Әліпбидің алғашқыда негізгі екі нұсқасы халыққа таныстырылған болатын. Біріншісінде диграфтар арқылы толықтырулар болса, екіншісінде апострофтар арқылы толықтырулар болды. Яғни екі нұсқаның да ең бір ұтымды тұсы – сөздің асты-үстінде ешқандай үтір нүктесіз, әріптердің тек классикалық негізде болуы. Бұл өз кезегінде білетініміздей өте маңызды мәселе еді, себебі ағылшын тілінің әлемдегі орны айқын екенін қарап отсақ ақпараттық, жаһандану заманына интеграциялануымызға, өрісіміздің кеңеюіне әліпбидің осындай классикалық түрі таптырмас құрал іспеттес болатын.
Осыған орай, бұл идеяны қолдай отырып соңғы нұсқаның сәл шикіліктері бар ма еді деген еріксіз ойға қалып отырмын және маза бермеген соң өзімнің осындай ұсынатын, қосатын толықтыруларым бар еді, соны айта кетсем деп едім. Құзырлы орындардың осы әліпбидің әлі өзгеретіндігін, нақты, орынды ұсыныстар болса қарастырылатындығын және алда расында қыруар жұмыстардың бар екенін ескере отырып осынымды жазуды жөн көрдім.
Кирилл графикасымен оқыған әліпбиімізде 42 әріп бар дедік. Оның ішінде қазақтың төл тіліне тәні және тән емесі бар. Ә, Ө, Ү, Ұ, І, Қ, Ғ, Ң, Һ – төл әріптер болса, төл емес әріптерді екі топқа бөлсе болар еді: бірінші топта: Ё, Щ, Ь, Ъ, Э – бәрімізге белгілі тілімізден мүлдем алынып тасталған әріптер, екінші топта: В, Ц, Ч, Ф – дер едім. Неге бұл әріптер кірме болды, себебі, анығында бұлар біздің ауызекі сөйлеуімізде, көркем әдебиетімізде қолданбаған, болмаған. Мысалы: европа, евразия деген сөздерді еуропа, еуразиямен алмастырдық. Завод, караван, приговор, кровать, зимовка – сейкесінше зауыт, піргәуар, кереуен, кереует, зәйімке. Тура сол сияқты чемодан – шабадан, чайник – шәйнек, почтальон – поштабай, целлофан – салапан, станция – станса және т.б., ал Ф әрпін араб тілінен алдық: фарыз – парыз, Фатима – Бәтимә, Фархад – Пархад, сифат – сипат, фәлсәфә – пәлсапа. Яғни В әрпін У-ге, Ч – Ш, Ц – С, Ф – П, Б алмастыру үрдісі бар. Әрине бұл мысалдармен осы төрт әріпті мүлдем алып тастайық деген ойдан аулақпын, себебі қаншама жылдар бойы қолданыста боп келгендіктен тіліміздің айнымас бөлігі іспеттес болып кеткен, бірақ дегенмен де егер ол табиғи болмысымызға, қазақилығымызға әсері бар болатын болса, онда осы жағын ойлану керек дер едім. Өйткені мақсат рухты жаңғырту, тілді жаңғырту. Мысалы Абай жолын оқып отсаңыз керемет тілді, нағыз қазақ тілін көресіз. Сол кездің қазақтарының бұл әріптерді қолданбағанын, тілі келмегенін немесе оны жанамалап басқа дыбыстармен алмастырғанын көреміз. Яғни бұл әріптер қазаққа тән болмаған және біз оларды кірме сөздер ретінде қабылдап алдық, көбіне сырт елдің әсіресе орыс тілінің ықпалына түстік…
Ал төл дыбысқа қатысты сегіз әріптің мәселесінде, үш дауыссыз дыбыстың өрнектелуі бірінші нұсқа бойынша өте дұрыс болған еді, яғни Қ – Q, Ғ – Gh, Ң – Ng. Бір дыбысты айту үшін екі әріпті қосу әлемдік тәжірибеде бар және сол ағылшындардың өздерінде де бар: Sh, Ch, Th. Бір ғана қосатын толықтыруым, егер осы әріптер бір-бірімен өзара қатар келгенде біреуінің түсіп қалуы. Себебі екі бәрдей әріп қатар келіп, тек қаттылау мағынасын бермей басқа мағынада келсе, оны бірге жазу дөрекілеу, түсініксіздеу болады. Мысалы: шаңғы, қараңғы, оңға, астыңғы сөздері сәйкесінше shangghy, qarangghy, onggha, astyngghy емес, shanghy, qaranghy, ongha, astynghy боп жазылады. Оқығанға да, жазылуға да түсінікті.
Дауысты дыбыстарды латынша өрнектемес бұрын мына жағдайды ескере кетсек деп ойлаймын. Біз айтып отырған бес дауысты дыбыстың төртеуі жіңішке дыбыстар екен: Ә, Ө, І, Ү. Яғни бұл жердегі мәселе — дыбыстардың жіңішкелігі. Латынша өрнектеген кезде неге осыларды аналог ретінде қарастырмадық, жуан дыбыстардың аналогі ретінде. Мысалы, араб тілінде осыған ұқсаған ереже бар. Олар біздегі секілді У дыбысын бір әріппен өрнектейді және оқылған кезде маңындағы буындарға байланысты жуан Ұ немесе жіңішке Ү-ге озгеріп оқылады. Дәл сол сияқты А әрпі мен Ә әрпі, жіңішке дыбысталатын жерде Ә, жуан дыбысталатын жерде А, бірақ ортақ А таңбасымен жазылады. Ал И әрпі мен Ы әрпі де осы санатқа жатады, бірақ оны біз төл әріптерге қатысты ережеде қарастырып жатпағандықтан ол туралы да ары қарай түсіндіре кетемін. А, Ә = А. У, Ү, Ұ = U өрнектегенде мысалмен келтіре кетсем, sabiz, daliz, atesh, salem сөздерінің бәрі жіңішке буынды сөздер сондықтан А деп жазылған латын әрпі I, E жіңішке әріп тірегімен еріксіз Ә боп оқылады. Бұл бір қарағанда үйреншіксіз, бөтен көрінгенмен, жазылғанда, қолданғанда сөз бен сөйлем арасында келгенде, бәріміз түсіне алатын боламыз және оқи аламыз, басты мәселе осы. Онсыз да, қазіргі кезде ғаламтор беттерін, әлеуметтік желілерді пайдаланатын азаматтарымыз, жастарымыз осындай әдісті пайдаланып жүр, өйткені жеңілдікті, мобильдікті қалайды. Ал біз болсақ неге бұл әріптерді үтіршемен белгілеп күрделендіріп жібердік, түсіне алар емеспін. «’» белгісі көп жағдайда әлемдік тәжірибеде әріптерді, буындарды жақындату, дауысты дыбысты қысқарту, жұтып жіберу деген мағынаны бермей ме: әлемнің дамыған елдерінде көбіне дауысты дыбысқа байланысты пайдаланылады. Енді, бір беттік мақаланы ойлап қараңыз қандай көрініс алатынын… Бұл әлбетте түсініксіз. Мұндай графикасы бар көршілес өзбек елі әлі кирилл әрпімен қатар ақсап келе жатыр. Біз, әлемдік жаңалықтарды, ақпараттық технологияларды, автоматтарды үйренуіміз жеңіл болады, оны тездетеді деп бұл мәселеге прогрессивті келген жоқпыз ба? Дегенмен жаңа әліпбиде ешқандай сабақтастық жоқ екенін тағы бір рет айтқым келіп отыр, мысалы Y’ әрпі қандай принципке, жүйеге негізделіп шығарылды екен. У әрпін біз ескіше У деп қолдандық, оның енді жаңасын әлемдегі елдерше Ы дыбысына сәйкестендіруіміз керек еді бірақ үтіршемен қайтып У деп қойдық. Біреусі У, біреусі Ы, үтіршемен ажыратылған. Менің ойымша бұны жасап шығарған адам жалпағымен ұрған сияқты, әйтпесе қалай айтамыз басқаша?! Құрметті ғалымдар, осындай мәселені шешіп дұрысына келтірейік, себебі бұл ертеңгі ұрпақтың, жас буынның дамуына, өркениеттілігіне апаратын жауапты, шешуші сәт!
Енді, У, Ү, Ұ әріптерінің орнына латынша ортақ U әрпі белгіленді, яғни, дауысты дыбысқа байланысты сөз соңында, басында немесе ортасында У, жуан дыбысты болған кезде – Ұ, жіңішке – Ү: uaqyt, uyldyryq, bauyr, qauyn, jaghalau, saylau, jasulan, qulyp, tayburyl, samuryq, kunshyghys, jurek, ustem, ulken, kulekesh және т.б.. О – жуан, Ө – жіңішке әріптерінің орнына ортақ О: otynshy, boran, topalang, oysylqara, daraboz, qaragoz, botagoz, kone soz, soylem, koylek, korkem, Tolegen т.б. Ы – жуан, И – жіңішке әріптерінің орнына ортақ Y, ал І төл әрпіміз латынның I әрпіне дәлме-дәл болады. Неге бұлай болғанын түсіндіретін болсам, жоғарыда айтқандай араб тілі осы әдісті қолданады дедім және бұл әдіс керек десеңіз ағылшын тілінде де бар. Мысалы: my, why, sky, style, yellow, yesterday, ready, quickly, history, twenty – жіңішке И қолданса, system, symbol, mystery, symphony, myth – жуан Ы қолданады, араб тілінде كِتَابَ , شَدِيدً , عِلْمٍ — жіңішке И, قِسْطِ , خِتَامُهُ , سُطِحَتْ — жуан Ы, бірақ екі жағдай да ортақ «кәсрә» белгісі, яғни И – إِ
Өздеріңіз байқап отқандай, кейбір сұрақтар да туындауы мүмкін, бұл тәртіпке, жүйеге бағынбайтын сөздер де бар деп, әлбетте бар, көбіне олар біріккен не кірме сөздер болып келеді яғни үндестік заңына бағынбайтын сөздер. Ал бұл сөздерді саналы адам, қазақ тілін білетін адам түйсікпен оңай оқи алады. Өйткені бұл әлемдік тәжірибеде болып жатқан құбылыс. Ағылшындар бір сөзді жазады да басқаша оқиды, ал өздері түсінеді, шет тілді адам, жаңадан оқып жүрген адам түсінбеуі мүмкін. Дәл осы сияқты үрдіс араб, парсы тілдерінде де бар, жазылуы бірдей екі сөз маңындағы сөздердің мағынасына қосылып оқылғанда екі бөлек ұғым беруі мүмкін. Яғни түсінікке, менталитетке келіп тіреледі: baspasoz, kokqutan, ytmuryn, egeuquyryq, tekesaqal, qaraqurt, Temirqazyq, jetiqaraqshy, Kokbozat, Aulyeata, toqishek, alaokpe, kisenashqan, segizayaq, kasiporyn, shekara, engbekkun, qystyguni, aneuguni, qaysybireu, arqaysysy, aqtobe, besjyldyq.
Қорытындылай келгенде әліпби былай тізбектелмек:
Кирилл | Латын | Кирилл | Латын | |
А, Ә* | A | О, Ө* | O | |
Б | B | П | P | |
В | V | Р | R | |
Г | G | С | S | |
Ғ | Gh | Т | T | |
Д | D | У, Ұ, Ү* | U | |
Е | E | Ф | F | |
Ё | – | Х, Һ | H | |
Ж | J | Ц | C | |
З | Z | Ч | Ch | |
И, Й,* Ы | Y | Ш | Sh | |
К | K | Щ, Ъ | – | |
Қ | Q | І | I | |
Л | L | Ь, Э | – | |
М | M | Ю | Yu | |
Н | N | Я | Ya | |
Ң | Ng |
* транскрипциясы, міндетті емес, жазылмайды (түсінік үшін):
Ә [Ä]
И, Й [Ÿ]
Ө [Ö]
Ұ [U]
Ү [Ü]
Мысалы: baspasoz [baspasöz], kokqutan [kökqutan], egeuquyryq [egeuquÿryq], Aulyeata [Äulÿeata], kasiporyn [käsiporyn], engbekkun [engbekkün], qystyguni [qystygüni].
Классикалық жүйемен:
A | B | C | D | E | F | G | H |
I | J | K | L | M | N | O | P |
Q | R | S | T | U | V | Y | Z |
Диграфтар: Ch Gh Ng Sh
Жоғарыда айтқанымыздай Ә, Ө, Ұ, Ү, І – дауысты дыбыстарына әліпбиде арнайы реттілік, таңба берілген жоқ, соның тағы бір дәлелі ағылшын тілінде де Ә, Ө, Ң – дыбыстары ауызекі тілде қолданады екен, бірақ жазғанда екі-үш әріптің араластыруымен өрнектейді: early [ө], burn [ө], turn [ө], bird [ө], first [ө], bad [ә], computer [ә], funny [ә], happy [ә], long [ң], strong[ң], tongue [ң].
Бұл жерде байқағанымыздай X, W әріптері жоқ, себебі олардың дыбысталуы, қолданылатын аясын ескерсек, бізге оның сәйкес келмей тұрғаны анық.
Латын қарпіне көшудегі біздің мақсат: заманауи шынайы мәселелерді ескеріп, өткендегі кеткен қателерді түзеп, мобильді, үйренуге, тілге жеңіл сонымен қатар оның табиғи болмысын сақтаған қаріп жасау. Елбасымыздың тілге жасап жатқан жанашырлығынан, біздің осы жолғы әліпбиді жауапты атқаруымыз адал парызымыз болар.
Әнуар Бердібек