Бата – қазақ халқының дінімен біте қайнасқан дәстүрінің көрінісі. Қасиетті дінімізде Жаратушыдан дұға арқылы медет тілесе, дәстүрімізде бата арқылы жақсы ниет, ықылас білдіріледі, тілек айтылады. Оны көпті көрген, ортасына сыйлы, аузы дуалы, батагөй қариялар береді.
«Азасыз бата — мазасыз», «Баталы құл арымас, Батасыз құл жарымас», «Баталы құлға бақ қонар», «Бота алғанша — бата ал» сынды мақал-мәтелдер батаның қандай құндылыққа ие екенін көрсетсе керек. Олай болса, батаның тілектен айырмашылығы қандай? Бұл туралы филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлы былай деп жазады:
«Тілек пен батаның ерекшеліктерін айта кетейік. Ақ батаны екінің бірі емес, тек қана батагөй ақсақал алқалы топтың атынан қалыптасқан формулалы өлеңді пайдалана отырып беретін болса, керісінше кез келген қарапайым адам қандай бір істің үстіне тап келгенде оң ниетін білдіру мақсатында жаттап алған тілек сөздерін есіне түсіріп, шама-шарқынша айтатын әдет бар. Батаның көлемі недәуір үлкен, құрылымы күрделі болса, тілектің көлемі қысқа, бір-екі жолдан құралған ырғақты қара сөз немесе тақпақтан тұрады. Бата аяқталғанда қалың қауым бір ауыздан «Әумин. Айтқаныңыз келсін!» деген сөздерді айтып қошамет-қолдау білдірсе, ақ тілекті естіген адам оған қарымта жауап қайтарып, көңіл-күйін жедел білдіруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, тілек екі адамның диалогі ретінде орындалады. Мысалы, айтылған ақ тілекті қабыл алушы «Айтқаныңыз келсін», «Аузыңа май, астыңа тай», «Өз басыңа да сол келсін», «Құдайдың құлағына шалынсын», «Алла разы болсын» деген дағдылы жауаптарды береді. Тілек тұрақты қайталанатын қасаң тіркестерден құралады. Оның мағынасы сол атқарылып жатқан іспен тікелей үйлесіп тұрады. Мысалы, ауыл жаңа жұрқа қонғанда «Қоныс жайлы, кереге басы майлы болсын!», жолаушы сапарға аттанғанда «Жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын!», аңшыға «Қанжығаң қанды болсын!», шам жаққан балаға «Көзіңнің оты жансын! Балаңның аты – Таңжарық болсын!» т.б тілектерді айту дәстүрге айналған».
Халқымыз батаны берілетін жағдайына қарай бірнеше түрге бөлген. Олар: нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, сапар бата, жастарға бата, сүндет той батасы, Наурыз батасы, Ораза айт батасы, жарапазан батасы және тағы да басқалары.
Қазақтың бата сөзінің шығу тегі туралы этнограф ғалымдардың пікіріне жүгінсек: «Ата-бабаларымыздың өсиет батаның шығу тарихы әлі терең зерттелген жоқ. Алайда бірқатар тіл мамандары: «Бата – арабтың «фатеке» деген сөзінің қазақша айтылу түрі», – дейді. Яғни, бата – фатекенің мағынасы: алғыс айту, ақ ниет, ақ тілек білдіру. Ақ бата – ұлтымыз үшін теңдесі жоқ асыл сөз.
Ел арасында би-шешендеріміздің, айтулы тұлғаларымыздың ауыздан-ауызға тарап жүрген баталары бар.
Райымбек батырға анасының берген батасы
Райымбек батыр Сәди деген қариямен жылқы баққанды жақсы көрген. Бірде жылқышы ақсақал ел амандығын білу үшін ауылға түседі. Сонда Ханкелді, Бақай, Сатай, Бөлек, Рыскелді, Аралбай, Тілеуке, Биеке, Қожағұл батырлар Жетісу өңіріндегі жоңғар қалмақтарынан қорлық көрген қазақтарды соңынан ертіп, жауға қарсы аттанғанын естиді.
Бұл туралы құлағдар болған Райымбек түн қатып анасына келіп, атасы Ханкелдінің сонынан баруға рұқсат сұраған екен:
— Айналайын, анажан,
Рұқсатынды бер ана.
Кеткен қолдың артынан,
Мен де жетіп барайын.
Қалмақтан кекті алайын,
Қайтпасын менің талабым.
Жаратқан ием жар болса,
Жауға ойран салайын.
Егер шамам келмесе,
Халқым үшін, жан ана,
Мен құрбандық болайын.
Менің жасым он бестен,
Он алтыға асып тұр.
Көкойнағым ат болды,
Үйретін бұған өнерді,
Көнілім судай тасып тұр.
Жас бала деп жан ана,
Өңіңіз, сірә, қашып тұр.
Рұқсат ет, жан ана,
Жол басуға Көкойнақ
Ұшқан құстай басып тұр.
Батаңды бер жан ана,
Нағашы атам сыйлаған,
Құралымды тағы бер,
Көпқе олжа салайын,
Осы жолдан тоқтатпа,
Қайтпасыншы талабым.
Артынан барып атамның,
Араласып қалайын.
Жәрдем болса жаратқан,
Медет тілеп пірлерден,
Жауға ойран салайын.
Қазақты болды құлданып,
Қалмақтан қекті алайын.
Атам кетіп қалыпты,
Неге мұнда қалайын.
Сыртынан жүріп атамнын
Жаудан қорғап алайын.
Сонда анасы:
Қолынды жай, құлыным,
Жәрдем болсын құдайым.
Медет тілеп пірлерден,
Жаратқанға жылайын.
Ғайып ерен, қырық шілтен,
Адасса жолға салып жүр,
Сыртыңнан қорғап бағып жүр
Су атасы Сүлеймен,
Пәлекеттен қағып жүр.
Тым болмаса құлыным,
Кемел жасқа келмеді.
Жауға аттанып барасың,
Анаңнын құрттың шарасын.
Қалмақтан кеқті алдырып,
Жазғайсың көңіл жарасын.
Сескенбей жүр, шырағым,
Атаңа жетіп барасың.
Жаратқан ие қолдасын,
Жолбарыс болсын жолдасың!
Аллаһу Ақпар! — деп батасын беріп, баласын жолға шығарып салыпты. Бұл — сапар батасының озық үлгілерінің бірі.
Мендікеұлы Шәңкінің Бөлтірік шешенге берген батасы
Дауда жалдап өткіздім,
Ат орнына шапанды.
Он жеті жаста әкеміз,
Жасанған жауды түсіріп,
Астынан алды тұлпар ат,
Үйірлеп жылқы айырып,
Жаудың бетін қайырып,
Атақты батыр атанды.
Көңілімді көтеріп,
Тәңірі өзі берер деп,
Берейін саған батамды,
Жай қолыңды, Бөлтірік,
Аққа қойып ниетіңді.
Қадірлі бол халыққа,
Қайырмасын бетіңді.
Арыстандай бетті бол,
Дұшпанға сөзің өтімді.
Дәулетің мен бақытың,
Жетсін жеті ұрпаққа,
Пешенеңе берген секілді.
Алтын ерлі ақбоз ат,
Астыңда сенің арысын,
Қолаң шашты, қой көзді,
Алғаның бірге жасасын.
Көптің алып алғысын,
Бақыт, дәулет дарысын!- деген екен шешен алақанын жайып.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының берген батасы
Соғыс аяқталған соң, Бауыржан Момышұлы Бішкек қаласына әскери қызметке жіберіледі. Ол жолшыбай өзінің туған жері – Жуалы ауданында (Жамбыл облысы) 4-5 күн аялдайды. Батыр ағамыздың жанына облыстың, ауданның біраз басшы қызметкерлері еріп жүреді. Ауыл ақсақалдарымен бірге жақсы сөзге жаны құмар жастар да Баукеңнің әңгімесін тыңдайды.
Сапарының соңғы күні Баукең жалғыз баласы соғыста қаза болған қасіретті қарияның бірінің үйінен дәм-тұз татып шықпақшы болады. Қанша үйдің дәмін татса да, астан кейінгі бата беруді ауыл ағалары атқарады. Енді елден аттанар алдындағы дәм-тұздың батасын беруді жұрт Баукеңнен өтінеді. Баукең сәл ойланады да, тебірене түсіп, былайша термелеп кетеді:
Е, Жаратушы жасаған!
Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды кәміл ет,
Дозақтағы оттан сақта,
Қаңғырған оқтан сақта,
Парақор соттан сақта.
Кірлі сумен жуыстан сақта,
Ынтымақсыз туыстан сақта.
Қара жүрек батылдан сақта,
Дәйексіз тіл тақылдан сақта.
Адалдықты арбаған ақыннан сақта,
Ашу жеңген ақылдан сақта,
Қайырымсыз жақыннан сақта.
Қате ісіне қиналмас,
Көк долы қатыннан сақта.
Халықты зәбірлер бастықтан сақта.
Жақынға жала жабатын
Қанқұйлы қастықтан сақта.
Сырты сұлу, іші кір,
Қадір білмес пасықтан сақта.
Өз пікірі татымсыз,
Кісі ақылымен күн көрер,
Татымы жоқ жасықтан сақта.
Несібе кесер кесірден сақта,
Жолы лас жесірден сақта.
Кеудесін керген келіннен сақта,
Мезгілсіз келген өлімнен сақта.
Жалқау бала намыссыз,
Ожданы жоқ ұлдан сақта.
Түнере атқан таңнан сақта,
Жаңбыры жоқ шаңнан сақта.
Әкімінде шапағат жоқ,
Әділдікте шарапат жоқ,
Молдасында шариғат жоқ,
Байларында салауат жоқ,
Кедейінде қанағат жоқ,
Үлкенінде ұлағат жоқ,
Кішісінде инабат жоқ,
Азаматында ар-ұят жоқ,
Көршісінде қошемет жоқ,
Қариясында бата жоқ,
Сөздерінде пәтуа жоқ,
Құр айқай, шат-шәлекей даңнан сақта.
Е, Жартушы жасаған!
Өмір берсең – жайлығын бер
Дәулеті мен байлығын бер.
Еңбегіміз өністі болсын,
Қамбамыз жемісті болсын.
Көсегеміз көркейіп,
Мыңғырған мал өріске толсын.
Қарияны кемел, сыпайы ғып бер,
Ағаларды райлы ғып бер,
Апаларды мейірлі ғып бер,
Жезделерді зейінді ғып бер,
Құдағиды кең пейілді ғып бер,
Қарындасты көрікті ғып бер,
Інілерді бөрікті ғып бер.
Әйелді ақ некелі ғып бер,
Баланы қаны толық шекелі ғып бер.
Жиендерді жетелі ғып бер,
Күйеулерді көшелі ғып бер,
Екі айтпайтын еселі ғып бер,
Келіндерді келісті ғып бер.
Қыздарды бақытымен
Ұрпағы көп өрісті ғып бер.
Аттарды желісті ғып бер,
Ағаштарды жемісті ғып бер,
Төскейде төл көбейсін.
Жайқалтып дала егісті ғып бер,
Дәні толық өністі ғып бер.
Ұрпақтарды намысты ғып бер,
Тұлпарды шабысты ғып бер.
Иә, жомарт Жасаған!
Айтқанымның барлығын,
Ағайынды ақаусыз
Өнегелі өмірмен тату-тәтті,
Табысты ғып бер!
Әумин!
Соқыр Абыздың батасы
Қошқарұлы Жәнібек жас кезінде Қаракерей Соқыр Абыздан бата сұрай барғанда ол кісі былай депті:
Белбеуің белдеуіңде байлаулы болсын,
Қазаның ошақтағы қайнаулы болсын.
Есігің ашық болсын: Қабағың жазық болсын.
Сонда ағайының кетпес қасыңнан.
Жақыныңа бұрмай төрені түзу бер,
Сонда қаумалаған халық кетпес қасыңнан!
Төле бидің батасы
Жастарға берілген баталардың ішінде Төле бидің тоқсаннан асқан шағында берген батасы да ел есінде.
Бірде бір топ жас жігіт бата сұрап бидің алдына жүгініпті. Төле жарықтықтың тоқсаннан асқан кезі екен. Топ басшысынан:
– Анауың кім, мынауың кім? – деп сөзге тартып, былай депті. – Жас кезде адам кәрілікті аңсайды. Өйткені әркімнің көп жасағысы келеді, әркім дүниенің қызығын, артта өсіп келе жатқан бала-шағаларының, ұрпағының азамат боп есейіп, елге қызмет еткенін көруге асығады. Ол дұрыс та ғой.
Кәрілік әр адамға әртүрлі жолмен жетеді. Ең жақсысы – бойыңнан күш, аузыңнан сөз кеткенде сені құрметтеп, сыйлайтын елге қадірлі ұл-қызың болса, қарт кісінің ар-намысы, адамшылық парасаты жойылмай, кісілігінің төрт көзі бойынан табылса, жақсы. Мұндай жағдайда жүз жас та көп емес. Одан кейінгі бәрін реттеп, жөндейтін ең керектісі – денсаулық.
Дүниеде кездеседі, кездесіп те жүр, қайсыбір жанның адам айтса сенбейтін жақсылығы болады. Оның жолына жаныңды қиғың, немесе, жаныңнан кейінгі қымбат мүлкіңді сыйлағың келеді. Ол екеуін де алмайды, алғанды ар көреді. Тек шын көңілімен өзі қасиет тұтқан кісінің, не қасиетті қара шаңырақ иесінің батасына ынтығады.
Осылай дей келіп Төле би бабамыз әлгі келген жастарға «қолдарыңды жайыңдар» дейді. Олар қарсы алдына шөкелей отыра қалып, қолдарын жаяды:
– Көздеп арман асқарын,
Талпын алға, жастарым.
Қонар жерлерің ой болмасын, дөң болсын,
Етек-жеңдерің кең болсын,
Түндей түнерген жандарға,
Айтқан сөздерің ем болсын.
Ұрпақтарың көбейіп,
Елге қосылған ел болсын.
Мақсаттарыңа жеткенше
Маңдай терлерің сел болсын.
Ия, аруақ, қолдай гөр,
Ия, Құдай бере гөр.
Берсең, жаздай бер,
Жаздай берсең, жазбай бер.
Берсең, күздей бер,
Күздей берсең, үзбей бер.
Берсең, қыстай бер,
Қыстай берсең, қыспай бер.
Берсең, көктемдей бер,
Көктемдей берсең, көптен бер.
Жастарым, көктеңдер.
Кәрілердің көңілін тауып, ептеңдер. Әумин – деп сақалын сипаған екен.
Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.