған қымбатты өлең. Шолпан өлеңдерінде артық, кем бунақ мөлшері ондай көп ұшырамайды. Өлеңінің баяғы бірен-саран қиюласпаған жерде мазмұнына толық жатпайтын басқа қисынды сөз маңызын өзгертпейді: Мұнымен қабат өлеңнің көркемдік жағынан табыс бар. «Алма апайдың құлағына» – деген өлеңінен мысал алайық:

Мезгіл жетпей ерте сөнбек,

Саядағы қызыл гүл.

Қанша тұрып, қашан өлмек

Жараланған жас бұлбұл.

Мұңды зарды кім естімек,

Зарласа да талай жыл,

Қасіретті қанды жүрек

Жан іздейді жәрдемшіл, – дейді

Міне мұндай көркемдік Абайдан басқа ақындарда сирек ұшырайды. Шолпанның мұндай өткір, көркем сөздеріне қарағанда, тірі болғанда ірі ақын болатындығын, аз уақытта шын ақын болып қалғандығын елестетеді. Ақындық, жазушылық жұрттың көбінің қолынан келе бермейтін қиын өнердің бірі. Бұл өнерді неше жылдай езілген, надан өнерсіз, білімсіз, күңдікте өмір кешірген, қазақ әйелдерінің ішінен шыққан Шолпан өз өмірінде, аз білім тәжірибе мен нашар тұрмыста жүріп тауып отыр. Мұндай өнер табысын тауып қалдырды – қазақтың еңбекші әйелдерінің ішінен келешекте Шолпанның қалдырған үлгі жырын жырлайтын талай ақындар, талай білімді басшылар шығаратындығын сендіреді.

Шолпанның өлеңін кім де болса алып оқу керек. Әсіресе қазақтың еңбекші әйелдері, жас буын қыздары Шолпанның өлеңін «Дұғалықтай» сақтап, оқып, жаттап алар деп сенеміз.

Елжас Бекенов

Әкемнің бұл мақаласын ықшамдап көшіріп, «Сарыарқа» журналына жіберіп отырған себебім: Шолпан ақынды елі тани түссе екен, ұмытыла бастаған шығармасы бүгінде кітап болып шықса екен деген ізгі ниет. Бұл — үкімет пен ақшасы барлардың қолынан келетін іс. Тек ниет болсын.

Болат Бекенов

Еңбекшілдер ауданы, Казгородок селосы.