Дәстүрімізде ел сыйлаған, танымал тұлғаға берілетін сыйлықты — тарту, көпшілікке сыяпат үлестіру — таралғы деп айтады. Ұлтымызда «Енші беру», «жасау беру», «бәсіре ату», «күміс салу», «кимешек кигізу», «бәйге тігу», «ат мінгізу», «шапан жабу», «селт еткізер», «үш тоғыз» және тағы да басқа көптеген сыйлық түрлері бар. Бүгін солардың бірқатарына тоқталып өтуді жөн санадық.
Енші
«Енші» сөзі көне түрік тіліндегі «инчу», яғни, «мұра» деген мағынаны білдіреді. Оны балалары ер жеткенде, жеке отау болып бөлініп шыққанда ата-анасы жинап-тергенінің бір бөлігін атап береді. Егер үйленген азаматтың отбасы ауқатсыз болса, жағдайы бүтін туысқандары өзара бірлесіп, отау болуына көмектескен. Содан болар, қазақ халқында жас отбасының баспанасыз қалған кездері өте сирек болған.
Мысалы, Өскенбай Құнанбайды он тоғыз жасында үйлендіріп, өзі отырған тасқораның күн шығыс жағындағы кезең астындағы сайдың алдына қондырады. Өскенбай өзіне біткен отыз шақты жылқысының он екісін Құнанбайдың еншісіне береді.
Енші беру жоралғысы туралы Жарылғасын Нұсқабайұлының «Енші» деген туындысы да бар. Онда Бекқұлдың бір атадан тумаса да, туғанынан артық болып кеткен Серікболды үйлендіріп, енші беріп, бөлек шығармақ болған жайы баяндалады.
«Кеше әйелі Қадиша: “Осы біздің көкем мен жеңешем соңғы күндері күбір-күбір сөзді
көбейтті. “Енші” дей ме, бірдеме деп жүр. Бізді бөлек шығарғалы жүрген тәрізді. Саған ештеңе айтқан жоқ па еді?” дегенде, Серікбол:
− Сен-ақ бүйректен сирақ шығарады да жүреді екенсің! Бұдан былай ондай сөзіңді естімейтін болайын! – деп морт кеткен.
− Ойбай, жазған-ау, енші алуға мен де құштар болып отыр деймісің? Осындай бірдемені аңғарғалы менің де ішім әлем-жәлем. Күн сайын сенің қабағыңа қараймын.
Бірақ сен қаннен-қаперсізсің. Сосын батып айта да алмай жүргем. Құдай қосқан екеуіңді ажыратқан адам сайтан болар. Маған несіне ұрысасың? – деп келіншегі булығып жылап қалған«.
Жасау
Ата-анасының қызына ұзату тойында беретін «көрпе-төсег», кейбір жерде оны «сандығы» деп те атайды. «Жасауды жеті жастан жинасаң жетеді, алты жастан жинасаң асады» демекші, қыздың ата-анасы оны шама-шарқына, әл-ауқатына қарай жинап береді. Ол жат жерге келін болып түскен қыздың тұрмыстық қажетін өтеп қана қоймай, барған жерінде абыройлы болуына да септігін тигізеді. «Жасауы көп келіннің күйеуі жуас» деген мәтел осыған байланысты айтылған.
Бәсіре
Бәсіре — қазақ шаңырағында дүниеге ұл бала келгенде, сол күндері туған құлынды немесе ботаны нәрестенің бәсіресі деп атау салты. Қазақ халқының ұғымы бойынша, дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды. Бәсіре мүмкіндігінше жүйрік, жорға әрі біреу болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қып өсіреді. Есейе келе бәсіресі бар баланың да малға деген ықыласы, пейілі түзу болады.
Бәсіре туралы тарихтан жеткен бір аңыз әңніме бар,
Хан Абылай жаугершілік замандар сарбаздарын саралап, көшбасшыларды іріктеп әртүрлі сынақтар өткізіпті. Топтың арасынан тұлпар мініп, арлы-берлі ойқастап жүрген Райымбек батырдың ертоқымына көзі түседі. Сонда қолқа салып сұраған ханға батыр:
«Айналайын хан бабам
Немересіне арналған
Астымдағы құнанкер
Құнан керде «құранды ер»
Әубәкір ұста жасаған
Менің ғана «бәсірем»
Шынымен хан болсаң,
Бәсіремді сұрап көр»,- деген екен. Аталы сөзге тоқтаған Абылай хан батырдың жауабына риза болып, оны қолбасы етіп сайлаған екен.
Киіт кигізу
Құдалар арасында жасалатын дәстүрлі кәденің бірі — киіт кигізу деп аталады. Онда жігіттің атан-анасы құдаларына бағалы киімдер кигізіп, алтын-күміс әшекейлер сыйлайды. Ал қыздың шешесі құдағиына арнайы соққызған екі саусаққа қатар киілетін «қос балдақты» құдағи жүзікті тарту етеді.
«Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды». Еліміздің кейбір өңірінде қызға қалыңмал сұралмайды. Десек те, кит кигізу дәстүрі барлық жерде бар.
Жиенқұйрық
Қазақ — нағашы мен жиен арасындағы байланысқа ерекше мән беретін халық. Оның қалағанын екі сұратпай беруді дәстүрге айналдырған. Жиен нағашысынан үш ретке дейін көңілі түскен нәрсесін қалап алуға, ал сұраған бұйымтайын бермесе, жиендік жолымен алуға ерікті. Нағашы жұрты жиенінің қандай еркелігі болса да көтеруі тиіс деп саналған. Бұл ғұрып ел ішінде әлі күнге дейін сақталған.
Кейде бұл салтты «Қырық серкеш» деп те атайды. Бұл туралы ел арасында «Жақып пайғамбардың нағашыда қалған сыбағасы» деген аңыз бар:
Бірде Ысқақ пайғамбар бірде ұлы Жақыпқа:
– Ұлым, сенің үйленетін уақытың болды. Шаңырақ көтеріп, отау құрғаның жөн болар, – дейді. Жақып:
– Айтқаныңыз жөн-ау, әке. Бірақ қай жердің қызын айттырсам, жолым болады? – деп сұрайды. Ысқақ:
– Нағашы жұртыңа бар. Сол жақтан қыз таңда. Көңіліңе ұнаған қалыңдық болса, қалыңмалына қанша сұраса да бер, – дейді.
Жақып әке ақылын көкейге түйіп, нағашы жұртына барады. Нағашысы жиенін сыйлап, құрмет көрсетіп, қонағасын береді. Ертесіне Жақыптан:
– Иә, жиен, қайдан жүрсің? Не бұйымтайың бар? – деп сұрайды. Жақып келген себебін айтады. Нағашысы:
– Менің Лия мен Рахила деген екі бойжеткен қызым бар. Қой бағып менің қызметімде болсаң, ұнатқан қызыма қосайын, – дейді.
Жақып қой бағып, нағашысының сенімінен шығады. Нағашысы оған риза болып, ақ батасын береді. Рахила деген кіші қызын Жақыпқа қосып, екеуін аттандырарда:
– Сенің адал еңбегің мен ақ пейіліңе риза болдым. Өзің баққан қой-ешкі көбейіп, төлдеді. Қозы-лағының саны қырыққа жетті. Оларды «қырық серкеш» деп атап, сенің еншіңе атаймын. Қалаған кезде келіп, сұраусыз алуыңа болады. Бұл жиеннің сыбағасы болсын. Жұртқа үлгі болсын! – депті.
Танабау тағу
Бала ата-анасына ілесіп жұмыс басында қолқабысын тигізіп жүргенін көргенде, ел-жұрт «жігіт болыпты», «қажетке жарапты» деп құттықтап танабау тағады. Оған тана, шыт, парша-парат, ақша, тағы да басқа заттар сыйлыққа беріледі. Танабау тағушыларды баланың ата-анасы шақырып қонақ етеді, мұны «танабау тағу» деп атайды.
Шырға салу
Тұрмысқа шыққан қыздың «қызыл ормаларын» сіңлілеріне аманат етуі. Ол «менің жолымды берсін, ендігі той сенікі болсын» деген ырыммен беріледі. Қазір бұл салт кішкене өзгеріске түсіп, ұзатылып бара жатқан қыздар құрбылары мен сіңлілеріне үкі таратып беруді де дәстүрге айналдырды.
Итаяқ
Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, үлкен әжелер оған «итаяғыңа сал» деп күміс сақина, жүзік сияқты заттар береді. «Итаяқ» — баланың алғашқы шаранасын жуатын ыдыс. Ыдысқа күміс сақина, жүзік дегендей заттар салынып, нәрестені шомылдырып болған соң ырым етіліп, сол жерде жиналған әйелдерге таратылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- «Дәстүр» журналы №1(32) қаңтар-ақпан, 2014 жыл
- kyzdaralemi.kz
- abaialemi.kz
- wikipedia.org
- hibatulla.kz
Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.
Тамаша, қажет деректер жинастырылып беріліпті. Тек авторы көрсетілмеген. Не себеп? Сілтеме жасауға бізге қажет.
Қайырлы күн! Авторы көрсетіліп тұр. Әсел Сарқыт.