Журналистер Зеренді ауданының киелі орындарымен танысты

Мазарды 2008 жылы Уәли ханның 270 жылдық мерей тойына арнайы тұрғызған.

Ақкөл ауылдық округінің әкімі Бақыт Ысқақовтың айтуынша, бұл өлкеге туристер көп  келеді.

«Бүгінгі күнге дейін Уәли ханның мазарына Германиядан, Ресейден адамдар келді. Мұның бәрі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жүргізілуде. Менің ойымша, бұл біздің ауылдың ғана емес, республикалық деңгейдегі қасиетті орын», — дейді ол.

«Азия АгроХим» ЖШС-ның директоры Борис Козловтың айтуынша, мазардың маңына қоршаулар орнатып, жолдар төселіп, келушілерге арналған орындықтар қойылған.

«Бұл жерде әлі көп жұмыстар жүргізіледі. Көшеттер отырғызып, жолды жөндейміз, шырақшы қоюды жоспарлап отырмыз. Мазарда жүргізілетін жұмыстардың бәрі Уәли ханның ұрпақтарымен келісіліп бірақ жасалады», — дейді Борис Козлов.

Келесі аялдама болған – Қосағалы батыр мазары. Қарауыл Қосағалы батыр Орта жүздің ханы Уәлидің тұсында өмір сүрген. Оның зираты Зеренді ауданының Азат тауында жатыр. Бүгінгі таңда батырдың басында мазар көтеру жұмыстары әлі де жүргізілуде. Сондай-ақ, аталған киелі нысан Ақмола облысының қорғалатын тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген.

Қосағалы Төлекұлының сегізінші ұрпақтары Марат Оспанов пен Сағынтай Шәймерденовтың айтулары бойынша, батырдың бойы 276 см болған және оны кез-келген ат көтере алмаған, өзінің тұлпары болған. Сондай-ақ, Ресейге елшілікке барғанында Екатерина ІІ патшайым алтынмен апталған шапан жауып, «князь» атағын берген. Қазіргі уақытта батырдың атымен жер-су атаулары да кездесуде.

Айдарлы ауылындағы Алабас-бүркіт мүсіні – БАҚ өкілдерінің үшінші тоқтаған жері болды.

Дүйсен бидің анасы қаз дауысты Қазыбек бидің қарындасы екен. 16 жасқа дейін Дүйсен би нағашысының қасында өскен, бойына оның дарыны дарыған. Шешендігімен қатар аңшылық, саятшылыққа шығып, домбырамен ән салса керек. Алабас бүркітімен қиналып отырған елдерге көмек жасаған.

Дүйсен биден тоғыз ұрпақ тараған. Соның ең кішісі Кенжебай ұрпағынан тараған Күләш Рахымжанованың айтуынша, жалпы Зеренді ауданы Дүйсен бабадан тараған. Сондай-ақ, бидің ұрпақтары 2012 жылы 30 киіз үй құрып, ас берген. Сол кезде алабас бүркітке арнап ескерткіш қойған. Негізінде, Дүйсен би Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген. Алдағы уақытта ұрпақтары Айдарлы ауылындағы мектепке оның есімін беріп, жақсы бір ескерткіш қоюды жоспарлап отыр.

Баспасөз турының соңғы аялдамасы – Бөгенбай би ауылы. Бөгенбай Құттықадамұлы – 1761 жылы Зеренді ауданының Лосевка жерінде өмірге келген. Абылай ханды көзі көрген, Кенесары ханның тұсында талай ұрыс-тартыстарда, ел арасындағы шешілуі қиын түйіндерді шеше білген би, жау жүрек батыр болған. Бөгенбай биден тараған ұрпақтар бүгінде Айдабол, Бөгенбай, Сандықтау жерлерін қоныстанған белді азаматтар.

Айта кетейік, халық 2003 жылы Лосевка ауылына тарихи атауын беруді өтініп, маслихат сессиясында қаралғаннан кейін 2007 жылы толықтай Бөгенбай би ауылы болып өзгертілген. Бөгенбай бидің шөбересі 86 жастағы Сабырбек Хамзаұлы мазарды көкшетаулық Төлеген мен Бекзат есімді азаматтардың тұрғызғандығын атады.