Қызылордада ХІІI жастар форумы өтті

Шараның пленарлық отырысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жастарды қолдауға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтты.

«Өңірде мемлекеттік жастар саясатын дамытуға бағытталған «Жол картасы» мен кешенді жоспарлар қабылданып, 60-тан астам әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Қызылорда облысы  — республика бойынша жастар саясатына қаржы бөлуден бірінші орында. Биылғы жылы облыстағы 6000 мектеп түлегінің 97% жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсті. Біз үшін 97% — бұл білім саласының жетістігі», — деді аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев.

Сонымен қатар, пленарлық отырыста саясаткер Айдос Сарым, Халықаралық ақпараттық технология университетінің проректоры Раис Өскенбаева және «Инновациялық технология паркі» автономды-кластер қорының басқарушы директоры Әлжан Бірәлиев қатысып, өз пікірлерін айтты.

Шара барысында «ХХІ жаңа шақыртулары» және «Қоғамдық ой-сананы жаңғырту» секция отырыстарына спикер ретінде облыстағы жаңа технология және әлеуметтік саланың сарапшылары қатысты. Форум делегаттары аймақтың Жастар ресурстық орталығын көріп, жұмысымен танысты.

Айта кетейік, шара қорытындысы ретінде Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында Қазақстанның 7 өңірінен келген командалардың қатысуымен облыс әкімінің кубогына арналған республикалық «Жайдарман» ойыны өтті.

ДереккөзKazinform.kz