Енді «Kazakh TV» телеарнасы үш тілде хабар таратады

«Kazakh TV-ның» көп арналық сигналы цифрлық телевидениенің абоненттеріне үш тілдің кез келгенінде 100% хабар тарататын дыбыс жолын таңдау мүмкіндігін береді. Бұрын телеарна елімізде 50% мемлекеттік және 50% орыс тілдерінде, ал халықаралық аренада қазақ және ағылшын тілдерінде хабар таратты. Тілдік блоктар әр 3 сағат сайын ауысып отырады.

Хабар тарату форматын өзгерту –халықаралық теленарықта арнаның бәсекеге қабілеттілігін, сондай-ақ кабельдік және жерсеріктік желі операторларының қызығушылығын арттыруға ықпал ететін, Қазақстанның телевизия саласын дамытудағы жаңа кезең.

Жүз пайыз ағылшын тілінде хабар тарату «Kazakh TV» арнасына шетелдік көрермендер санын ұлғайтуға және әлемді біздің бірегей елімізбен, мәдениетіміз бен тарихымыз, туристік және инвестициялық артықшылықтарымызбен тереңірек таныстыруға мүмкіндік береді.

Бұл жөнінде «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрайымы Алмагүл Ахметжанованың айтуынша, арнаның өзгерісі шетелдіктер үшін қолайлы болмақ.

«Kazakh TV» телеарнасында сан алуан жобалар шығады. Олар Қазақстан туралы білгісі келетін шетелдіктер мен жаңа дүниелерді танып білгісі келетіндер үшін қызық. Біз барлық көрермендерімізге бағдарламаларды кез келген уақытта өзіне ыңғайлы тілде көре алу мүмкіндігін қуана ұсынамыз» деді.

Айта кетейік, жаңа форматтағы арнаны Қазақстан аумағында және шет елде тәулік бойы қарауға болады.