– Рүстем мырза, «67 уроков от миллионера из 90-х» кітабы Бақытжан мырза екеулеріңіздің шығармашылық бірлестіктеріңіздің нәтижесінде жарияланып отыр десе болады. Бірінші сұрағым: қалай таныстыңыздар? Және де осы жобаны бірлесіп жасау керектігін бірден аңғардыңыздар ма?
– Мен аталмыш кітапты басып шығару мәселесін ойлап жүргенде, екеуміздің ортақ танысымыз маған Бақытжан туралы және оның тоқсаныншы жылдар тақырыбына қызығушылық танытып жүргені жайында айтты. Ал Бақытжанға мен туралы айтыпты. Танысуымыз солай болды. Менің бұған дейін түртіп жүргендерім бар еді. Бақытжанмен танысқан соң жұмысымда жүйелілік пайда болып, ол кітабымның құрылымын жасауға үлкен үлесін қосты. Есесіне басында жазбалар тек менің жеке басымнан өткен оқиғаларды қамтыса, Бақытжанның кеңесінің арқасында олар жаңа деңгейге шықты: 90-жылдардың атмосферасын жасап, бүгінгі күні көрініс тауып отырған көптеген оқиғалар мен құбылыстар бастауын алғашқы онжылдықта алғанын көрсете алдым. Кейбір қиын болған тұстарын Бақытжан диктофонға жазып алып, скриптовкасын жасап берді. Соған сүйене отырып, кітабымды жекелеген әңгімелермен толықтыра алдым. Нәтижесі көріп тұрғаныңыздай, «67 уроков от миллионера из 90-х» кітабының жарыққа шығуына себепкер болды.
– Бұл – Қазақстанда 90-жылдар туралы басып шығарылған тұңғыш кітап. Егер қазiр 2001 жыл болса бір жөн. 90-жылдар енді аяқталған кез, көптеген адамның жадында оқиғалар тайға таңба басқандай тұрды және басым бөлігі өткен он жылдықты қорытып, әлі сабақ шығарып үлгермеді.
Бiрақ одан бері кем дегенде 17 жыл өтті. Рүстем мырза, қалай ойлайсыз, неліктен ешкім осыны ертерек жазуға талпынбады? Мысалы, сол уақыттарда миллиондап табыс тапқан жалғыз сіз емес ғой. Осы туралы кітабыңызда да: «сол кездегі оқиғаларға тікелей қатысы бар адамдардың өзі сұхбаттарында 90-жылдарды көп қозғай бермейді», — деп жазасыз. Бұл жайт кітаптарда еске түсіретін көп істердің қылмыстық құқықтық мерзімдерінің ескіріп, өтуін күтуіне байланысты ма?
– Әр нәрсенің өз уақыты, әр жылдың атқарылуы тиіс жұмыстары болады. Бірінші рет кітап жазу идеясы 4-5 жыл бұрын ойыма келді. Бірақ күнделікті күйбең тіршіліктен қол босамай, кітап шығару мәселесі кейінге шегеріле беретін. Өкінішке орай, 90-жылдардағы еліміздің кәсіпкерлері және олардың бизнесті қалай жасағандары туралы кітаптар жоқтың қасы. Осыған байланысты ойланып, аталмыш кезең ескерусіз, әрі естеліксіз қалмау керек деп басымнан өткен оқиғаларды, бар білген-көргенімді кітапқа жаздым. Ал «неліктен ешкім осыны ертерек жазуға талпынбады?» деген сұраққа келер болсақ, нақты жауап бере алмаймын. Тіпті, ең бірінші менің жазуымның себебін де білмеймін. Бәлкім, уақыты енді келген болар…
– Әдетте авторлардың көбі естелік кітаптарын жасы ұлғайған шақта жазады. Ал сізді ақ сақалды адам деп еш атамайсың. Сiз – күш-қуатыңыз бойыңызда, әлі де болашақтан үміті зор азаматсыз. Алда бір емес, бірнеше жаңа сабақтарыңыз болып қалуы да ғажап емес. Бiрақ, сiз, естелікке толы кітап жазып шықтыңыз. Әлде бұл дәстүрлі түсініктегі ғұмырнама емес пе? Бұл кiтаптың жанры мен мақсаты қандай?
– Бұл туралы кітабымда жазғанмын. «67 уроков от миллионера из 90-х мемуар емес (авт- ғұмырнама, естелік кітап). Мен бар болғаны өскелең ұрпақ білсін, сол кезеңде өмір сүргендерді еске алсын деген мақсатта 90-жылдары болған оқиғаларды, атмосфераны сипаттап жаздым. Әрине, кітапта менің басымнан өткен оқиғалардың басым бөлігі жазылған. Алайда кітап жазу барысында, өзім туралы естелік кітап жазып, қалдыру ойымда болған жоқ. Кітабымның соңында жазғанымдай, әр адам өз өмірінің авторы. Ал сол өміріміздің табысты немесе керісінше болуы әр адамның өз қолында. Отто фон Бисмарктың айтуы бойынша, тек ақымақтар ғана өз кемшіліктеріне қарап үйренеді, ал ақылды адамдар басқалардың жіберген қателіктеріне қарап қайталамауға тырысады. Егер көркем әдебиет кейіпкері Мендель Маранцтың сөзін бұрмалап айтар болсақ: қателіксіз өмір – тісі жоқ ауыз секілді.
– Меніңше, кітабыңыз оқырмандардың назарын аударта алатын сияқты. Оның ішінде кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндер, 90-жылдарды қазіргі кейбір құбылыстардың негізі қаланған уақыт ретінде қарастыратын тарихшылар мен зерттеушілер қызығушылық танытуы мүмкін. Ал өзіңіз кітабыңыздың аудиториясын қалай көресіз?
– Иә, дұрыс айтасыз. Бұл кітап белгілі бір аудиторияға арналмаған. Аудиторияны тек қана бизнес жолын бастағысы келетіндерге немесе 90-жылдарды зерттеп жүрген тарихшыларға арналған деп қарастыруға келмейді. Менің ойымша, тарихқа қызығушылығы бар кез келген адам (жасы да, кәрісі де) бұл кітапты оқып шығуы керек. Себебі, өз тарихын білу – әрбір ұрпақтың міндеті деп ойлаймын.
– Бұл кітапты мектеп мұғалімдері «Қазақстан тарихы» пәні аясында, оқушыларды сабақтан тыс уақытта оқыта ала ма? Әлде, жас шектеуі бар ма?
– Мұғалімнің өзіне байланысты. Ал оқушылар міндетті түрде кітапты оқуы керек деп айтпас едім. Дегенмен бұл — тарих. Ал балалардың тарихты білгендері артық етпес. Негізі кітап ойлануға арналған материал. Оны түсіну үшін жас оқырмандарға арналған түсіндірмелер қажет.
– Кітап неліктен «67 уроков» деп аталады? Бастапқыда қандай да бір өзге атауы болды ма?
– Бастапқыда кітапты «Хроника веселого десятилетия» деп атадық. «Веселого» деп аталу себебі, сол уақыттарда қиыншылықтан гөрі өте қызықты, әсерлі сәттер көп болды. Әлі күнге дейін сол кезеңдерді ең бір бақытты шақтарым деп есептеймін. Ал «67 сабақ» атауына тоқтауымыздың себебі, Бақытжан жастарға және барлық оқырмандарға түсінікті, әрі пайдалы болатындай тақырыпты ұсынды.
– 90-жылдар қылмыс әлемінің серкелерімен ел есінде. Шыныңызды айтыңызшы, криминалдық беделіңіз, ұйымдасқан қылмыскерлерге қандай да бір қатысыңыз болды ма?
– Бұл туралы да кітабыма жаздым. Мен ешқашан криминалдық беделге ие болған емеспін. Қылмыс әлемінде ешқандай орным да, салмағым да болған емес. Сол уақытта барлығы дерлік іскер адамдар еді. Және олар қылмыстық тұлғалармен байланысуға мәжбүр болды. Өйткені ол сол заманның талабы болған.
– Сіз кітабыңызда жеке тәжірибеңіз бен тәуелсіздігіміздің алғашқы онжылдығында болған оқиғаларға деген көзқарасыңызды баяндаймын дейсіз. Қарап тұрсақ, кітап деректі де, ғылыми да емес. Сонда шындықты көрсететін нақты оқиғаларды ғана жаздыңыз ба, әлде қиялыңызға ерік берген сәттеріңіз болды ма?
– Мен бұл туралы кітаптың алғысөзінде айтып кетемін. Шыны керек, кітапты бір адамның естелігімен немесе қияли әңгімемен толтыруды ойлаған жоқпын. Сондықтан жеке тәжірбиеме сүйене отырып, өзім куә болған жағдаяттарды жаздым. Тіпті, мүлде қиялға ерік бермедім деп нақты айта аламын.
– Кітапты толығымен жазып шығу үшін қанша уақытыңыз кетті? Қиындық тудырған сәт есіңізде ме? Жұмыстың дайындығы барысында тәжірибе жинақтап, кітапта жазылмаған жаңа 68-сабақты да алған боларсыз. Осы жөнінде оқырмандарымызға толығырақ айтып өтсеңіз?
– Біз бұл кітаптың төңірегінде үш айға жуық уақыт жұмыс істедік. Қиын сәттер де болды. Бірінші сәт, Бақытжан екеуміз әңгімемізді жазып алып, сол әңгімені Бақытжан редакциялаған кезде, басып жазылған мен айтылған сөздің арасында айырмашылық болатынын байқадық. Әдеби мәтінмен ауызша айту, қарапайым тілде сөйлегенге қарағанда қиын болды. Түбегейлі бетбұрыс жасап, еңбектену керек болған уақытта «бұл қадамды жасауға дайынмын ба?» деген ой маза бермеді. Екінші сәт, кітапты жазу барысында көмектескен достарымның тарапынан сыни бағалауға байланысты болды. Кітаптың жұмыс көлемі 90 пайызға дайын болған сәтте достарыма оқып шығуға бердім. Шыны керек, достарымның талабының арқасында материалдың берілу сапасы мен стиликасы өзгерді. Сол уақытта өмір сүрмеген, ешбір оқиғаның куәсі болмаған жастар үшін кітаптың берілу форматы өзгеше түсінік қалдыруы мүмкін. Осы мәселені басты назарда ұстай отырып, біраз өзгертулер енгіздік.
– Рүстем мырза, 90-жылдары немен айналысып едіңіз? Ал қазіргі уақытта немен шұғылданасыз?
– 90-жылдары кәсіпкерлік өмір стилі болды. Материалдық тұрғыдан 90-жылдар мен үшін сәтті аяқталмады. Сол уақытта төменнен жоғарыға қарап жүрген жігіттердің көбі қазіргі уақытта керісінше, жоғарыдан төменге қарап жүр. Олардың әрқайсысының өзіндік тәжірибесі бар. Қазір мен өзіммен, мені қоршаған ортамен жұмыс істеудемін. Бүгінгі күні миллиондардың артынан қуу қызық емес. Әрине, үлкен сандар тылсым күшке ие. Бірақ оның артынан өмір бойы қуудың қажеті жоқ.
Мен Үндістанға саяхаттап барған кезде табысты адамдарға қарағанда үнді шаруасының көзінен бақыт нұрын көрдім. Тазалық деңгейі төмен елдің айлық табыс көрсеткіші де төмен. Тіпті, шаруалардың айлық табысы 20-50 доллардан аспайды. Бірақ ол жердің халқы азға қанағат тұтып-ақ бақытты өмір сүруде. Демек, кішкене ғана капиталыңмен бақытты өмір сүруің де немесе керісінше миллиардтаған ақшаң бола тұра денсаулығың болмай, бұл өмірдің ләззатын сезінбей өтуің де мүмкін.
– Сіздің ойыңызша, 90-жылдардағы кәсіпкер мен қазіргі кәсіпкердің айырмашылығы қандай? Кәсіпкердің қоғамдағы орны мен келбеті қаншалықты өзгерген?
– Иә, мен сол уақытта жеке кәсіппен айналыстым. Тек мен ғана емес, қарапайым халықтың басым бөлігі кәсіпкер болды. Себебі, ол кезде жеке кәсіп бастау оңай еді. Кімнің қолынан не келсе, сонымен айналысты. Бірақ кәсіптің қиындығына екінің бірі төзе бермейді.
Менің ойымша, кәсіпкердің сырт келбеті қатты өзгерді. Мысалы, таңдау мүмкіндігі пайда болды, көркем әдебиттердің, әр саланы қамтитын ақпарат легінің көбеюі, ақпараттың қолжетімділігі үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Одан өзге, алғашқы кәсібін бастаушыларға арналған институт пайда болды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта интернеттен керек дүниеңіздің бәрін таба аласыз. Ал осыдан 20-30 жыл бұрын бір жерден ақпарат алудың өзі қиын еді.
Ең бастысы кәсіпкерге тән қасиеттер өзгеріске ұшырамады деп нақты айта аламын. Қандай да бір қадамға бару үшін, кәсіпкерге қашанда даярлық пен жауапкершілік қажет. Өкінішке орай, қазіргі кәсіпкерлерге жауапкершілік жетіспейтін секілді.
– Соңғы сұрағым болсын, егер бұл кітаптың авторы өзіңіз болмағанда, оқырман ретінде аталмыш шығарманы оқып шығар ма едіңіз?
– Өз басым кітап көп оқимын. Кейде оқыған кітаптарыңның авторымен кездесіп, тілдескің келетін кездер болады. Сол секілді бұл кітапты да міндетті түрде оқып, авторымен кездесуге асық болар едім.
Рүстем Амангелдінің «67 уроков от миллионера из 90-х» кітабының тұсаукесері 24 қараша күні сағат 20.00де өтеді (мекен-жайы: Меломан «Esentai Mall» сауда орталығы, Әл-Фараби даңғылы, 77/8, 3 қабат).
Бизнес кітаптарды оқығанды жақсы көрем. Осы кітаптың шыққанын асыға күтіп жүрмін!! Міндетті түрде оқимын. Бәріміз оқып, Қазақстандағы бизнесті дамытуымыз керек
Кай гасырда болса да бизнестин аты бизнес. Мына китапта жаксы акыл кенестер бар сиякты. Оку керек, уйренетин нарсе коп кой
Ote keremet sukhbat. Respect! Kitap odan da keremet bolady degen umittemin
Журналистер осындай нарселерди жазу керек кой звездалардын омирин андыганша. Адамдарга пайдалы ари кажетти материалдар коп жаза бериниздер осылай