Курс аясында тыңдаушылардың теориялық білімдерін тәжірибеде ұштастыру мақсатында Оралдағы №25 «Снежинка» бөбекжайында дене шынықтыру нұсқаушыларына арналған «Мектеп жасына дейінгі балалардың денсаулық сақтау құзыреттілігін дамыту» тақырыбында облыстық семинар оздырылды. Семинарды аталмыш бөбекжайдың директоры А.Тұрмағанбетова, әдіскерлері Гүлнар Төлепова, Гүлнарр Есенова, Айдынғали Барадосов, Анастасия Карева, Ақжүніс Серікова, Шолпан Абаева жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Семинарға «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының аға оқытушысы М.Нұрғазинова және облыс аудандарынан келген 27 дене шынықтыру нұсқаушысы қатысты. Шарада мектеп жасына дейінгі балалардың денсаулығын нығайтуға арналған оқыту үрдісі, ұлттық қимылды ойындар, шеберлік сыныптары, ұйқы ашар жаттығулары көрсетіліп, дене шынықтыру нұсқаушылары өз іс-тәжірибелерін ортаға салды. Жоспарға сәйкес ашық сабақтар, тренингтер өткізілді. Курс тыңдаушылары «Күзгі орманға саяхат», «День рождения лягушонка» (хауыз-бассейндегі сабақ) тақырыптарында өткізілген ашық сабақтарға қатысты.
Сонымен қатар, Ақжүніс Серікова өткізген «Мектеп жасына дейінгі балалардың кіріктірілген ұйымдастырылған оқу әрекеті», «Дене шынықтыру-сауықтыру жұмысындағы арт-терапия», «Ұлттық қимылды ойындар», «Балабақшадағы психогимнастика» тақырыптарындағы шеберлік сыныбы, Шолпан Абаева өткізген «Психологиялық қимыл-қозғалыс» тренингі, музыка жетекшілері, тәрбиешілері әзірлеген «Музыкалық сәлемдеме» сабақтары дене шынықтыру нұсқаушыларының көңілінен шықты.