Салтанатты шараға қаламгердің туған-туыстары мен жора-жолдастары және үзеңгілес әріптестері қатысты. Шара Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Ақпараттық-библиографиялық бөлімінде» құрылған «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығы «Елім деп соққан жүрегі…» атты еске алу кешіне ұласты.
Еске сал кетейік, Мәтен Бижанов 1937 жылы 11 қарашада Зеренді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Көкшетау педагогикалық институтын, 1978 КОКП Орталық Комитеті жанындағы Мәскеу қоғамдық ғылымдар академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын Зеренді ауданы «Социалистік жол» газетінде корректор болып бастап, «Қызыл ту», «Көкшетау правдасы» газеттерінде жұмыс істеген. Торғай облыстық «Торғай таңы», Көкшетау облыстық «Көкшетау» газеттерінде редактор болып абыройлы қызмет атқарды. 2001 жылдан өңірлік тәуелсіз «Бұқпа!» газетінің негізін қалап, ұзақ жылдар бас редакторы болды. Бірнеше публицистикалық, жыр кітаптарының авторы.
Сонымен қатар, Мұрад Аджидің «Қыпшақтар» кітабын қазақ тіліне аударған. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған әдеби байқаудың жүлдегері. Журналистика саласындағы ұзақ жылғы жемісті қызметі үшін «Құрмет Белгісі» орденімен, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған.