Айшолпан Нұрғайыпқызының дәрігер болсам деген арманы жуық арада орындалмақ. Моңғолия премьер-министрі У.Хүрэлсүх бейсенбі күні бүркіт баптап танымал болған қазақ қызы Айшолпанды қабылдады.
Таяуда ғана ол Азияның «Asia Game Changer Awards 2017» марапатын жеңіп алған болатын.
«Бүркітші қыз» фильмі — тамаша туынды. Сіз әйелдерге тән ерекше ерлік пен батылдықты, төзімділікті танытып, Моңғолияны әлемге таныттыңыз», — деді премьер-министр жас қызды бүкіл Министрлер кабинетінің атынан құттықтап.
Премьер-министр, сондай-ақ Айшолпанның ата-анасына осындай инабатты қызды тәрбиелеп отырғаны үшін алғысын білдірді. Айшолпан Моңғолия премьер-министріне дәрігер болуды армандайтынын айтты.
Ал фильм экранға шыққан соң, бүркітші қыз Гарвард және Оксфорд университеттерінен шақыру алды. «Кинода ойнау қызықты болса да, мен дәрігер болуды армандаймын», — деді ол премьер-министрге.
Айта кетейік, бүркітпен аң аулау – ер адамның ісі деп қабылданғандықтан, фильмді түсірушілер ауыл ақсақалдарына барып, әйел адам неге айналыса алмайтынын анықтауға тырысыпты. Ал Айшолпанды бұл іске әкесі Нұрғайып баулыған екен. Сонымен қатар Отто Белл аңды ұстағандағы кей көріністерді көрермен дәстүрді білмей, дұрыс түсінбей қалуы мүмкін деген оймен қысқартқанын айтқан.