Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің басшысы, елдің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, сүт өнімдерін шығаратын «Ақ сүт» компаниясының, «Куликовский» кондитерлік кәсіпорнының және ірімшік өндіретін «Эмиле» компаниясының кей өнімдеріне тыйым салынған. Осыған дейін Қазақстан қырғызстандық «ТМ Риха», «Вимм-Биль-Дамм» компанияларының өнімдерін импорттауды тоқтатқан.
«Былтыр қырғыз өнімдерінің төрт пайызы техникалық регламентке сәйкес келмесе, биыл бұл көрсеткіш он пайызды құрады. Яғни, өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігі екі жарым есеге төмендеді», – деді Жандарбек Бекшин.
Бас санитар дәрігер қырғызстандық өнім өндірушілер тауарды Қазақстанға контрабандалық жолмен енгізуді де тоқтатпай отырғанын да атап өтті.
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстан тарабы қазанның 21-і мен 28-і аралығында «заң талаптарын бұзғаны анықталған» 100 тоннадан аса өнімді ел аумағына өткізбей қойған.