Биыл форумға дүние жүзінің түкпір-түкпірінен мәдениет саласының сарапшылары, қоғам қайраткерлері мен өнер тарландары, бас-аяғы 20 мыңнан астам адам қатысады. Олар: драма, опера және балет театрларының жұлдыздары, билік пен бизнестің, академиялық қауымдастықтың өкілдері.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, форумның мақсаты — адамзаттың мәдени мұрасын сақтап, еселей түсуге бағытталған ұлттық, мемлекетаралық және жаһандық бағдарламаларды ұсынып, әзірлеу және жүзеге асыру. Фестиваль бағдарламасында жетпістен астам іс-шара өткізіледі (театр және кино премьералары, концерттер, көрмелер мен шығармашылық кездесулер).
Форумның ашылу салтанатында ресейлік көрерменге «Astana Ballet Gala» гала-концерті көрсетіліп, балет әртістері театр балетмейстерлерінің би тілімен жеткізген батыл көркемдік шешімдері мен бірегей өрнектерін паш етеді. Бұл бағдарламаға «Ұлы Дала мұрасы» атты жарқын әрі қайталанбас хореографиялық миниатюралар, «Махаббат. Айырылу. Үрей», «A fuego lento» бір актілі балеттері мен «Клеопатра триумфы» атты балеттің үзіндісі еніп отыр.
«Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасындағы би композициялары — қазақтың кең-байтақ даласын, ұлттық дәстүрдің байлығын сипаттап, ғажайып музыкасы мен қайталанбас көркемдік бейнелерін паш етеді.
Айта кетейік, «Астана Балет» театры сан-түрлі хореография үлгілері арқылы еліміздің бай мәдениетін дүниежүзіне паш етуді мақсат етіп отыр.